Сапалы кадр – тиімді мемлекет
Ербол ЖОЛДАНҒАР, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

Қоғамның мемлекеттік басқару жүйесіне деген сенімі, ең алдымен, сол жүйеде қызмет ететін кадрлардың кәсіби деңгейіне байланысты. Осы тұрғыда елімізде мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесін енгізу – уақыт талабы. Мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту – еліміздегі институционалдық реформалардың маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта кадрларды іріктеу тетіктері қайта қаралып, заманауи талаптарға сай жаңа жүйе енгізілді. Жалпы, саладағы реформалардың мәні және өзге де жұмыстардың барысы туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғардан сұрап білген едік…
– Ербол Қабдығалиұлы, соңғы жылдары мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесінде елеулі өзгерістер орын алды. Осы реформалардың басты мәні неде? Алдымен осыған тоқталып өтсеңіз?
– Қайырлы күн! Мемлекеттік басқарудың сапасы халықтың өміріне тікелей әсер етеді. Осы себепті ішінара цифрландырылған, ашық әрі әділ іріктеу жүйесі елімізде өте қажет болды. Мемлекеттік қызметке іріктеудің жаңа жүйесі бәсекелестікті арттырып, кәсіби кадрларды тартуға мүмкіндік береді. Бұл реформаның басты міндеті – тек білім мен таныстыққа емес, нақты құзырет пен қабілетке негізделген әділ жүйе құру.
– Өзіңіз айтып өткендей, мемлекеттік қызметке іріктеу – қоғам назарындағы маңызды тақырыптардың бірі. Қоғам тарапынан конкурс әділ өте ме деген алаңдаушылық бар. Осыған не дейсіз?
– Бұл – орынды сұрақ. Жаңа форматтың басты ерекшелігі – іріктеу процесінің толық цифрландырылуы және онлайн форматқа ауысуы, сыбайлас жемқорлықты болдырмауға бағытталған нақты тетіктердің енгізілуі, адами фактор шектеле отырып, анонимділікті қамтамасыз ету үшін әрбір жеке тұлғаға ID нөмірлерінің берілуі арқылы конкурстың шынайы әрі әділ өтуінде.
Қалыптасқан жағдайға жауап ретінде «e-Qyzmet» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталы арқылы процесті цифрландыру іріктеуге қашықтықтан қатысуға мүмкіндік бере отырып, адами факторды барынша азайтып, мемлекеттік қызмет тартымдылығының артуына әсерін тигізді. Бұдан былай үміткердің тек тестілеуден өтуі жеткіліксіз, оның кәсіби, тұлғалық және практикалық құзыреттері де кешенді бағаланады. Бұл үшін арнайы тапсырмалар мен критерийлер бекітілді.
Жалпы, жаңа іріктеу жүйесіне көшкеннен бері Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы конкурс бойынша 1-орынға 24,6 (2024 ж. – 8,6) кандидат қатысып, осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда олардың үлесі 16 адамға артып, мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын көрсетті.
– Ал жастар мен білікті мамандар үшін бұл жүйенің берер мүмкіндіктері қандай?
– Жаңа жүйе жастар үшін де, білікті мамандар үшін де тең мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Біліктік пен құзыретке негізделген бағалау жастарға өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді, ал тәжірибелі мамандар нақты кәсіби қабілеттер арқылы жоғары орындарға үміткер бола алады. Бұл мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттырады және инклюзивті кадрлық саясатты дамытады.
– Ербол Қабдығалиұлы, соңғы жылдары жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы артып келеді. Бұл тенденцияны қалай бағалайсыз?
– Соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде айтарлықтай трансформация жүріп жатыр. Оның негізгі бағыты – жастарға мүмкіндік беру, жаңа буынды басқарушылық ортаға тарту. Бұл бағыт бірнеше нақты тетік арқылы іске асуда.
Біріншіден, жаңа айтып өткендей ашық іріктеу жүйесінің енгізілуі.
Екіншіден, меритократия қағидатының күшеюі. Қызмет өсуі бұрын белгілі бір тәртіппен ғана жүрсе, қазір жас, қабілетті маман қысқа уақытта басшылық қызметке көтеріле алады.
Жастармен жұмыстың ең ауқымды жобаларының бірі – Президенттік жастар кадр резерві.
Бұл жоба – Мемлекет басшысының 2019 жылы көтерген бастамасы. Президент «Сапалы кадрсыз реформа болмайды» деп нақты атап өткендіктен, елімізде білікті, білімді, елге адал жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тарту – басты мақсаттардың бірі. Президенттік жастар кадр резерві – осы мақсатқа жетудің нақты әрі тиімді құралы деп есептеймін. Ең бастысы, бұл – әлеуметтік баспалдақ, яғни қай өңірден шыққанына, кімнің баласы екеніне қарамастан, білімі мен қабілетіне қарай мемлекеттік қызметте жоғарылауға зор мүмкіндік.
Елдің дамуы үшін орталықпен қатар өңірлердің де кәсіби басқару әлеуеті мықты болуы қажет. Осы мақсатта соңғы жылдары елімізде Өңірлік кадр резерві жүйесі белсенді енгізіліп, жергілікті басқару саласына жаңа серпін беруде. Бұл тетік жас әрі білікті мамандарды анықтап, өңірлік деңгейдегі жауапты лауазымдарға даярлау арқылы басқару жүйесін жаңғыртуды көздейді.
Үшіншіден, GPA көрсеткіші 3,33 төмен емес жоғары оқу орындарының түлектерін мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындау мүмкіндігі. Осы арқылы мемлекеттік қызметке қадам басқан жастар үшін сенім мен жауапкершілік қатар жүктеліп, басқару жүйесінің сапасын арттыруға негіз қаланады.
Бұл жобаларды пайдаланып, өз болашағын ел тағдырымен байланыстыратын азаматтар көбейсе, Қазақстанның да келешегі жарқын болары сөзсіз.
– Меритократия туралы айтып қалдыңыз. Бұл қағидат туралы толығырақ ашып айтсаңыз?
– Меритократия – әділетті кадрлық саясаттың негізі. Бұл қағидат бойынша қызметке іріктеу мен мансаптық өсу тек білімі, біліктілігі және жетістігі арқылы жүзеге асады. Яғни, «тамыр-таныстық», «жеке байланыс» емес, нақты нәтиже мен кәсібилік шешуші рөл атқарады.
Басқа сөзбен айтқанда, меритократия – әлдеқайда лайықты кадрларды іріктеу және мемлекеттік қызметшілердің жеке жетістіктерін мойындау негізінде оларды әрі қарай кәсіби және мансаптық ілгерілету деген сөз.
Әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби тәжірибесі болған кезде, ішкі конкурстар институтының негізінде өзінің мемлекеттік органында ғана емес, республиканың кез келген басқа да аумағында мансаптық ілгерілеу мүмкіндігі бар.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментімен кадрлардың жай-күйіне, оларды меритократия қағидаты бойынша тағайындаудың объективтілігі мен ілгерілетуге тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі және бүгінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2024-2027 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, меритократия қағидатын сақтау деңгейі тиісті деңгейде орындалып отыр.
Бұл мемлекеттік аппараттың тұрақтылық деңгейінің артқандығын көрсетеді.
Сұхбаттасқан Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



