Қарамай дауылдарға, жауындарға…
«Сере, сере, сере қар,
Асты кілең, үсті мұз,
Күн-түн қатса жібімес» деп Доспамбет жырау айтпақшы, Арқаның алты ай қысы биыл арқар аудырардай қатты суық та, арқаны кеңге салардай шуақты да бола қойған жоқ. Мүмкін табиғаттағы климаттық өзгерістердің әсерінен болар, соңғы жылдары ел аузынан «бұрынғыдай қыс жоқ» деген сөзді де жиі еститін болдық. Бірақ арқасына ердің батқанын адам емес, ат білер демекші, қыстың қаншалықты болғанын сыртта қар тазалап жүрген жұмысшылар жақсы біледі. Қыста қарлы боран мен дауылға, жазда жауын-шашынға қарамай қолына күрек алып, үстіне шинель киіп, аяғына етік киген қара жұмысшылардың қашанда еңбегі адал, маңдай тері ащы.
Былтыр елордада алғашқы қар 4 қараша күні жауды. Қар жауа салысымен қала қарбалас күйге түсті. Алғашқы күні қар күреу жұмысына қаланың 6 ауданында 900-ге жуық арнайы техника мен 2,5 мыңға тарта жол жұмысшысы жұмылдырылған еді.

– Қалада бізді әр учаскеге бөліп қойған. Сол бекітілген аумақ бойынша күнде таңғы сағат 5,5-6-дан бастап жұмысқа кірісеміз. Таң ата салысымен көшеге шығамыз. Әсіресе Кенесары көшесі мен Жеңіс даңғылы бойы – біздің күнделікті тазалайтын жеріміз. Қар жауған күні қар күрейміз, қар тоқтағанда оны тиеп, шығарамыз. Ал қар жоқ кезде бос тұрмаймыз – қатып қалған мұзды ойып, жолды адамдарға да, көліктерге де қауіпсіз етуге тырысамыз. Жалпы аптасына бір-ақ күн демаламыз, қалған уақытта жұмыс тоқтамайды. Әр мезгілдің өз ауыртпалығы бар ғой. Қыста – қар мен көк мұз. Көктемде – толассыз жаңбыр, батпақ. Жазда – аптап ыстықтың астында асфальттың үстінде жүресің. Күз келсе жапырақтан көз ашпай қаламыз. Қай мезгіл болса да көше тазалығы өзінен-өзі болмайды. Оның бәрін күн сайын сыртта жүріп, қара жұмыстың дәмін татқан адам ғана түсінеді, – дейді Сарыарқа ауданына қарасты «Астана Тазалық» мекемесінің қызметкері Береке Болатбек.
Шынында, біздің күн сайын еш кедергісіз жүріп-тұруымыздың, таңертең жұмысқа асыққанда да, кешке үйге қайтқанда да жолымыздың ашық болуының артында осындай еңбек адамдарының маңдай тері жатыр. Таңның қараңғысынан бастап түннің қою салқынына дейін олар бірде қармен арпалысып, бірде шаңмен алысып, қаламызды таза ұстап келеді. Біз жарық көшелермен алаңсыз жүріп өткен сәттердің өзінде сол тазалықтың артында көзге көрінбейтін тынымсыз еңбек, төзім мен жауапкершілік жатқанын ұғынуымыз керек-ақ. Қарлы боранда да, аптап ыстықта да, жаңбырлы күнде де өз міндетін үнсіз атқарып жүрген мұндай жандардың еңбегі – күнделікті тіршілігіміздің тынысын қамтамасыз етіп тұрған шынайы күш.

Ал «Қазгидромет» ұсынған деректерге сәйкес, 2024-2025 жылғы қыс мезгілінде қар жамылғысының ең жоғары биіктігі өңірлер бойынша әртүрлі қалыптасқан.
