
Жаңа Конституцияны қабылдау бүгінгі заман талаптарынан туындап отыр. Бұл еліміздің одан әрі дамуы үшін, халқымыздың болашағы үшін қажет.
Мен жаңа Конституцияның жобасын зейін қоя оқыдым. Болашақ Ата Заңымыздың кіріспесінде адамның құқығы мен бостандығы мүлтіксіз сақталатыны мәлімделген. Бұл Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихындағы қабылданған заңдарына, ежелгі қазақ дәстүрлеріне және халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Азаматтарға еңбек етуге, лайықты және қауіпсіз жағдайларға, әділ төлемге, әлеуметтік кепілдіктерге, соның ішінде медицина қызметіне және зейнетақы алуға кепілдік беріледі. Білім беру, ғылым, мәдениет пен инновация алғаш рет ел дамуының негізгі тірегі ретінде аталды.
Жаңа Конституцияның жобасындағы әр баптың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, 14-бапта «Қазақстан Республикасы өз азаматтарын ел аумағынан тыс жерде заңға сәйкес қорғауға кепілдік береді» деп анық жазылған. Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс аймақтарынан демалыста, қызметте және басқа жағдайлармен жүрген көптеген азаматымыздың Қазақстанға әкелінуі айқын дәлел. Адамдардың оралуы 37 авиациялық сапардан артық ұшақтар арқылы және көршілес Түрікменстан, Әзербайжан, Армения елдері арқылы құрлықтық көлікпен жүзеге асырылды. 8-9 наурызда отандастарымызды қайтару жөніндегі белсенді жұмыстар одан әрі жалғасты. Барлығы 7300-ден астам адам елге аман-сау оралды. Келтірілген деректер бойынша соңғы күндері Таяу Шығыстағы елдерден 1800 кісі жеткізілді. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі тілек білдірген барлық азаматты әкелу туралы істерді үйлестіріп, шынайы жанашырлық танытуда. Таяу Шығыста әскери іс-қимылдардың жалғасуына, аймақтағы көптеген елдің әуе кеңістігінің жабылуына байланысты аталған министрлік Қазақстан азаматтарына белсенді әскери әрекеттер басылып, жағдай толық қалпына келгенше сол елдерге түрлі сапармен шығуды тоқтатуға ұсыныс жасады.
Қазақстан шетелде тұратын қандастарымыздың ұлт ретінде дамуына көңіл бөлуде. Ресей Федерациясында мемлекетаралық ынтымақтастық шеңберінде қазақтар көбірек қоныстанған Астрахань, Орынбор, Омбы облыстарында қазақ мектептерін ашу жоспарланған. Жобалар бойынша ақтық шешім 2024-2025 жылдардың соңында қабылданды. Қазақ мектептерінің ашылуы құрылыс нысандарының аяқталуына байланысты жүзеге аспақ. Қазақстанның ұлттық стандарттары бойынша Томск облысында да оқыту жағы қарастырылуда. Мектептерді ашу Ресейде тұратын отандастарымыздың қазақ тілі мен мәдениетін ұмытпай, оқып үйренуіне мүмкіндіктер жасауға бағытталған.
Қазір кейбір шекаралас өңірлерде қазақ тілін оқытатын мектептер мен жекелеген сыныптар бар. Атап айтқанда, қазақ тілі Алтай Республикасы мен Омбы облысының (11 мектебінде) мектептерінде оқытылады. Қазақ тілін оқыту жөніндегі негізгі орталықтар жоғарыда аталған Астрахань, Орынбор, Омбы және Саратов облыстарында орналасқан. Мемлекетаралық деңгейде талқыланған осы шаралар сол жерлерде мекендеген қазақтарды қолдауға және ана тілін сақтауға бағытталып отыр.
Сондай-ақ жобадағы 30-бапты оқып көрейікші. Осы бапта «Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті» деп айтылған. Әр бала есейген шақта өзін өсіріп, тәрбиелеген ата-анасына қарайласып, қамқорлық жасауға тиіс. Әсіресе қартайған кезінде күтім жасап, көмектескені жөн. Кәрі кісілердің қас-қабағына қарап, көңілін аулап, қуаныш сыйлаған жақсы ғой. Ата-анасын қолында ұстап, күту – қазақ халқының бойына туа біткен асыл қасиет. Әдетте, олар отбасындағы кенже ұлдың қолында болып, алаңсыз өмір сүреді. Бірақ ата-анасын керек қылмайтын, оларды қарттар үйіне тапсыратын адамдар да бар. Осындай келеңсіз жайлар болмаса екен деп тілейсің. Өйткені қарттар қоғамымыздың асыл қазынасы, жастардың ақылшысы, жол көрсететін тірегі деп білемін.
Жаңа Конституция жобасының қабылдануы еліміздің саяси өміріндегі аса маңызды оқиға екені ақиқат. Ендеше 15 наурызда болатын республикалық референдумға бәріміз барып, дауыс беріп, өз таңдауымызды жасағанымыз жөн. Сол арқылы біз Қазақстанның жаңа белеске жетіп, алға қадам басуына, әлем алдындағы абыройын көтеруге, халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайта түсуге жол ашамыз.
Есенгелді СҮЙІНОВ,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты



