
Елордада «Конституциялық реформа және қоғамдық диалог: келешекке бағдар» атты сарапшылар алаңы өтіп жатыр. Іс-шарада Парламент депутаттары, саясаттанушылар, академиялық қауымдастық өкілдері, журналистер мен қоғам қайраткерлері жаңа Ата Заң жобасының негізгі ережелерін және орнықты мемлекеттің институционалдық архитектурасын қалыптастыруға бағытталған өзгерістерді талқылауда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Жаңа Конституция институттары: орнықты мемлекеттің архитектурасы» атты бірінші панельдік сессияда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан сөз сөйлеп, Конституция жобасының азамат құқықтарын қорғау бағытындағы негізгі жаңалықтарына тоқталды.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция жобасы тек құқықтық құжат қана емес, адамға бағытталған мемлекеттік басқарудың жаңа философиясын қалыптастырады.
Оның айтуынша, жобада азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Мемлекет әрбір адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, жеке өмірінің қол сұғылмауын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар заң алдындағы теңдік қағидасы күшейтіліп, азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда оларды әділ қорғаудың тиімді тетіктері қарастырылған.
Депутат жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңалықтардың бірі – жеке тұлғаны қорғаудың құқықтық кепілдіктерін күшейту екенін атап өтті. Осы мақсатта халықаралық тәжірибеде кеңінен танымал «Миранда қағидасына» ұқсас нормаларды енгізу ұсынылады.
Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында адвокатура институтының рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінген. Адвокатураны Конституция деңгейінде бекіту азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобада құқықтық суверенитет қағидасына да ерекше назар аударылған. Бұл қағида бойынша Конституция мемлекет аумағындағы ең жоғары заңдық күшке ие болады, ал халықаралық шарттар ұлттық негізгі заңнан жоғары тұрмауы тиіс.
Конституциялық реформаның тағы бір маңызды бағыты – Конституциялық Сот институтын күшейту. Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, Конституциялық Сот мемлекеттік органдармен қатар азаматтардың да өтініштерін қарай алады. Егер қандай да бір нормативтік құқықтық акт азаматтың конституциялық құқықтарын бұзса, азамат тікелей Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
Депутаттың пікірінше, жаңа Конституция құқықтық әрі әділетті мемлекет құруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Сарапшылар алаңындағы талқылау конституциялық реформаның тек мемлекеттік институттарды жаңғыртуға ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған құндылықтық негізді қалыптастыруға арналғанын көрсетті.



