Ел тынысы

Цифрлық құзыреттер және жаңа талаптар: мәслихат депутаттарының кәсіби дамуы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III республикалық форумында сөйлеген сөзінде депутаттардың кәсіби құзыреттерін жүйелі түрде дамыту жергілікті басқарудың тиімділігін арттырудың маңызды шарты екенін атап өтті. Қазіргі жағдайда мәслихат депутаттарының кәсіби дайындығы өңірлік деңгейде қабылданатын шешімдердің сапасына тікелей әсер етеді.

Бүгінде мәслихат депутаттарының қызметі жаңа талаптармен толықты. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелер күрделеніп, оларды шешуде деректерді талдау, стратегиялық ойлау және тиімді басқару тәсілдерін қолдану маңызды бола түсті. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесінде цифрлық технологиялардың кеңінен енгізілуі депутаттардан жаңа білім мен дағдыларды талап етеді.

Осы тұрғыдан алғанда депутаттардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар олардың цифрлық құзыреттерін дамыту ерекше мәнге ие. Бүгінде мемлекеттік басқаруда деректерге негізделген шешім қабылдау, цифрлық платформаларды пайдалану және жасанды интеллект технологияларын қолдану барған сайын маңызды құралға айналып отыр. Мұндай тәсілдер өңірлік саясаттың тиімділігін арттыруға және азаматтардың сұраныстарына жедел әрі сапалы жауап беруге мүмкіндік береді. Президент өз сөзінде осы бағытта Мемлекеттік басқару академиясының әлеуетін пайдаланудың маңызын да атап өтті.

Мемлекеттік басқару академиясы бұл бағытта қажетті тәжірибе мен білім беру мүмкіндіктеріне ие. Соңғы жылдары Академия мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған бағдарламаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар Академия мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру бағытында да тиісті білім беру бағдарламаларын өткізіп, осы салада тәжірибе қалыптастырды.

Қазіргі уақытта Академия AI Governance 500 бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесінде жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану және осы саладағы құзыреттерді дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар Академияның еліміздің өңірлерінде жұмыс істейтін филиалдары бар. Бұл инфрақұрылым мәслихат депутаттарын оқыту бағдарламаларын жергілікті деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл білім беру бағдарламаларын кең ауқымда іске асыруға және оларды өңірлердің нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге жағдай жасайды.

Жалпы алғанда кәсіби әрі заманауи құзыреттерге ие депутаттар жергілікті басқару сапасын арттырудың маңызды факторы болып табылады. Сондықтан депутаттардың білімін жүйелі түрде жетілдіру өңірлердің тұрақты дамуына және тиімді мемлекеттік басқару мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.

Бақыт Злобин,

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қорытынды-талдау секторының бас сарапшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button