– Ақмола облысы бойынша қардың ең жоғары қалыңдығы 54 см-ге жетіп, бұл көпжылдық орташа көрсеткіштен (30 см) едәуір жоғары болды. Сол сияқты Астана қаласында да қар жамылғысы 51 см-ге дейін көтеріліп, қалыпты деңгейден (26 см) айтарлықтай асып түссе, Қарағанды облысы мен Абай облысы өңірлерінде де қар мөлшері тиісінше 32 см және 33 см болып, көпжылдық орташа мәндерден жоғары тіркелген. Солтүстік өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы аумағында қар қалыңдығы 38 см-ге жетті (орташа көрсеткіш – 30 см). Ал батыс және оңтүстік аймақтарда қар мөлшері салыстырмалы түрде аз болды. Мәселен, Атырау облысы аумағында ең жоғары көрсеткіш небәрі 10 см болса, Жамбыл облысы бойынша 6 см ғана тіркелді. Қызылорда облысы мен Маңғыстау облысы өңірлерінде қар жамылғысы тиісінше 7 см және 12 см деңгейінде болды. Шығыс өңірлерде жағдай әркелкі байқалды. Шығыс Қазақстан облысы бойынша қардың ең жоғары биіктігі 28 см болып, көпжылдық орташа көрсеткіштен (45 см) төмен қалыптасты. Ал Жетісу облысы мен Түркістан облысы өңірлерінде қар жамылғысы сәйкесінше 29 см және 14 см болды. Ірі қалалар ішінде Алматы қаласында қар қалыңдығы 30 см-ге дейін жетсе, Шымкент қаласында бұл көрсеткіш 17 см деңгейінде тіркелді. Астана қаласында биылғы қыс мезгілінде, яғни желтоқсан айынан 25 ақпанға дейін түскен қар мөлшері климаттық нормадан айтарлықтай жоғары болды. Желтоқсан айында қардың көпжылдық нормасы 25 мм болса, нақтысында 49,8 мм қар жауған. Қаңтар айында норма 18 мм болғанмен, іс жүзінде 23 мм тіркелді. Ал ақпан айының климаттық нормасы – 17 мм. Соған қарамастан, 1-25 ақпан аралығында ғана 47,9 мм қар түскен. Осылайша, қыс бойы елордада жауған қар мөлшері әр айда нормадан асып, әсіресе ақпан айында айтарлықтай жоғары деңгейде байқалды, – дейді «Қазгидрометтің» баспасөз қызметі.
«Қыстың көзі – қырауда» демекші, даланың әр күйін, жылдың әр құбылысын дәл таныған халқымыз қардың өзін ғана емес, оның сан алуан қалпын да жеке атаумен айшықтаған. Мұны қазақ дүниетанымының табиғатпен тұтастығын көрсететін тілдік мұра десек қателеспейміз. Мәселен, қазақ ұғымында қар: ақша қар, алақанат қар, анжыр, боз қырау, жапалақ қар, жылбысқы қар, көбік қар, күпсек қар, күртік қар, қасат қар, қиыршық қар, қылау, қырау, қырбық қар, мұздақ қар, омбы қар, сонар қар, сүрі қар, сіреу қар, ұлпа қар, үйме қар, үрме қар болып сан алуан сипатымен аталады. Осы атаулардың өзі-ақ қазақ тілінің табиғат тынысын дәл танып, оны сөзбен бедерлей алған аса бай тіл екенін аңғартса керек. Қалай десек те, қазақ ұғымында қыстың қары қалың түссе – жаздың жайлы, малдың тоқ боларының белгісі. Ал Наурыз жақындағанда халық жердің тоңы жібиді деп есептеген. Бұл мезгілде жауған жаңа қар ескі қыстың қарын «ығыстырып әкетеді» деп сенген. Сондықтан ел ішінде:
«Ханның басын хан алар шауып тұрып,
Қардың басын қар алар жауып тұрып» деген сөз қалған.
Шапағат ӘБДІР



