
Әділет министрлігінде өткен аппараттық кеңестің күн тәртібінде еліміздің жаңа Конституциясының жобасы туралы айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев өз сөзінде еліміз қазіргі таңда қоғамдық-саяси дамудың маңызды кезеңінде екенін, сондай-ақ жаңа Ата Заңымыздың жобасында адамның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақтыланып, әділдік, заң үстемдігі және тең мүмкіндік қағидаттарына аса мән берілгенін атап өтті.
Әділет вице-министрі Лаура Мерсалимова Жаңа Конституцияның негізгі жаңалықтары туралы баяндап, жаңа редакциядағы Конституцияны әзірлеу және талқылау үдерісі ашық форматта өткенін және шамамен жарты жылға жуық уақытты қамтығанын атап өтті.
Өз баяндамасында вице-министр жаңа Конституцияның екінші бөлімі – «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» тарауына жеке тоқталды.
Бұл бөлімде адамның ең жоғары құндылық ретіндегі қағидатына сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру мен қорғау кепілдіктерін күшейтуге басымдық берілген. Осы бағытта адам құқықтарын қорғау саласындағы жалпыға танылған халықаралық актілердің талаптары барынша ескерілген.



