Әлеумет

Жаңару мерекесі

Елордада Наурыз мейрамына арналған ауқымды іс-шаралар қаланың барлық негізгі алаңдарында өтті. Атап айтқанда, қала әкімдігі алдындағы алаңда, «Қазақ елі» монументі маңында, «Астана Арена» стадионының автотұрағында, «Ататүрік» паркінде, Astana Music Hall автотұрағында және EXPO аумағында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Негізгі алаңдарда ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары ұсынылатын фуд-корттар мен жәрмеңкелер жұмыс істеді, шеберлік сағаттары көрсетілді. Спорт әуесқойлары үшін қазақша күрес, садақ ату, гір спорты, қол күресі, асық ату бойынша жарыс­тар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Дәстүрлі ойын-сауықтармен қатар, биыл елорда тұрғындары мен қонақтары алғаш рет роботтар мен жасанды интеллект элементтері бар ерекше интерактивті аймақтарды тамашалады. Қонақтар цифрлық іс-шараларға қатысып, инновациялардың ұлттық дәстүрлермен қалай үйлесетінін көрді.

Есіл ауданында тұрғындар мен қала қонақтары EXPO аумағында арнайы заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып безендірілген киіз үй жұмыс істеді. EXPO аумағы ұлттық этно-стильде шағын сәулеттік формалармен – тайқазан, аркалар, шаңырақ, қобыз бейнесіндегі шатыр­лар және қазақ мәдениетінің басқа да элементтерімен көркемделген.

EXPO халықаралық көрме орталығы аумағында орналасқан «Заң мен тәртіп» тақырыбындағы киіз үйі іс-шаралардың негізгі орталықтарының біріне айналды. Бағдарлама құқықбұзушылықтың алдын алу, киберқауіпсіздік және салауатты өмір салтын насихаттау бағыттарын қамтиды.

Келушілер үшін QR-код арқылы қолжетімді оқу материалдары бар кибергигиена бойынша тестілеу, киберқауіпсіздік пен нашақорлықтың алдын алу тақырыптарында дәрістер, қазақ және орыс тілдерінде Kahoot викториналары ұйымдастырылған. Сонымен қатар заманауи технологиялар көрсетіліп, робот-ит пен полиция дроны таныстырылды.

Сондай-ақ жүздеген қала тұрғынының қолымен жасалған «Ұлы дала аруы» арт-инсталляциясы ұсынылды. Жобаның авторы – шебер Рахима Берген. Ол 3250 шаршыдан жасалып, Қазақстанның барлық өңірін білдіретін 17 күн шапағын құрады. Әр элемент жеке шаңырақты бейнеледі. Жоба әкімдіктің қолдауымен жүзеге асып, тек фотоаймақ қана емес, дәстүр мен шығармашылық арқылы адамдарды біріктіретін ерекше кеңістікке айналды.

Басты сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама өткізілді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button