Басты ақпаратРуханият

Асанәлісіз өткен  қырық күн

Алланың бұйрықты күні жетіп, келісімді уақыты бітсе не шара бар?! Қазақ қоғамына, қазақ өнеріне қайырылмас қаза келіп, қара орманы тағы да сиреп қалды. Осыдан қырық күн бұрын өмірден қазақ театр және кино өнерінің шын шебері, асқар таудай асылы, аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов ағамыз өмірден өтті деген суық хабар қасиетті қазақ жұртының қабырғасын сөгіп, жүрегін езіп кеткені ақиқат. Елін, жерін балаша жақсы көрген Асанәлісі үшін ата-жұрттың қасиетті топырағының құдіреті қашан да айрықша бөлек еді…

Ол туған Отаны мен егемен елін, оның Астанасын жүрегі елжірей жақсы көрді. Ең соңғы сапары да елордаға жасалып еді. Осылайша, дәстүрі дәуірлермен үндесіп, салты сақталған, ордасы бұзылмаған, үні сарқылмаған, базары тарқамаған, күй құдіреті тоқтамаған Ұлттық өнер орны толмас ауыр қазаға душар болды… Қазақтың заңғар тауы да, мөлдіреп аққан суы да, тамылжыған табиғаты да, сыбызғыдай сызылған желі де, төбемізді айналған ақша бұлт та барша өнерсүйер қауымға мұңайып көңіл айтқандай күйде болғаны сөзсіз. Іштей ой санасынан шығармай жүрген қазақ театр өнерінің қабырғалы қарашаңырағы Әкемтеатрдың 100 жылдық ғасыр тойын да көре алмай кетті…

Туған елінің өсіп-өркендегеніне қуанып, жетістігіне марқайып, сәтті ісіне сейіліп, табысына тамсана жүретін Ас-ағамыз енді ортамызда жоқ. Кісілікке кір шалдырмай, Адам деген ұлы атаққа дақ түсірмей өткен Асанәлі Әшімов туған халқының шын жанашыры, нағыз тілеу­лесі, ерекше тілектесі еді…

Алты алаш есімін ардақтаған, ұлттық өнердің қыранындай болған Асекең өмірден өтті деген суық хабардан есті адам ғана емес, тау теңселіп, сең қозғалып, бұлт көшіп, көктегі қос қанатты құс та мезгілсіз жерге қонып, тұяқты жануар да шайқалып барып, тұра қалғандай болды… Өйткені көздің жауһарындай, көңілдің меруертіндей болған Асанәлінің асқар есімі – бар қазаққа тым қымбат есім еді! Дарабоз актер, талантты режиссер, ойдың кені, зерделі сөздің зергеріндей, айтар жеңіл әзілдің ұстасындай, ақылдың қазынасындай болған ұлы суреткер жарық дүниені де қимай кеткен шығар?! Олай дейтінім, теа­тр мен кино өнерінің қос тізгінін қоса ұстаған Асекең өмірге құштар, құбылысқа құмар, жаңашылдыққа тұмар болған жан еді… Бес күндік жалғанның дүние-керуе­ні өмір жолаушысын өзінің көшелі көшінен қалдырмай оны да алып кетті…

Ол өрнекті өмірде киелі өнердегі жеткен жетістігі мен шыққан биігін өзіне қалқан еткен жоқ, қайта ұлы өнерді дамытуға қалқан болды. Кеудесі толған шерді сыртқа шығармай, адымын абайлап басқан ағамыз бабалардан қалған бекзаттық, сабыр, төзім, қанағат, ар, намыс, ақкөңіл, кеңпейіл, жігер, жомарттық, қайрат сияқ­ты ұлы мектептің іргесін сөгілместей қайта қалап кетті… Өйткені оның аты – Асанәлі, асыл заты – өнер, атасы – сахна, анасы – образ, қимасы – достары, жан дауасы – ұрпағы, тірегі – халқы, тілеуқоры – көрермені, тілеуі – бірлік, тілегі – ынтымақ, кредосы – әділдік, өмірі – өлшеусіз көк кұбыла әлем еді…

