Түркі жұртының тілін түгендеген
Бірінші Бүкілодақтық түркология құрылтайының өткеніне бір ғасыр толды

Түрік текті халықтардың ынтымағын, рухани-мәдени бірлігін нығайтуда тілдің алатын орны айрықша. Шыққан тегі бір туысқан халықтардың бір-біріне жақын немесе жат болуына олардың тілдерінің қай бағытта дамығаны да тікелей ықпал етеді. Тіл таным мен қарым-қатынас құралы болғандықтан, олардың арасындағы айырмашылықтар ұлғайған кезде сол тілде сөйлеушілердің таным-түсінігінде өзгерістер пайда болып, қарым-қатынасы мен түсінісуі де қиындай түседі.
Сондықтан түркі халықтарының алдында ғылым-білім, экономика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайту үшін тілдік байланыстарымызды күшейтіп, түрік тілдерін жақындастыру мен жалпытүріктік мұраларымызды бірлесе іске жарату, ортақ сөздік қорымызды молайту міндеті тұр. Бұл істе де біздің түрік жұртының тірек етіп алар негіздері де, тарихи бастаулары да бар. Түрік тілдерін түлетуді көздеген алқалы жиын, келелі кеңестер де болды. Солардың қатарына 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының бірінші съезі мен 1926 жылы Баку қаласында өткен Бірінші бүкілодақтық түркология құрылтайын жатқызуға болады. Алғашқысында қазақ тілінің мәселелері жан-жақты сөз болса, екіншісінде бүкіл түркі жұртының тілдерін дамыту жайы кеңінен талқыланды. Бұған себеп болған мүмкіндік берген советтік тіл саясатындағы жылымық еді.
1923 жылдың 17-25 сәуірі аралығында Мәскеуде ВКП (б)-ның ХІІ съезі өтті. Осы съезде көсем И.Сталин: «Совет үкіметі бізде тек орыстікі ғана болмай, ұлтаралық болуы үшін, Совет үкіметі республикаларда түсінікті әрі өзінікіндей болуы үшін барлық шаралар қолданылсын. Ол үшін тек мектептер ғана емес, барлық мекемелер, барлық партиялық, советтік органдар да, қадам басқан сайын ұлттандырылып, олар бұқараға түсінікті тілде, сол халықтың тұрмыс жағдайына сай қызмет етсін» деді.

ХІІ съезд өте салысымен, 1920-1930 жылдары Совет Одағында «коренизация» саясаты жүзеге аса бастады. Қазақ тіл білімінің, түркітанудың тарихында айрықша орны бар жоғарыда аталған екі съезд дәл осы кезеңде қазақтандыру (коренизация) алғашқы жылдарында өткен еді. «Коренизация» саясаты Қазақ АССР-ында «қазақтандыру» деген атпен жүргізілді. Бірақ көп ұзамай-ақ коренизация саясатының бағыты қайтадан ұлтсыздандыруға, орыстандыруға бет бұрды. Ал советтік билік біртұтас империяның барлық ұлттарын бір тілде сөйлейтін, орыстілді совет халқын қалыптастыру бағытын таңдады. Барлық ұлттық республикаларда жергілікті ұлттық кадрлар сынға алынып, қуғынға ұшырай бастады. Қазақстанда 1926 жылы қазақтың көрнекті мемлекет қайраткерлері Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев «ұлтшыл», «ұлтшылдарды қолдаушы» ретінде қатаң айыпталды. 1929 жылы Алаш зиялылары А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов тұтқындалды. Осылай жалғаса келіп, 1937-38 жылдары ұлттың бүкіл басқарушы элитасы мен зиялылары атылып, жер айдалып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Алайда осы аз уақытта олар жанкештілікпен еңбек етіп, қыруар іс бітірді: ұлт мектебінің, ұлттық ғылымның, ұлт баспасөзі мен театрының, әдебиетінің, әдеби тілі мен ғылым тілінің негізін қалап кетті.
Совет Одағы ыдыраған 90-жылдардың басынан бастап түрік халықтары ортақ әліпби, жалпытүрік терминология қорын қалыптастыру мәселесін қайта көтеріп, түріктанушылар, түрлі сала ғалымдары жиі бас қосып, ғылыми, мәдени ынтымақтастықты тереңдете түсу қажеттігін сөз етіп келеді. Мұндай іске кіріскенде ең алдымен түркітанудағы осыған дейінгі ғылыми ізденістер, зерттеулер мен отандық, халықаралық тәжірибе сөзсіз ескерілуі керек. Бұл тұрғыдан келгенде, түркітанушылардың өткен ғасыр басындағы атқарған істері мен ізденістері ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондықтан жалпытүрік терминқорын қалыптастыру мәселесін сөз еткенде біз сол кезең тәжірибесі мен ізденістерін ескерусіз қалдыра алмаймыз.
