Наурызнама онкүндігі аясында Рабат қаласында «Nauryz Talks» атты пікір алмасу іс-шарасы ұйымдастырылды. Іс-шара Наурыз мейрамына, Қазақстандағы маңызды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға, оның ішінде жақында өткен конституциялық референдум қорытындыларына арналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Басқосуға Марокко Парламенті Кеңесшілер палатасының мүшесі Фатима Зугах, жетекші марокколық медиа басшылары – Maghribona24 бас редакторы Юнес Әл Хаж, MoroccoWorldNews бас редакторы Аднан Беннис, Journal de l’Afrique Atlantique бас редакторы Насралла Бельхаят, сондай-ақ 2025 жылы мотоциклмен Қазақстанға дейін сапар шеккен танымал марокколық саяхатшы Абделғани Абуфираз қатысты.
Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Қазақстан мен шет елдерде Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы – «Наурызнама» онкүндігінің аталып өткенін және әр күніне тән мәнге тоқтала отырып, биылғы мерекенің ерекше символдық сипат алғанын айтты.
Елші Қазақстан халқының реформаларды қолдауы елдің әділдік пен инклюзивті қоғам құру жолындағы адалдығын нақты дәлелдейтінін жеткізді.
Марокколық қатысушылар бұл оқиғаны Қазақстандағы саяси үдерістің қазақ халқының прогресс, ашықтық және жаңару жолын саналы таңдағанын айғақтайтынын ерекше атап өтті.
Марокко сарапшыларының пікірінше, референдум – бұл тек заңнамалық акт емес, халықтың болашағын өз қолымен жасау ерік-жігерінің көрінісі. Олар Қазақстанның демократиялық институттарды нығайту бағытындағы қадамдарын заманауи әрі уақтылы әрекет ретінде жоғары бағалап, елдің реформалар жолындағы табандылығы мен ашықтығы бүкіл өңір үшін үлгі бола алатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, пікір алмасу барысында Елші С.Сайлауқызы Қазақстанның халықаралық күн тәртібіндегі басым бағыттарымен бөлісті. Атап айтқанда, 2026 жылғы 22-24 сәуірде Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммиті туралы хабарлап, БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамамен таныстырды. Сондай-ақ, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» бүкілхалықтық экологиялық науқаны, «Орта дәліз» халықаралық көлік бағыты, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIII Съезінің қорытындылары, сондай-ақ жақында Астанада өтетін «Алтын Орда» халықаралық симпозиумының тарихи маңыздылығы туралы ақпаратпен бөлісті.
Іс-шараның маңызды бөлігі марокколық қонақтарды қазақтың мәдени кодымен таныстыруға арналды. Қатысушыларға ұлттық тағамдар дастарханы жайылып, қазақтың дәстүрлі киімдері мен бұйымдары таныстырылды.
Қонақтар Қазақстанның Мароккодағы Елшілігі бастамасымен құрылған «Nauryz Talks» форматына жоғары баға беріп, оның екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға жаңа серпін беретін диалог алаңына айналғанын атап өтіп, осы ашық пікірталас іс-шараны жыл сайын Наурыз мейрамы қарсаңында өткізіп отыруды ұсынды.



