
Әлімсахтан Әлем билеушілерінің қасында ақылшы, билері болғандығы тарихтан мәлім. Қазақтың атақты билері Майқы Шыңғыс ханның, Едіге Тоқтамыс ханның, Асан қайғы Алтын орда ханы Ұлұғ Мұхамедтің, Жиенбет Есім ханның, Әнет баба Әз Тәуке ханның, Бұхар Абылай ханның ақылшы-кеңесші билері болғандығы туралы деректер соның айғағы.
Хандар билеген дәуірдегі Қазақ халқынының аймақтық құрылымын басқарудың заңдық жүйесінің негізін құраған «Есімханның ескі жолы», «Қасымханның қасқа жолы» мен «ӘзТәукенің жеті жарғысының» түп тамыры әйгілі Төле бидің, Қаз дауысты Қазыбек би мен Әйтеке билер бастаған әр аймақтың өзіне тән абыз билерінің көреген ақыл-ойының даналығымен жасалғандығына тарихтың өзі куә. «Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің ары бар». «Елге бай құт емес, би құт» деген даналық сөздер соның айғағы.
Адамзатқа ортақ, өзгермейтін қағидаға айналып, жан біткенді тағдырына табындырған «Өмір» деп аталатын дара жол бар. Сол өмір жолы әр адамды ұрпағымен жалғастырып, ғұмырнамалық тарихқа айналып, тіршілік атаулыны адамдардың ақылымен басқартып, өз алдына бір әлем болып, таң ғажайып құбылысты құрайтындығына көзіміз әбден жеткен.
Қазақ халқының Алтайдан Атырауға дейінгі ұшқан құстың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тоғып жететін ұлан ғайыр Ұлы Даланы ежелден мекендеген көшпелі ел деп аталып, ғасырлар бойы дара тұлғасы болған даңқты билері қалыптастырған Далалық өркениеттің қағидасымен өмір сүргендігі баршаға ақиқат. Түбі бір түркі елдерінің ішіндегі өздеріне ғана тән әдет-ғұрып, салт дәстүрді ақыл-ой, санасының төрінде ұстап, баянды тіршіліктің тұрлаулы құралы ретінде пайдаланып, бір ауыз аталы сөзге тоқтап, далалық өркениеттің заңдарын ұсынған да сол данагөй билер болған. Әйгілі би Әнет Баба Кішікұлыны «Адалдыққа жақ бол, арамдыққа жат бол» деген өсиетін ұстанған Абыз билер алқалы топта билік айтумен қатар, ел басқару ісіне де үнемі белсене араласып, адалдықтың ақ жолымен қос тізгінді қатар ұстап, тура жолдан таймай үстемдік пен озбырлықтың, қиянат пен қаскөйліктің жолын кесіп, ел-жұртын небір аласапыран қиындықтан өзі бастап алып шығып отырған. Дана билер ел ішін ішкі даудан қорғаса, қас батырлар ел іргесін сыртқы жаудан қорғаған. Батырлар да билік тізгінін қатар ұстап, ұлт тағдырына ара түсіп, әділ шешімді билік айтып, төрелік құрған. Қалың қазақ елі өз өңірлерінде Алланың ақ жолынан таймаған, дүние танымы терең, санасы саңлақ, даналығы дараланып шыққан билерді ерекше құрмет тұтып, БиАта деп атаған. Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке билер Ұлы билер деген мәртебе алып, ұлтымыздың рухани көсемі атанса, әрбір өңірдің өзіне тән тарихи тұлғасына айналған қайраткер билері ұлттық құндылықтардың тамыршы, көріпкелі дәрежесіне көтерілген,
