Ел тынысы

Астананы газдандыру және бизнесті қолдау мәселесі қаралды

Астана – елорданың тұрғын алаптарын газға қосу, экология және өнім экспортының шарттары ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің «AMANAT» партиясы желісі бойынша онлайн форматта өткізген азаматтарды қабылдауының негізгі тақырыптарына айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ең өзекті мәселелердің бірі Астана маңындағы елді мекендерді газдандыру болды. «Өндіріс» және «Казгородок» тұрғын алаптарының атынан ведомство басшысына Даникер Касимова жүгінді. Министр жұмыс барысын егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті: газдандыру қаланы газбен жабдықтаудың өңірлік схемасы аясында «Qazaq Jylu» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы есебінен жүргізілуде.

Ерлан Ақкенженов нақты мерзімдерді атап өтті: ақпан айында «Өндіріс» алабындағы алғашқы 300 үй газға қосылады, ал бұл ауданды (барлығы 2120 үй) толық газдандыру 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. «Казгородок» тұрғын алабында құрылыс-монтаждау жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталады, бұл 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін 250 абонентті газға қосуға мүмкіндік береді.

Сұрақтардың едәуір бөлігі бизнес өкілдерінен түсті. Кәсіпкер Мұқият Ақыш мұнай қалдықтарын өңдеу мәселесін көтерді. Министр елде жиналып қалған экологиялық зиянды кезең-кезеңімен азайту бағыты алынғанын түсіндірді. Бұл жұмыстармен арнайы лицензияланған компаниялар айналысады және бүгінгі таңда түзілетін қалдықтардың 95%-ына дейін кәдеге жаратылуға тиіс.

Қанат Қалибектің күкірт сатып алуға қатысты сауалына жауап ретінде Ерлан Ақкенженов нарықтық механизмдерді түсіндірді: Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың шаруашылық қызметіне араласпайды, сондықтан өнімді сатып алу үшін өндіруші компаниялармен тікелей коммерциялық келісімшарттар жасасу қажет.

Сондай-ақ, Байжұма Тұрсынәліге мазут экспорты тақырыбы бойынша түсініктемелер берілді. Энергетика министрлігінің басшысы бұл қызмет түрі лицензияланбайтынын, бірақ мазут өндіру үшін кәсіпорынның мұнайды өңдеу құқығын растайтын өндіріс паспорты болуы міндетті екенін атап өтті.

Онлайн-кездесу қорытындысы бойынша Ерлан Ақкенженов бейінді департамент басшыларына әрбір өтінішті егжей-тегжейлі пысықтауды және өтініш берушілерге заңда белгіленген мерзімде толық жауап беруді тапсырды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button