ХХ ғасыр басында түркітану бағытындағы ғылыми ізденістер жанданып, жалпытүрік әдеби тілін, түрік әліпбиін, түрік халықтарына ортақ терминқор қалыптастыру мәселелері, түрік тілдерін оқытудың әдістемесі зерттеле бастады. Пән оқулықтары жазылып, терминология сөздіктері жарық көрді, терминология жұмыстарын жүргізетін құрылымдар пайда болды. Түрік текті халықтардың өз республикаларында атқарған істерінің алғашқы тәжірибелері мен зерттеулерінің нәтижелері 1926 жылы ақпан айының соңында Бакуде өткен Бірінші бүкілодақтық түркология құрылтайында ортаға салынды. Құрылтайға Қазақстаннан 5 делегат қатысты. Олар: Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омаров, Біләл Сүлеев, Нәзір Төреқұлов, Әзиз Бай-Сейдуали. Құрылтайға Н.Төреқұлов Мәскеуден, өзгелері Қызылордадан барды. Бұл, аты айтып тұрғандай, бүкіл белгілі ғалымдардың, ең көрнекті түркітанушылардың басын қосқан шын мәніндегі бірінші ғылыми жиын еді. Негізінен, түрік халықтарының тілі мен мәдени жаңғыруына арналған осы мәртебелі ғылыми жиында терминология мәселесі арнайы сөз болды. Онда сөйленген сөздер мен жасалған баяндамаларда әзербайжан, қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт, Қырым татарлары тілдерінің терминологиясы, ғылым тілінің жай-күйі жан-жақты қарастырылды. Съездің 2 наурыз күнгі 8-інші және 9-отырыстарында түрік терминологиясының мәселелері арнайы сөз болды. Белгілі түрколог ғалымдар А.Р.Зифельдт-Симумяги (Баку), Б.В.Чобан-заде (Баку), Х.Б.Зейналлы (Баку), Х.А.Одабаш (Симферополь), А.Байтұрсынұлы (Қазақстан), Г.К.Максудов (Татарстан) баяндама жасады. Б.Сүлеев (Қазақстан), Х.Ғабитов (Башқұртстан), Ш.Манатов (Башқұртстан) жарыссөзге шығып, пікірлерін айтты.
Бас баяндамашы профессор А.Зифельдт-Симумяги «Түрік тілдерінде ғылыми терминологияны түзудің қағидаттары туралы» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғалым сөзінің басында бұрынғы тіл білімі мен советтік жаңа тіл білімінің ерекшеліктеріне тоқталды. Түрік тілдерінде сөйлейтін халықтар тұратын советтік республикаларда халық ағарту комиссариаттары жанынан грамматика мен терминологияны жасайтын мемлекеттік терминологиялық және басқа да комиссиялар жұмыс істей бастағанын айта келіп, олардың жұмысы комиссия мүшесі болып жүрген жергілікті халықпен үнемі тығыз байланыста бола бермейтін ғалым, әдебиетшілерге, ұлттық кадрларға ғана тәуелді болмауы үшін жұмыс ашық, жария түрде жүргізілуі керектігін ескертті. Түрік халықтарының әдеби тілдерін қалыптастырғандағы ұстанған бағыттары жөнінде А.Р.Зифельдт былай дейді: «Түріктілді халықтар ортасындағы көпшілігінің әдеби тілінің дамуына қатысты біз оларды негізгі 4 ағымға бөлеміз. Қиындатпау үшін шартты түрде біз олардың біріншісін – панисламистер, екіншісін – европаландырушылар, үшіншісін – пантүркистер және төртіншісін халықшылдар (демократтар) деп атаймыз».
А.Зифельдт бұл ағымдардың ерекшеліктеріне тоқтала келіп, қарапайым халықтың сөйлеу тіліне жақын әдеби тіл түзу үшін ең дұрыс жол халықшыл демократтардікі екенін айтады. 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының съезінде бекітілген, Баку съезіндегі баяндамасында А.Байтұрсынұлы түркі жұртына ұсынған қағидаттарды сараптасақ, А.Зифельдт анықтамасына сүйенсек, қазақ оқығандары ұстанымы тұрғысынан халықшыл ағымына жатады.
Съездегі «Ғылыми терминология жүйесі туралы» деп аталатын екінші баяндаманы профессор Б.В.Чобан-заде жасады. Осы съездегі ең бір ғылыми негізді, жүйелі жасалған баяндама профессор Б.В.Чобан-заденікі болғанын атап айту қажет. Ғалым терминологияны қалыптастыруда назарға алынуға тиіс үш ортақ негіз (база) бар екенін айта келіп: «Мен мынадай жалпытүріктік, араб-парсылық және еуропалық үш негізді бөліп көрсетемін» дейді.