Билер тағайындайтын жаза түрлері мен төрелік шешімдер билер алқасының қатысуымен қазақ хандары бекіткен жарғылардың пәрменімен тағайындалғандығы тарихтан мәлім. Билердің тағдыр таразысында ел дауы, жер дауы мен жесір дауынан бастап, баспа бітім барымтаға дейінгі талас-тартыстың бәрі талқыға түсіп, өз шешімін тауып отырған. Қара қылды қақ жарып, әділетті шығарылған төбе билердің шешімдері әділдікке жүгінген жәбірленуші мен жәбірлеушінің ғана емес, жалпақ жұрттың рақымшылығына бөленіп, ру арасындағы араздықты ауыздықтап, ел арасын тыныштандырудың, ынтымақ бірлікті сақтап, ел іргесін бекемдеудің қуатты құралына айналған. «Тура биде туған жоқ» деген ұстанымнан айнымай, ақылы дария, ауызы дуалы, сұңғыла шешен билер өз үкімдерімен ханды да қараны да қатар қойып, тәубасына келтіріп, тентекті тезге салып, асауды аттан түсіріп, халықтың ажырамас тұтастығын сақтаған. Билердің шығарған үкімдері бұлжымай орындалып отырған. Билер өз төрелігінде күштік құрылымдар ретінде пәрмен беретін тергеушінің де, айыптаушының да тіпті адвокаттың да міндетін бір өзі атқарып, ар-ожданға арқа сүйеп, ақиқаттың ақ жолымен лайықты жазаны бір өзі таңып беріп отырған. Қазақ даласында түрменің болмауын, хандар бекіткен жарғыларға сүйеніп, билер тағайындаған бұлтартпас жазаның өз заманына сай жұртшылық талабын қанағаттандырғандығы деп түйіндейік. Дәл осы тұста сот саласының ардагері Өмірсерік Сағындықұлының «Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» деген зерттеу еңбегінде еліміздегі бүгінгі сот жүйесінің ежелгі билер мектебімен байланыста екендігіне тарихи тұрғыда дәйектеп берген.
1822 жылғы Александр Патшаның жарлығымен Қазақ даласында хандық билік жойылып, жаңадан енгізілген Аға сұлтандық биліктің бір тармағы болған болыстар сайлауы енгізілгенде әр болыстық бойынша 10-ға дейін халық билері қоса сайланып, болыстық құрылымның басқару құрамына енгізілген. Ардың жүгін арқалап жүріп, ел жұртын аузына қаратқан айбатты билердің бір-бірін бағалаған аталы сөздері халық арасында ұлағатты өнегеге айналған. Қазақ даласын Жоңғар шапқыншылығынан қорғап қалып, дербес мемлекет құрған Абылайханға Бұхар жырау:
Ай, Абылай, Абылай,
сен мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға
Қызметкер болып тұр едің.
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан құл едің» деп дат айтса, өз заманында «Көмекей әулие» атанған Бұхар туғанда үш жүзге билік айтқан Әнет баба, бала Бұхардың болашағын болжап: «Есімің Бұхар болсын,
Мінгенің тұлпар болсын.
Дауысың сұңқар болсын,
Ісіңе халқың іңкар болсын!» деп» бата берсен Әнет баба, Қараменде туғанда: «Үй баласы ма, деуші едім, ел баласы боларсың. Халқыңның таңы бол, маңдайының бағы бол» деп бата берген екен. Жалаңтөс Құлықұлына, Жоңғардың жебесіне көзін беріп, жерін жаудан қорғап қалған ерен ерлігі үшін ел-жұрты «Соқыр батыр» деп ат берген. Абылайхан өзінің жаужүрек батыры Сеңкібайды «Алтайдың ақиық сұңқары» деп атаса, Жидебай батыр Шабанбай биге «Шаппай жүйрік болған Шабаным, сөйлемей шешен болған Шабаным» деп сүйсінген. Жидебай батырдың ерлігін еске алып, «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай Ер қайда» деп Кенесары Қасымұлы бағаласа, Жидебай батыр, өзінің замандас досы Қараменде биге:
« Тобықтының басы еді Қараменде,
Сирек туар дәл сондай Дара пенде.
