
«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ алаңында «Конституциялық реформа: дамудың негізгі аспектілері» тақырыбында сараптамалық кездесу өтті. Қатысушылар еліміздің жаңа Негізгі заңының жобасы аясында әлеуметтік саясат эволюциясын, еңбек құқықтарын қорғауды және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ), ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ғалымдары, сондай-ақ Республикалық референдумды жақтайтын Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.
«ЕРДО» АҚ президенті Ерасыл Жұманбаев өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси жаңғыртудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Ол Конституциялық комиссия жұмысының ашық форматы мен e-Gov және e-Otinish платформалары арқылы бүкілхалықтық талқылаудың арқасында құжат орынды түрде «халықтық Конституция» деген бейресми атауға ие болғанын баса айтты.
«Біздің ұйым үшін жоба ережелерінің маңызы зор. Жаңартылған құжатта цифрлық хат алмасудың және электрондық коммуникациялардың қол сұғылмаушылығы бекітіледі. Бұл нормалар цифрлық қауіпсіздік негізін қалыптастырады және біз жұмыс істейтін цифрлық жұмыспен қамту платформалары мен мемлекеттік сервистерді құру кезінде азаматтардың дербес деректерін қорғау жауапкершілігін арттырады», – деп атап өтті ЕРДО басшысы.
ҚР ЕХӘҚМ Заң қызметі департаментінің директоры Серік Беркамалов сараптамалық пікірталас барысында мемлекеттің әлеуметтік құқықтарды қамтамасыз етудегі рөлі туралы баяндама жасады. Ол жаңартылған редакциядағы әлеуметтік саясат қағидаттарын және Конституция жобасы адами капиталды қорғау кепілдіктерін қалай күшейтетінін түсіндірді.
Сондай-ақ еңбек құқығын трансформациялауға да назар аударылды. ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты директорының орынбасары міндетін атқарушы Тимур Авенов еңбек ету құқығы туралы нормаға салалық талдау жүргізіп, қолданыстағы редакцияны (24-бап) ұсынылып отырған жаңа редакциямен (27-бап) салыстырды. Ол сонымен қатар бұл өзгерістерді азаматтарға түсінікті етіп жеткізудің маңыздылығын атап өтті.
ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Құралай Садықова билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін күшейту, сондай-ақ қоғамдық диалогты нығайту үшін Ұлттық құрылтай құру туралы сөз сөйледі.
«Respublica» партиясы идеология бөлімінің бас менеджері, Жалпыұлттық коалицияның Орталық штаб мүшесі Дастан Дәулетияров жаңа Конституция жобасындағы базалық өзгерістерге және олардың мемлекеттің одан әрі дамуына, құқықтар мен бостандықтарды қорғауға тигізетін әсеріне кешенді шолу жасады.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, сұхбат-блокпен аяқталды. Онда сарапшылар қатысушылардың конституциялық жаңашылдықтардың заң шығару жұмысының тиімділігіне тигізетін әсері және еңбек нормаларының халықаралық стандарттарға жақындауы туралы сұрақтарына жауап берді.
Мемлекеттік АТ-платформаларды әзірлеуші ретінде «ЕРДО» АҚ үшін бұл реформаларды талқылау әлеуметтік саланың цифрлық инфрақұрылымын дамытуда стратегиялық маңызға ие.



