Прокурорлар қоғамдық көлік жүргізушілеріне дәріс өткізді

«Заң мен тәртіп» қағидаты және қоғамдық көлік жүргізушілері арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу аясында елордалық прокуратура қызметкерлері автобус паркінің 100 қызметкеріне арнап дәріс өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz..
Кездесудің негізгі тақырыбы «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау болды.
Дәріс барысында көлік құралын мас күйде жүргізуге байланысты құқықбұзушылықтарға және осы мақсатта көзделген жауапкершілікке ерекше назар аударылды.
Қоғамдық көлік жүргізушілері үшін бұл мәселе аса маңызды, өйткені олар тек өздерінің ғана емес, жолаушылардың да өмірі мен қауіпсіздігіне жауап береді.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңнама нормаларына сәйкес, алкогольдік, есірткілік және уытты масаң күйде көлік құралын басқару 30 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға және 9 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соғады.
Астана қаласының прокуратурасы мас күйінде көлік жүргізу қазіргі уақытта да жолдағы ең өрескел құқықбұзушылықтардың бірі болып отырғанын еске салады.