Асыл сөзден тең буған мың тоғанақ,
Орта жүздің құты еді Қара көмбе» деп баға берген. Кенесарының ақ жолды батыры Ағыбайға ел жұрты «Ақжолтай » деп ат берген. Осындай қазақ тарихына енген даңқты батыр, дана билеріміздің тұлғалық қасиеттерін тереңірек танып білуге деген тәліміге толы құштарлық ұрпақтарымыздың парызына айналса, ғасырлардан жеткен ата-бабалардың даңқты жолы, бүгінгі билік жүйесіндегі ант байласқан азаматтар үшін бағдаршам болар деген үміттеміз.
Арқаның белімен, Балқаштың көлімен, Бетпақтың даласымен шектесіп жатқан кешегі Қарқаралы дуанының құрамында болған, бүгінгі киелі Ақтоғай ауданы — Алты Алашты аузына қаратқан Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың, халқына қорған болып қол бастаған, дуалы сөздерінен елі бірігіп, дұшпаны ыққан Жалаңтөс батыр, Қараменде би, Сеңкібай би, Жидебай батыр, Шабанбай би, Сана би, мен Ағыбай батырлардың ұрпақтарына әруағы қонған, шылауы дарыған төрт түлігі өрісінде өрбіген, өнегесі мен өнері қатар өрілген өңір.
Ағалық жолды ұстанған Жалаңтөс Құлықұлы Қаракесек руының Сарым тармағынан. Жоңғар соғысында теңдессіз ерлік көрсеткен жаужүрек батыр, көріпкел әулие. Халық арасындағы есімі Соқыр батыр атанған. Киесі Қызыл бүркіт, мінген тұлпары Оқжирен, кие тұтқан заты қой асығы, нағашысы Қанжығалы Бөгенбай батыр. Баянауыл Қарағанды өңірін жоңғардан азат ету кезінде көзіне қадалған найзаны жауынгерлері ала алмағанда, өзі суырып алып, соғысты жалғастыра берген. Жерленген жеріндегі өзенге де Соқыр деген ат берілген. Кіндігінен 3 тайпа ел тараған. Жазғы жайлауы Нұраның бір тарауы Соқыр өзені бойындағы Соқырдың Сораңы деген жер. Саран қаласының бұрынғы орыны. Батырдың қысқы қонысы Қызылтас тауларындағы батырдың атындағы 3 қорығы болған. Соның бірі Жалаңтөстің Айтқан қорығы. Бас қорығында Бірлестік ұжымшары ашылған. Бұл жер 1990 жылдардың басында Жалаңтөс ауылы деп аталған. Қарағанды қаласының қасындағы мыңдаған адамдардың мүрдесі жерленген мәңгілі қалаға 2022 жылы «Жалаңтөс соқыр батыр қорымы» деп ат берілген. Бұланты шайқасы болған жерге батыр рухына арналып ескерткіш құлпытас қойылған.
Ақтабан шұбырындыда қабырғалы қалың елін Қаратаудан бастап шығып, керегедей керілген Шыңғыстауға алып келіп, Көкше көлге қоныстандырған Қараменде Шахаұлы XVШ ғасырда өмір сүріп, Орта жүздің құты болған Тобықтының Дадан атасынан шыққан ұшқыр ойлы, қара қылды қақ жарған әділ, төре билігімен әулие атанған, қара бүркіт киесіне айналған, заманында мал мен жер, жесір мен ел дауларының бітімін бір ауыз сөзбен бейбіт тындырып, батырды аттан түсірген, тентекті тезге салған, көкірегінде көзі бар, көпке айтар сөзі бар, сөзі соқпақ, өзі нар, дуалы ауыз, қызыл тілдің шебері, шешені атанған атақты би. Өзінің ұстазы Сәдір қожа жерленген Тоқырауын мен Ақтас өзендерінің айрығындағы сақ патшаларының қорған обалары үйілген жерден мәңгілік мекен тапқан. 1993 жылы ұрпақтары ас беріп, мазарын үшінші дүркін жаңартып, қабірін мәрмәрмен қаптап, ескерткіш құлпытастар орнатып, Еңбек кеңшарына Қараменде бабаның аты берілген. 2007 жылы туғанына 300 жыл толуы құрметіне Республикалық деңгейде рухани шаралар өткізіліп, аудандық соттың кеңсе ғимаратына, Балқаш қаласындағы үлкен көшеге мүсін ескерткіші қойылып, Астана қаласындағы бір көшеге аты берілген. Баба мазары тарихи және мәдени ескерткіштердің жергілікті маңыздылығының мемлекеттік тізіміне енгізілген. Екі болыс елді Шыңғыстаудан өзі бастап келіп, қоныстандырған көл жағасындағы Орта Дересін өңірінің Мойынқұм деп аталатын жеріндегі Тораңғы тоғайының шетінде «Бабаң жұрты», «Бабаның күл төккен жері» деген көне қоныс күні бүгінге дейін сақталған. Молдабек Жанболатұлының «Тобықты Қараменде би» деген кітабы жарыққа шықты.
Қарқаралы мен Ақтоғайды ортақ шекара белдеумен жалғап тұрған тіршілік тынысының бауырластық тамырына айналған Қызыларай жұрты он жеті жасынан бастап сауыт киіп, найза ұстап, жауға шапқан Абылайдың айбынды батырының бірі, көріпкел әулие, дуалы ауыз шешен, әділ биі қалың елі қадірлеп Би ата деп, Абылайхан «Алтайдың ақиық сұңқары» деп атаған Қарашор елінің көсемі Сеңкібай бидің мазарына ұрпақтары 1986 жылы күмбез тұрғызып, ескерткіш құлпытас орнатқан. Баба мазары тарихи және мәдени ескерткіштердің жергілікті маңыздылығының мемлекеттік тізіміне енгізілген. 1994 жылы Ақөлке жайлауында Би атаның туғанына 285 жыл толуына арналып ас беріліп, рухани шаралар өткен. Мәкембаев Қалкеннің «Сеңкібай би ата» деген кітабы жарыққа шыққан. Бұланты шайқасы болған жерге батыр рухына арналып ескерткіш құлпытас қойылған.
Даңқты батыр, әділ би, әрі шешен көріпкел, Абылайханның шолғыншы жасағын басқарған, Абылайды ақ киізге отырғызып хан көтеруге қатысқан, Аңырақай шайқасында ерлігімен танылған, қызыл түлкі киесі болған, «Сарыарқадай жер қайда, Жидебайдай ер қайда» деп артында тәлімді сөз қалдырған Жидебай батыр Қожаназарұлының ата мекені сайын далада көкке найзадай шанылған Бектауата тауының баурайы. 1993 жылы бұрынғы Қоңырат кеңшарына Жидебай батырдың аты берілген. Нұра өзенінің бойындағы мазары жаңартылып, туғанына 280 жыл толуына арналып ас беріліп, құлпытас қойылған. 2013 жылы батырдың 300 жылдығы Республикалық деңгейдегі ауқымды рухани шаралармен аталып өтіп, округ орталығындағы алаңға батырдың зәулім қола мүсін бюстісі орнатылған. Батырдың мазары тарихи және мәдени ескерткіштердің жергілікті маңыздылығының мемлекеттік тізіміне енгізілген. Сарыарқаның беліндегі батырдың үлкен баласы Оралбайдың атымен аталатын тау тізбектерінің терең аңғарында Жидебай батырдың Ақшабдар тұлпарын баптаған жер үйінің, шошаласының орны күні бүгінге дейін көне қоныс болып сақталған. Балқаш қаласында үлкен көшенің біріне батырдың мүсін ескерткіші орнатылған. Бұланты шайқасы болған жерге батыр рухына арналып ескерткіш құлпытас қойылған. Зерттеуші, ғалым Әбдуов Мұхаммедқали «Ер есімі ел есінде» деген танымдық кітап шығарған.
