Басты ақпаратҚоғам

Елге қызмет – ер мұраты

Қоғам мен мемлекет игілігі жолында аянбай еңбек етуді өмірінің басты мақсатына айналдырған жандар бар. Солардың бірі – ел құрметіне бөленген абзал азамат, қоғам қайраткері Амангелді Хамзаұлы Сыздықов.

Бүгінгі күні 80 жастың сеңгіріне шыққан Амангелді Хамзаұлының өмір жолы үлгі мен өнегеге толы.

Ол еңбекке ерте араласты. Отбасындағы он баланың үлкені болғандықтан ерте есейіп, жауап­кершілікті сезініп өсті. Әкесі колхоз төрағасы ретінде ертелі-кеш жұмыста жүргендіктен, тұрмыс тіршілігі анасы мен өзіне түсті. Ата-анасына көмекші, бауыр-қарындастарына қамқоршы болуды өзіне міндет санады. Осылайша, болашақ мемлекет қайраткері еңбекқорлықты, төзімділікті, жауапкершілікті бала кезінен бойы­на сіңірді. 1961 жылы небәрі 15 жасында ол Шортанды ауданына қарасты «Бозайғыр» совхозында еңбек жолын бастады. Бұл Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінің нағыз қызған шағы еді. Жұмыс күші де жетіспей жатқан уақыт. Сондықтан жасөспірімдер де еңбекке тартылды. Ол алғышқыда шөп маялаушы болып, кейін­нен тракторшы, комбайыншы, механизаторлық мамандықтарын игеріп алады. Жасынан алғыр, оқу білімге құштар зерделі жас еңбектің қыр-сырын түсініп, оны енді біліммен ұштастыруды мақсат етеді. Петропавл қаласындағы индустриялды-педогогикалық техникумды бітірген соң, сол оқу орнында өндірістік оқыту шебері ретінде жұмысқа қабылданады. Жас жігіттің табанды, ұйымдастырушылық қабілетін байқаған басшылар оны комсомол партия қызметіне тартады.

Амангелді Хамзаұлы он жылға жуық комсомол, партия саласында жауапты қызметтер атқарды. 1983 жылы Шортанды ауданындағы №15 кәсіптік техникалық училищесіне директорлық қызметіне келгенде отыз жастан жаңа асқан күш қайраты, тәжірибесі мол мықты маман еді. «Жас келсе – іске» дегендей, училищенің оқу тәрбие жұмысы мен қатар оның материалдық базасын жақсартуға күш салды. Өндірісті – шаруашылық негізін нығайтып, училищенің беделін көтерді. Оқушылар түрлі маркалы техникаларды меңгеріп, онымен жұмыс істеуді жетілдірді. Өндірістік объектілерде өздері өндіретін болды. Көп жылдық дәнді дақылдар егіп, қиыршық тастар алатын карьер ашып, оқу орнының базасын нығайтты. Тұрғын үйлер салынды. Оған керекті пиломатериалды өз күштерімен Ресейдің Свердловск облысынан дайындап жеткізетін. Оқу мен өндірісті ауылшаруа­шылығы техникаларының тілін жетік білуге бағытталған училищенің аты облыс көлемінде алдағы саптан көрінді. Оны бітірген кадрлар шаруашылықтарда инженерлік-техникалық саланы басқарып, қызмет ба­бында сұранысқа ие болды.

Ал еңбек десе жанып түсетін, қай қиырға салсаң да біліктілігімен, білімділігімен адамдармен тіл табыса білетін іскер ұйымдастырушы Амангелді Хамзаұлы «Шортанды» астық совхозына директорлыққа тағайындалды. Ол жылдар Целиноград облысының Одаққа аты мәлім кезі. Отанға миллиард пұт астық беру керек деген ұраншыл дәуір. Жыл он екі айда бір бітпейтін кезек күттірмейтін ауылшаруашылық нау­қандар директор үшін сынақ алаңындай дерсің. Бірақ әбден ысылған Әбекең аяғын шалдырмады, сыр алдырмады. Совхоздың бекітілген жоспарлы жұмысынан басқа тың бас­тамалар жасады. Целиноград ауылшаруашылығы институтының «Ауыл шаруашылығы өндірісін ұйым­дастырушы-экономист» мамандығы бойынша білім алған Амангелді Хамзаұлы өздері өндіретін ауылшаруашылығы өнімдерінен қайта өңделетін шағын цехтар ашты. Нан пісіретін наубайхана, сүт өнімдерін өңдейтін, сұйық май шығаратын цехтардың тауарлары халықтың сұрасына ие болды. Шаруашылыққа қосымша пайда әкелді. Рационализаторлық жаңалық деген осы деді жұрт. Жаңашыл директор совхоз тұрғындарының әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін де қыруар жұмыс атқарды. Тұрғын үйлер бой көтерді. Су жылу, беретін қазандық салынды. Тұрғындары аз саналатын ауылдарға да электр жарығы тартылды. Ел игілігі үшін қыруар жұмыс жасаған еңбекқор директорларына зор сенім білдірген Шортанды совхозының тұрғындары Амангелді Хамзаұлына зор сенім білдіріп, оны Ақмола облыс­тық мәслихатына депутат етіп сайлады. Алғашқы ұйымдастыру сессиясында Амангелді Сыздықов Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы болып сайланды.

