Архивтің Айгүлі

Адам баласының қол жеткізбейтіні жоқ. Тек ішкі қызығушылығы мен соған жету жолындағы құлшынысы болса болғаны. Кейіпкеріміз Астана қаласы Мемлекеттік архивінің құжаттарды қалпына келтіру және сақтау құралдарын дайындау қызметінің басшысы Айгүл Нағашыбекқызы – дәл сондай жан.
Архив саласы қызық та қиын десек қателеспегеніміз. Себебі сырттай қараған адамға момақан мекеменің ішкі қарбаласы сөліңді сығады. Таңның атқанынан кештің батқанына дейін тынымсыз тірлік. Сарғайған парақтардың сақталуы, олардың қайта қалыпқа келуінің өзі – күрделі іс. Осындай салада өзін жоғалтып алмай, жан қалауымен жұмыс істеп жатқандардың қатарынан Айгүл Бағдәулетованы көруге болады. Ол бөлім басшысы болғанмен, қатардағы қызметкерлерімен күні-түні қарбалас шақты бірге өткізеді.
Айгүл орта жасты еңсергенмен, жұмыстан тыс уақытта домбыра шертуді үйренген. Жұмыстан шыға сала арнайы білікті мамандардан тәлім алып, домбыра шертуді үйренген.
– Алғашқы сабақ бірден күй емес, алдымен домбыраны дұрыс ұстау, қағыс түрлері және қарапайым жаттығулардан басталды. Ең бірінші «Біз өмірдің гүліміз» әні мен минусовкасын домбырада шертуді үйрендім. Сабақ аптасына екі рет болғандықтан, жұмыстан кейін баратынмын. Әр сабақта бір ән немесе күй үйретілді және үй тапсырмасы берілді. Кейін жеңіл халық күйлеріне көштім. Күйлер жетінші сабақтан кейін басталды. Оған дейін әндерді үйрендім. Алғашқыларын қиындықсыз меңгеріп жүрдім. Күрделі күйлерден сәл қиындық туындады. Сонда да күн сайын кем дегенде 20-30 минут уақыт бөлуге тырысамын. Кей күндері жұмысқа байланысты аздау болады, бірақ аптасына екі рет міндетті түрде сабаққа қатысамын, – деп Айгүл ағынан жарылды.
Оның айтуынша, домбыра үйірмесіне қатысуға өзінің ішкі күші итермелеген. Себебі жаны қалаған аспапты қалай меңгеремін деген Айгүлдің арманы орындалған іспетті.
– Домбыра тартқанда ішкі тыныштықты ерекше сезінемін. Күй орындап отырғанда бойымда бір жеңілдік пайда болады. Сол сәтте жаным демалып, көңілім орнына түседі. Домбыра маған сабыр берді, ұлттық құндылықтарға деген құрметімді арттырды. Уақытты тиімді пайдалануды үйретті және рухани байытты. Енді өзім де үйренемін деген адам болса үйреткім келеді. Әсіресе өзімнің немерелеріме үйрете алсам, ол да үлкен бақыт болар еді. Домбыра – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұра. Немерелерім ұлттық өнерді біліп, құрметтеп өссе деген арман-тілегім бар, – дейді кейіпкеріміз.
Қазіргі уақытта архивтің Айгүлі мекеме ішінде өтетін іс-шараларда домбыра шертіп, әріптестерін қуантып жүр. Нұрдың талаптыға жауатыны секілді, Айгүл өзін толық қолға алып, қалаған аспабын меңгерген. Кейіпкеріміздің басқа да үйренгісі келетіндерге үлгі бола алатынына сөз жоқ. Арманы орындалған Айгүлдің шығар шыңы биік болғай!
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