Қаракесектің Сарым бұтағынан тараған Шабанбай би Қалқаманұлы қысқа сөйлеп, көп ұғындыратын, көкірегі қазына, ақылға бай, ойы терең, талғамы кең, топшылауы жүйрік, алғыр да тапқыр әділ би, аса қарапайым, мейірімді батагөй тұлғалы адам болған. Жидебай батыр соншалықты риза болып, «шаппай жүйрік болған шабаным, сөйлемей шешен болған шабаным» деп, баға берген. Қыстауы Бегазының баурайында, жайлауы Нұра, Ақсу өзендерінің бойында болған. Жайлауда дүниеден озып, ел-жұрты 1839 жылы мазарын тұрғызған. 1994 жылы ұрпақтары ас беріп, мазарын жаңартып, құлпытас орнатқан. Ұрпағы Байсеркин Қайырбек ақсақал «Шабанбай би» деген танымдық кітап шығарған. Бегазының оңтүстігіндегі Бәйменнің Қарашоқысының теріскейге қараған терең сайында қыста киіз үймен қыстаған жұрты сақталған. Бұрынғы Қаратал кеңшарына Шабанбай бидің аты берілген. Округ орталына Шабанбай бидің ескерткіш бюстісі орнатылған.
Есімі ел аузында аңызға айналып, рухы құрметке бөленген, әулие көріпкел, көш бастаған баба, сөз бастаған шешен, ғажайып құпия күш құдіретімен «Қанатты қара» атанып, «Ел көзіне көрінбей ұшады екен» деген аңызға айналған, аруақ қонған әділ би Сана Қожантайұлы туралы сыншы Қылышбай би:
«Байқаймын мұнау жатқан Бетбақ дала
Көшті бастап барады Сана бала.
Бала екен деп өктемдік жасамағын,
Ақыл шығар түбінде дана бала» –деп баға берген. Сана бидің әділ шешіміне риза болған ағасы Қараменде би: Жарайсың Сана биім.
Адалдық жеткізер мұратқа,
Арамдық қалдырар ұятқа алдыңнан жарылқасын деп деген екен. Сана бабаның көріпкелдігінің бір айғағы, ел жұртына арнап «Дүниеден өткелі жатырмын, Ақ атаныма мені қомдап, бұйдасын түріп жіберіңдер. Атан шөккен жерден маған топырақ бұйырсын деп өсиет етіпті. Мүрдесі өз тілегі бойынша Қарақұланың қасындағы, Тоқырауын өзені жағасындағы жалғыз төбеге жерленген. Зираты үш дүркін жаңартылған. Бұл жер жолаушылардың тоқтап, мінажат етіп, құлшылық жасайтын белгілі орнына айналған. 1994 жылы ұрпақтары, ел-жұрты ас беріп, мазарын қайта тұрғызып, ескерткіш құлпытастар орнатқан. Өмірі туралы деректер Молдабек Жанболатұлының «Шыңғыстау Тобықты шежіресіне» енгізілген.
Ағыбай Қоңырбайұлы Ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшілерінің бірі, Кенесары ханның әскери кеңесшісі, көтеріліс бөлімшелерінің басшысы әрі батыр қолбасшысы болған. Жорықтарда үнемі жолы болып, жеңіске жетіп отыратындықтан Ақжолтай батыр атанған. Көтеріліс аяқталғаннан кейінгі тыныш өмірінде «Үш абыз» деген жерде (Қазаннан татар, Түркістаннан қожа және қазақ мұғалімдері) білімді ұстаздар алғызып, бала оқыттырған. Мүрдесі Бетбақдаладағы Таятқан-Шұнаққа жерленіп, мазар тұрғызылған. Көл жағасындағы бұғаз «»Ағыбайдың Тасаралы» деп аталған. 1992 жылы Айыртау-Сопыда ұрпақтары дүйім жұртқа ас беріп, туғанына 190 жыл толуын атап өткен. Балқаш қаласында батырға зәулім ескерткіш орнатылып, көше аты берілген.
Өткенімізге көз салсақ, көкжиектен атойлап тұратын айбынды бабалар аманатының қуатынан жүрегіміздің соғысымен алпыс екі тамырда айналып тұратын ұлттық қанымыз рухтанып, ұрпағымыз құнарлы нәр алсын деп тілейік. Бабалар рухына мың мәрте тағзым етейік.
Тұңғышбай Өміртайұлы МҰҚАН,
өлкетанушы, «Құрмет белгісі» орденінің иегері,
Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы»