Еңбек жолын қатардағы механизаторлықтан бастап Парламент Сенатының депутаттығына дейін жетсе де кісілік келбетін жоғалтпай, халықтың бір өкілімін деп қарапайымдылығынан таймады. Амангелді Хамзаұлы биік үйдің мінберінен депутаттық сауал тастап өкіметтің назарына өзекті мәселелер қойды. Әсіресе таратылған Торғай, Көкшетау облыстарының мұң-мұқтаждарына назар аударды. Соның нәтижесінде Көкшетау қаласындағы РК-2 нысаны жөнделіп, жылу мен су жүйелері қалпына келтірілді.

Өндірістік су құбыры субсидияланып, Көкшетау мен Щучинск қалаларының су мәселесі тұрақтандырылды. Степногорск өңірінің тұрғындары Сенатор Сыздықовты күні бүгін ұмытпайды. Слеті өзені арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысына және Слеті су қоймасынан қалаға дейінгі су құбырын қайта жаңғыртуға мемлекеттен қаржы бөлгізді. Бұл нысандар аймақ халқының өмір сапасын жақсартуға шешуші рол атқарды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының аграрлық саясат, табиғи ресурс­тар мен экология жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі ретінде талай парламентаралық үлкен жиындарға қатысып, ел мүддесін қорғай білді.

Елордада атқарылған игі істері өз алдына – бір төбе. Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болған кездерінде соғыс және еңбек ардагерлеріне көптеген әлеуметтік жеңілдіктер мен қолдау шараларының жүзеге асуына ұйыт­қы болды. 2010 жылдан Республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің тұрақты комиссия­сының төрағасы, орталық кеңестің Президиум мүшесі ретінде ардагерлердің оңалту орталықтарына «Қатаркөл», «Шучиинск» шипажайларына жеңілдікпен баруына қол жеткізді.

Сондай-ақ халықаралық ардагерлер күніне орай соғыс және тыл еңбеккерлеріне, жасы келген қарттарға демеушілер арқылы түрлі жеңілдіктер жасалып сый-сияпаттар ұйымдастырылды, №4 қалалық емхана қарттарға медициналық көмек көрсетеді. Қарт ардагерлерге көрсетілген көмектің аясын кеңейту үшін қоғамдық ұйымдардың да атсалысуына ықпал етті. Бүгінгі таңда Ардагерлер кеңесі қоғам дамуының тыныс-тіршілігіне сергек қарап, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сая­сатына қатысып, өз үнін қоса алатын беделді бір ұйым болып қалыптасты.

Он алты жасынан еңбекке араласып, бүкіл саналы ғұмырын туған мемлекетінің экономикасын өркендетуге арнаған бұл күнде ел ағасы атанған Амангелді Хамзаұлы Сыздықов марапат пен мақтау­дан кенде емес. Еңбек еткен жылдарында алған құрмет грамоталар мен алғыс хаттарын тауыса алмайсың. Президенттің Жарлығымен алған «Алтын барыс» төсбелгісі мен «Құрмет ордені» кеудесін жылытып тұрса, Шортанды ауданының «Құрметті азаматы деген» атақ-абырой биігіне көтереді. Парламенттер арасындағы халықаралық Ассамблеясының төсбелгісімен қоса 20-ға жуық медальдардың да өзіндік салмағымен құдіреті асқақ адамгершілігі мен кісілігі, парасаты мен мәдениеті келіскен, іскерлігі мен ұйым­дастырушылығы шебер, саясатта пайымды, мінезге бай Амангелді ­Хамзаұлын дегдар адам десек жарасады. Ең бастысы ол – мемлекетшілік адам!

Отбасында ардақты әке, ақылман ата, әулеттің алтын діңгегі, ұрпаққа өнеге болған тұлға. Абыздық жасқа жеткен абзал аға, сергек келген 80 жасыңыз құтты болсын! Ел тарихының шежіресіне айналған, айтары бар қазыналы қарт болып ғасыр жасаңыз!

Қарлығаш БӘКЕНҚЫЗЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

қалалық Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button