Профессор Б.Чобан-заденің бас баяндамашы А.Зифельдтен басты өзгешелігі – араб пен парсы тілдерін терминология қалыптастырудың бір көзі ретінде тануы. Ол бұл тілдерден енген руханият сөздері түркі тілдеріне әбден сіңді, сондықтан оларды тілде қалдырған дұрыс деп санайды.
«Біздің тілдерімізді тек жалғамалылық немесе сингармонизм тұрғысынан анықтауға болмайды, бұлар біздің тіліміздің бөліктері ғана болса керек. Тіпті, мен айтар едім, мейлінше таза тіл саналатын қазақ тілінде де өзінікіндей болып кеткен шеттілдік жат элементтер өте мол. Бізде таза түрік тілдеріне тән жалғамалылық немесе үндестік заңын араб, парсы тілдерінен енген кірме сөздер бұзған. Осы кірме сөздерді қосып тұтастай алғанда, біздің тіліміз таза түрік тілі емес, сондықтан ол жалғамалылық пен үндестік заңының негізгі ережелеріне толығымен бағынбайды» деген тұжырым жасайды.
Ғалым «біздің тіліміз таза түрік тілі емес», оның негізгі заңдарын араб, парсы тілдерінен енген кірме сөздер бұзғандықтан, жалғамалылық пен сингармонизмді оның қазіргі сипаты ретінде тану жеткіліксіз деген тоқтамға келіп отыр. Ал қазақ ғалымдары бұл пікірмен толық келіспейді. Қазақ оқығандарының жалғамалылық пен сингармонизм туралы пікірі басқашалау.
Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңын арнайы зерттеген қазақ ғалымы Халел Досмұхамедұлы: «Сингармонизм – түрік тілінің айрықша өзіне біткен қасиеті. Түрік тілдерінің көбі (Ыстанбұл түріктері, Қазан ноғайы, сарт-өзбек, тағы талайлар) түрік емес халықтардың сөзін көп алғандықтан, жат жұрттарға көп араласқандықтан, осы айрықша қасиетінен айырылып қалып отыр. Осы күндерде қазақ-қырғыз секілді шет жұрттармен жарытып араласпай, нағыз түріктікті сақтаған елдердің тілдерінде ғана сингармонизм заңы өзгерместен қалып отыр. Сингармонизм заңы – жалғыз қазақ тілінің емес, түрік тілінің заңы, тек түрік тілінің емес, орал-алтай тобына кіретін тілдердің заңы» деп жазады.
Б.В.Чобан-заде мен Халел Досмұхамедұлының түрік тілдерінің кірме сөздерді көп қабылдап өзгеріске ұшырағаны туралы пікірлері бір жерден шығады. Алайда Х.Досмұхамедұлының сингармонизм заңы қазақ-қырғыз тілдерінде қазір де сақталып отыр деген пікірі Б.В.Чобан-заде пікірімен үйлеспейді. Осындай пікірді Алаш оқымыстысы А.Байтұрсынұлы да айтады: «Біздің түрік тілі әуелде бір тіл болып, содан соң ел бұтақтап өскенде, тіл де бұтақтаған. Түбірі бір болса да, түрі басқаланып, түрік тілінің арасына тарау-тарау жік түскен. Сондықтан бұл күнде неше бұтақ түрік тұқымынан ел болса, сонша тарау тілінде басқалық бар. Тілдің басқалануына себеп болған – әртүрлі бөтен жұрттармен сыбайлас болып араласқандық. Түріктің балалары өсіп, алды-алдына тарап әртүрлі халық бен сыбайлас болған, араласқан түрлі жұрттың түрлі тілінен түрік тіліне жат сөздер, жат дыбыстар кірісіп, тіл арасының бірте-бірте жігі ұлғайған». «Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта». «Түріктің тұнық тілін, түзу емлесін алу керек. Сол екеуі де қазақтан табылады. Азбаған асыл тілден емле шығарып, соған қарап басқа емлелерді түзету керек».
А.Байтұрсынұлы 1913 жылы жарық көрген «Қазақша сөз жазушылар диқатына» деген мақаласында: «Басқаларда дайар емле бар ғой, соны алайық деп, қисық емлеменен тілімізді қисайтпаймыз. Тілдің ауанына қарамай, харіфтің, емленің ауанына бұрып тілдің көркін бұзған, әдеби тілмен жазамыз деп, жат тілмен жазып, өз тілінен айырылған басқа түріктердің ізіне түсіп, тілімізді аздырғанымызды мақұл көрмейміз» десе, содан 13 жыл өткеннен кейін Бакудегі съезде сөйлеген сөзінде: «Біз сіздер үшін өз шрифтімізді өзгертпейміз» деп сол ұстанымын тағы да қайталайды.
