Құқық

Елорда жастары – заң мен тәртіп үшін

Елордадағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қалалық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Елорда жастары – заң мен тәртіп үшін» атты жастар форумы өтті.

Жиын студенттер арасында белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға, құқықтық мәдениетті арттыруға және жастардың құқықтық санасын дамытуға бағытталды.

Іс-шараға халықаралық UAE SWAT Challenge турнирінің жеңімпаздары, елордалық полицейлер, әлем чемпиондары Айнагүл Байжігітова, Мөлдір Атанай және Елдос Сартай арнайы шақырылды. Спикерлер білім алушыларға өздерінің жетістікке жету жолы, жарысқа дайындық барысы, қызметтегі тәртіптің маңызы туралы кеңінен бөлісті.

– Дубайда өткен бұл дода бізге үлкен жауапкершілік жүктеді. Бәсекелестік жоғары болған сайыста басты мақсатымыз – көк Туымызды абыроймен көтеріп, әлемге таныту еді. Бір кеудеге екі жүрек сыймайды, Отан жалғыз, Ту жалғыз. Студенттерге батыр болыңыздар дегім келеді. Батырлық күште емес, табандылық пен тәртіпте, – деді өз сөзінде М.Атанай.

Іс-шара шеңберінде сондай-ақ қалалық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Алмагүл Исмағұлова сталкингтің құқықтық аспектілері, кінәлі адамдарды жауапқа тарту тәртібі, сондай-ақ жәбірленушілерді қорғау шараларын сөз етті.

Қатысушыларға қолданыстағы заңнаманың ережелері және қудалау фактілері кезінде құқық қорғау органдарынан көмек сұраудың алгоритмі түсіндірілді.

Ал ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек студенттерді алаяқтардан барынша сақ болуға шақырып, алаяқтардың құрығына ілікпеу жөнінде бірқатар кеңес берді.
«Алаяқтар көп жағдайда азаматтарға әртүрлі өкілетті органдар қызметкерінің атын жамылып хабарласады. Мысалы, өздерін банктен, полициядан, «Қазпоштадан», Ұлттық қауіпсіздік комитетінен, прокуратурадан, ұялы байланыс операторларынан, халыққа қызмет көрсету орталығынан екендерін айтуы мүмкін. Осылайша, алаяқтар адамдардың сеніміне кіру арқылы азаматтардың атынан несие рәсімдеуге немесе депозиттегі қаражаттарын өздеріне аударып алуға тырысады», – деді ол.

Сонымен қатар қатысушыларға бүгінгі күні елордада қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қолданылып жүрген робот-ит таныстырылды.

Индира Бержанова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button