Ол ортамызда – заманауи театр және кино өнерінің бүтіндей бір ғасырының куәсіндей болып өмір кешті. Асекең ағамыз Қалекей, Елубай, Серке, Қаукен, Қамал, Әмина, Сәбира, Бикен, Шәкен, Әзірбайжан, Нұрмұхан сынды саңлақтардан қалған екі ғасырдағы театр және кино өнерінің жібек жіптей өрілген жалғас арысы еді…

Сексеннің сеңгірінен асқан шағында көкірегіне жарқыратып Алтын жұлдызын тағып, «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Асанәлі Әшімов «тоқсан» деген асауға да бұғалық тастай бастаған қазақ өнерінің күреңі еді… Өнердегі дарабоз тұлғасы еді… Кино және театр өнерін домбыраның қос шегіндей тербеп, құс қонар шыңның басына шығарған хас шебері еді… Құлагердің шабысындай шашасына шаң жуытпаған Асанәлі аға ұлттық өнердің абызы да, қобызы да бола білді. Өйткені ол абыз болып арындады, қобыз болып сарнады. Ботаның жемін жеп, нардың жүгін көтерді! Ол өнер мен азаматтықтың ақша бұлтпен таласқан, ақ сәлде оранған Хан Тәңірдей биік тауы еді…

Асанәлі Әшімов ұлттық өнер әлемінде өз әріптестері арасындағы озық тұрған жайсаң жолда шоқ жұлдыз­дай жеке дара тұрды. Қасиетті қарт Қаратаудың етегін жайлаған елде дүние есігін ашып, ақ бас Алатаудың топырағына ат байлаған Асекең табанының табы, қайталанбас ізі қалған мына өмірде Табиғат-Ана берген ұлы талантына дақ түсірмей кетті. Қазақ өнерінің тобылғы торысындай сәйгүлігі болған Асекеңе тағдыр «өмір» деген толқыны асау өзенінің армансыз тәттісін де жегізді, ащысынан дәм де татқызды, зарын да естіртті, запыранын да ішкізді. Бірақ, басына бір қайғы бір қайғысын жетелей келгенде де қазақ өнерінің зергеріндей болған тарлан тұлға сынбады. Мойымады. Езілмеді. Еңкеймеді. Бүгілмеді. Өйткені қалың елі мен қара орман көрермені оны қолтығынан демеп, бел омыртқасын түзеп, көз жасын сүртті. Міне, туған халқы осындай күйзелісі көп шақтарда оған тірек болды, қуат берді, еңсесін көтертті!

Үркердей топтың арасында үйдей болып, төрдегі орны төбедей болып көрінетін сол асқаралы Асекең бүгін еңселі елін жылатып, қалың жұртын еріксіз енкейтіп, тізе бүктіріп, артына қарайламай Алла аманатын өзіне тапсырып, өз әлеміне кетті… Күн астында аспандағы аққуға үн қосқан ықыластың қара қобызының үнімен өскен, қазақ киносының берен Бекежаны мен «атаманы» атанған Асанәлі Әшімов бес күн жалғандағы ақбоз атынан түсіп, ұлы өнерін халқына, өнегесін ұрпағына, тағылымын жұртына, үкісін үйіне, рухты сөзін халқына қалдырып кетті… Бес күн жалған деген осы шығар?!

Ол ит көйлекті қатар киген, шетінен бағлан, шетінен биік, шетінен қайталанбас жан достары Райымбек, Әнуар, Ыдырыс, Есболғандардың артында қалып, шырақшыдай жүріп, өмір кешті. Өмірден ерте өткен достарына бар ғұмырында тағзым етумен өтті. Ол әркез әр пендесіне келер өлімнің хақ екенін іштей терең сезді… Оны мойындады да… Өз күнделіктерінде «ол жақта менің достарым көп…» дегенді көп айтушы еді.

Ол осы өрнегі бұзылмаған, тасқа қашалған, оюы өшпеген өнер мен өмір жолында Қасымхандай кейіпкерін дос, Бекежандай батырды серік, Шыңғыстай тұлғаны өзіне үлгі ете білген жан еді. Тәккаппар мына заманда «Әй, танимысың сен мені, мен қазақтың баласы!» деген тұмардай болған қастерлі сөзді өмірге өнер арқылы қайта әкелген шын шебер, нағыз ұлтжанды азамат еді! Ол замандағы өзі сомдаған кейіпкерлернің рухын асқақтатып, жанын жауратпаған, сенімін өшірмеген, үмітін үзбеген кемеңгер өнер ұстасы еді!

Әшімовтер әулетінің бас қолбасшысындай болған Асанәлі – әке, Асанәлі – ата, Асанәлі – жар, Асанәлі – бауыр, ағайының тіргегі, асыл анасы Тәжіхан мен аяулы жары Майрасының, қос қарлығашы Сағи мен Мәдиінің өмірлік жоқтаушысы, ұрпағының тілеуі, бауыр­ларының қамқоры еді. Жаны қиналып жүргенде жанына серік болған Бағдаты мен жүрегін жылытқан кішкентей Асанәлісі оның таусылмайтын симфония­сындай болды. Сұлулық пен адалдықты, парасат пен пайымды, тазалық пен бекзаттықты мәңгі тақырып еткен қайран асаудай тулаған Асекең туғанда ел қуанса, ол өмір есігін жапқанда қара жер де амалсыз қимас­тықпен қиналған шығар…

Бесігі шайқалмаған бекзат өнердің иесі Асанәлі Әшімовтің қиындығы мен қуанышы мол өмір мен өнер жолында дарын мен даңқ, абырой мен атақ қол ұстасып қатар жүрді. Бірақ, ол дарынға тасымай төрге шығарды, даңққа көкірек соқпай қарапайымдық танытты, абыройды өзіне қалдырып, атақты шын шебер ретінде өз өнерімен көрер­менге сыйға тартты! Бұл оның алдына қойған өмірдегі мәңгілік кредосы еді! Бұл қасиеттер оған өнердің соқпағы сансыз ауыр жолдары арқылы жетті! Жай жеткен жоқ, мұзбалақ шыңына шықты! Сол үшін де халқы, мыңдаған көрермені оның өнеріне тамсанып, оның адал жанына серік болып, таза жүргі мен мөлдір пейі­ліне бас иді! Өзі бес күн жалған өмірден өтсе де, артында талайды тамсандырған ұлы таланты, ұлы образдары, ұлы өнері қалды… Сондықтан да, дара Асанәлі Әшімовтің есімі барша алаш жұртына Алатаудай асқақ, Қаратаудай қастерлі, Ұлытаудай қасиет­ті, Баянауылдай бағыналы болары ақиқат. Өйткені Асекең Ұлы Даласының үкілі өнерін асқақтатқан, тауларын биіктеткен тау тұлға еді…

Ендігі жерде Ұлы маэс­троның өнер әлеміндегі екінші ғұмырының мәңгілік болары шынайы шындық! Артыңда қалған бай мұраларың арқылы бүгінгі және келер ұрпақ сізді тани жүрері сөзсіз.

Ал бүгін «Қош, асыл аға!» деп жазу қолдан келсе де, қимастық көңілдің сол қадамға жібермей отырғаны-ай… Бірақ әр сөзі өсиет, әр ісі өнеге, шат көңілі толған аманат болған асыл ағаға жабырқаған көңілмен, жас толған жанармен «Қош!» деп айтуға тура келіп отыр… Енді күндік жерге көлеңкесі түсетін Асекеңнің тағылымы мол екінші өмірі, театр-кино әлеміндегі ұлы ғұмыры мен тұлғатану дәуірінің басталары ақиқат…

Қырғызәлі ТІЛЕУОВ,

Астана қаласы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button