
Astana Hub алаңында алдағы референдумға дайындық аясында жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті. Диалог алаңына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, жастар ұйымдарының жетекшілері, белсенділер, спортшылар және елордалық жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Кездесуді ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен стратегиялық құжаттарды талқылауға жастарды тарту құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
«Бүгінде жас азаматтардың пікірін есту аса маңызды. Негізгі заңға енгізілетін нормалар мен құндылықтарды ертең жүзеге асыратын да жастар» деді ол.
Мәжіліс депутаты Айдос
Сарым саяси жаңғыру мен халық егемендігі қағидатын нығайту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Конституция жобасы азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, қоғамдық бақылау тетігін күшейтеді.
ҚР Президентінің телерадиокешені директорының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені «Уәде» жобасының авторы Ерболат Мұхамеджанұлы цифрлық дәуір жағдайында ақпараттық ашықтық пен сенімнің маңызын атап өтіп, заманауи реформалар қоғам мен мемлекет арасындағы белсенді диалогты талап ететінін айтты.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Индира Рыстина жаңа Конституция жобасында білім мен ғылым мемлекеттің ұзақмерзімді дамуының негізгі тірегі ретінде айқындалғанын жеткізді.
Ассамблея жастары республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев бүгінгі жастар қоғамдық өзгерістердің белсенді қозғаушы күші екенін айтты.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова отбасы институтына қатысты түзетулер туралы қозғап өтті.



