Қоғамдық кеңесте қаралды

Елорда әкімдігінің мәжіліс залында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Зұлфухар Ғайыпов жүргізді.
Отырыста әлеуметтік және спорт нысандарын аралау қорытындысы, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) жобаларының тиімділігі қаралды. Білім, мәдениет және өзге де салалық басқармалардың басшылары баяндама жасап, 2017-2018 жылдардан бері елордада МЖӘ аясында жүзеге асып жатқан жобалар туралы ақпарат берді.
Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева 2026 жылға арналған бюджет туралы жобаға енгізілетін өзгерістер туралы баяндады. Оның айтуынша, салық және өзге де жеке кірістер жоспарын 79,4 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылды. Оның ішінде салық түсімдерінің өсімі 72,6 млрд теңгені құрайды. Айжан Түгелбаеваның мәліметінше, қаңтар-ақпан айларында салық түсімінің жиналу деңгейі орта есеппен 114,7 пайыз болған. Негізгі жалақы қорына қатысты салықтар бойынша өсім жоғары: жеке табыс салығы – 122,3 пайыз, әлеуметтік салық – 120 пайыз.
Бұдан бөлек, күн тәртібінде 2026-2028 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау, құқық бұзушылық профилактикасына қатысатын азаматтарды көтермелеу тәртібі, сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы есептер қаралды.
Талқылау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес МЖӘ жобаларын әлеуметтік маңызы бар салаларда жалғастыру, ұзақмерзімді бюджет жүктемесін ескеру, мемлекеттік міндеттемелердің орындалуын тұрақты бақылау, келісімшарттардың сапасы мен мерзіміне бақылауды күшейту және жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігін жүйелі бағалау жөнінде ұсыныстар енгізді.
Шапағат Әбдір