А.Байтұрсынұлы мен Х.Досмұхамедұлының сингармонизм заңы туралы пікірлері бір жерден шығып тұр. Яғни мұны қазақ ғалымдарының зерттеу барысында жасаған қорытындысы, жат сөздерді, шет тілдерінен енген кірме терминдерді жазуда келген ортақ ұстанымдары деуге болады.
Баку съезінде араб, парсы сөздерін түрік тілдерінде қалдыру-қалдырмау мәселесі көп талқыға түсті. Бас баяндамашы Зифельдт: «Енді араб және парсы сөздеріне қатысты. Мен бұл сөздерге қарсымын. Мен бұлар діннен қалған мұра, басқа түк те емес, сондықтан түрік тілдерінде тек діни ұғымдарды білдіретін терминдерді ғана қалдырған жөн деп санаймын». Б.Чобан-заденің араб, парсы тілдерін термин алып келген сыртқы көз ретінде танығаны жоғарыда айтылды. Ал қазақ ғалымы Елдес Омарұлы: «Араб сөздерін тастап немесе түрік тілдерінің грамматикасына сәйкес қайта жасау бұрын да түрік тілдерінің кезек күттірмейтін міндеті болған және қазір де солай»; «Түрік тілдерін біріктірудің бірінші қадамы – араб пен парсы сөздерін жойып, ортақ терминдер жасау. Бізді тек терминдер бөліп тұр» деді.
Елдес араб, парсы сөздері түрік тілдерінің арасын ажыратушы фактор, олардан арылу керек дегеніне қарамастан, Бірінші түркология съезінің қарарында көпшілік қабылдаған араб-парсы терминдері түрік тілдері грамматикасына сай өзгеріп қалады деп көрсетілді. Қазақ тілінен оларды біржола аластау мәселесі түбегейлі қойылған жоқ. Қазақ тілінің терминология қағидаттарында да оларды тек тіл табиғатына сәйкес өзгертіп жазу қажет деп көрсетілді.
Жалпытүріктік терминқор түзуге қатысты айтылған тағы бір ерекше ұсыныс – тілдердің туыстық жақындығы ескерілген топтық терминология құру. Чобан-заде ІІ сатыдағы мектепке арналған терминологияны түзуде тілдік топтарды негізге алуды ұсынады: «Мысалы, қазақ немесе башқұрт тілдері бір-бірінен өзара термин алуы керек. Сондай-ақ қазақ терминологтары олардың тілдерінің өзбек диалектісімен байланысын ұмытпауы тиіс. Сол сияқты әзербайжан терминологтары осман терминологиясына назар аударуы қажет» десе, қосымша баяндамашы Зейналлы: «Басты үш-төрт түрік наречиясына арналған топтық терминология қалыптастыру мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды, қалған шағын топтардың барлығын солар үйлесетін тармақтардың бірімен байланыстыруға болады» деген пікір айтады.
Бұл ұсынысты қолдаған Х.Одабаш, Н.Төреқұлов және басқа да ғалымдар болды. Алайда ХХ ғасыр басында да, одан кейін де оғыз тобына немесе қыпшақ тобына жататын туыстығы жақын тілдер арасында өзара терминалмасым үдерісі қарқынды жүргізіліп, жүйелі түрде жүзеге аспады. Өйткені 30-жылдардан кейін Совет Одағы құрамындағы түріктердің терминжасам, терминалмасым үдерісін Мәскеу белгіледі. Олардың термин алатын, терминқорын толықтыратын негізгі көзі орыс тілі болды. Сондықтан олардың терминологиясында бір-бірінен алмасқан түрік сөздері емес, орыс тілінен алынған бәріне ортақ орыс терминдерінің саны күрт өсті. Ал Түркиямен тілдік байланыс, терминалмасым мүлдем үзілді. Соған қарамастан Анадолы түріктері Совет Одағы құрамындағы түрік халықтары тілдерінен кейбір сөздерді термин ретінде алып отырды.
ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы да, басқа оқығандар да қазақ, қырғыз тілдері үндестік заңы бұзылмаған, жат сөздермен ластанбаған ең таза тілдер деп бүкіл түрік халықтарына мәлімдесе, қазір олай дей алмаймыз. Дәл қазіргі қазақ терминологиясының құрамында сингармонизм заңына бағынбайтын, қазақ тілінің емле ережелеріне сай жазылмайтын жат сөздер өте мол. Жүз жылда қазақ тілі көп өзгерді. Осындай өзгерістер өзге түрік тілдерінде де бар. Ендеше біз түрік тілдерінің тарихи дамуын, өткен кезең тәжірибелерін де ескерумен қатар, негізінен әдеби тілдің, ғылым тілі мен терминологияның қазіргі қалпын есепке ала отырып ертеңін жоспарлауға тиіспіз.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор



