Ел тынысыСаясат

Театрда «Ұлттық мәдениет — Конституциялық құндылық» жиыны өтті

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Ұлттық мәдениет — Конституциялық құндылық» тақырыбында ұжымдық отырыс өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған жиынға Қазақстанның Халық артистері Тілектес Мейрамов, Болат Ыбыраев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Түймехан Атымтаева, Бақыт Исабекова, Ақыш Омар, Гүлбаршын Қылышбай, Кеңес Нұрланов  және театрдың шығармашылық ұжымы қатысты.

Театр директоры Ербол Хабылбеков «Ұлттық мәдениет — Конституциялық құндылық» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының елдің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызы, мәдениет пен өнер саласының ұлттық болмысты сақтаудағы рөлі кеңінен сөз болды.

Жаңа Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтарының, сөз және шығармашылық еркіндіктің нақты бекітілуі мәдениет өкілдері үшін кең мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді. Сондай-ақ театрдың қоғамдағы орны, ұлттық құндылықтарды заманауи өнер тілімен жеткізу, шығармашылық жауапкершілік пен көрермен құқығын сақтау мәселелері қозғалды.

Отырыс барысында ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту, өнердің қоғамға қызмет етуі, мәдениет пен Конституция құндылықтарының өзара сабақтастығы жөнінде пікірлер айтылды. Театр ұжымы Конституцияда бекітілген нормаларды шығармашылық қызметпен үйлестірудің маңыздылығына назар аударды.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар жаңа Конституция жобасын талқылауға белсенді атсалысуға шақырылды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының egov.kz cайтында жарияланғаны және әрбір азаматтың оны оқып, танысып, өз пікірін білдіруге құқылы екені айтылды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button