Ел тынысы

Қабдештің «Тағдыры»  таңдалды

Биыл «Бір ел – бір кітап» республикалық шарасы аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» атты кітабын оқимыз. Кеше Ұлттық академиялық кітапханада өткен тиісті комиссияның қорытынды отырысында осындай шешім шығарылды.

Аталмыш комиссия жетекшісі – Парламент Сенатының Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп. Оның төрағалығымен онлайн және оффлайн форматында өткен жиында комиссия мүшелері дауыс берді. Бұл комиссия құрамында 23 адам бар. Атап айтқанда, көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғалым Жайлыбай, белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Асқар Алтай, танымал қаламгер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы, Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, ақын, жазушылар Ұларбек Дәлейұлы, Жадыра Шамұратова, Бауыржан Қарағызұлы, ғалым Саят Ыбырай, журналист Гауһар Төлекбай, Ұлттық академия­лық кітапхананың басшысы Күміс Сейітова, Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева, бірқатар облыстық кітапханалардың басшылары, т.б. азаматтар бар.

Осы жылы 20-шы рет өткен жыл кітабын таңдау жұмысы екі кезең бойынша жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде республикалық және өңірлік кітапханалар арасында сауалнама жүргізіліп, оқырман сұранысы мен ұсыныстары негізінде алдын ала кітаптар тізімі құрылды. Бұл тізімге 9 автордың бір-бір кітабы таңдалды. Екінші кезеңде, яғни кеше «Бір ел – бір кітап» шарасын ұйымдастыру комитетінің отырысында ұсынылған тізім ішінен жыл кітабы бекітілді. Ең көп дауысты Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» және өмірден ерте озған жазушы Ғалымбек Елубайдың «Жүз жетінші көктем» кітаптары жинады. Бұл қаламгерлерге берілген дауыстар тең түсті. Тиісті ережеге сәйкес осындай жағдай туындағанда комиссия төрағасының бір артық дауыс беру құқығы бар. Осылайша жыл кітабы ретінде «Тағдыр» таңдалды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button