Қызылша қайта белең алды ма?
Астана қаласында қызылшаға байланысты эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері елордада аталған жұқпалы ауруға қатысты 384 алғашқы жағдай тіркеліп, оның 234-і зертханалық жолмен расталды. Мамандар бұл деректерді инфекцияның қала аумағында белсенді таралып жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш ретінде бағалап отыр.
Аталған мәліметтер қоғамдық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында жарияланды. Жиынға Астананың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айгүл Шағалтаева, штаттан тыс бас балалар инфекционисі Динагүл Баешева және штаттан тыс бас педиатр Дана Әбілғазина қатысып, эпидемиологиялық ахуалдың негізгі себептері мен алдын алу шаралары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Сырқат деңгейі жоғары
Ресми деректерге сәйкес, расталған жағдайлардың басым бөлігі балалар арасында тіркеліп отыр. Атап айтқанда, 234 жағдайдың 218-і немесе 93,2 пайызы – 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Бұл балалар арасындағы ұжымдық иммунитеттің жеткіліксіз екенін көрсетеді. Ал жас ерекшелігі бойынша алғанда, сырқаттанғандардың 14 пайызы – мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар, 7 пайызы – мектеп оқушылары, 5 пайызы – студенттер. Қалған шамамен 10 пайызы екпе алмаған немесе иммундық жүйесі әлсіреген ересектер арасында анықталыпты.
Мамандардың айтуынша, балалар баратын мекемелерде ұзақ уақыт тығыз қарым-қатынаста бірге болу инфекцияның тез таралуына ықпал етеді.
Эпидемиологиялық талдау қызылшаға шалдыққандардың 93,5 пайызы, яғни 219 адам вакцинациядан өтпегенін көрсетті. Оның ішінде 61,5 пайыз жағдайда ата-аналар екпеден саналы түрде бас тартқан. Сонымен қатар науқастардың 26,5 пайызы – вакцина салдыру жасына әлі жетпеген балалар.
Дәрігерлердің айтуынша, вакцина жасына жетпеген сәбилердің қорғанысы тікелей қоғамдағы ұжымдық иммунитет деңгейіне тәуелді. Осыған байланысты вакцинациядан бас тарту – тек жеке отбасының ғана емес, жалпы қоғамның денсаулығына қауіп төндіретін фактор.
Қызылша – қауіпті инфекция
Қызылша – әлемдегі ең жұқпалы вирустық инфекциялардың бірі. Екпе алмаған адам науқаспен байланыста болған жағдайда, 90-95 пайыз жағдайда жұқтырады. Вирус ауа-тамшы жолымен таралады және жөтелу, түшкіру, сөйлесу кезінде оңай беріледі. Сонымен қатар жабық ғимарат ішінде екі сағатқа дейін сақталу қасиетіне ие. Ауру әсіресе ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер және иммунитеті әлсіреген адамдар үшін аса қауіпті. Қызылша ауыр асқынуларға, соның ішінде пневмонияға, отитке, энцефалит пен менингоэнцефалитке әкелуі мүмкін. Кейбір жағдайларда бірнеше жылдан кейін дамитын панэнцефалит тіркеліп, ол өліммен аяқталуы ықтимал.
Мамандар қызылшаның алдын алудың жалғыз әрі сенімді жолы вакцинация екенін атап өтеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сәйкес, инфекцияның таралуын толық тоқтату үшін халықтың кемінде 95 пайызы екпе алуы қажет. Бұл деңгейде ғана тұрақты ұжымдық иммунитет қалыптасады.
Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинация Ұлттық екпе күнтізбесі аясында жүргізіледі. Алғашқы доза 12 айлық кезде, екінші доза 6 жаста салынады. Вакцинаның тиімділігі 95 пайыздан жоғары және оның қауіпсіздігі халықаралық медициналық зерттеулермен дәлелденген.
Қазіргі уақытта Астана қаласының емханаларында жоспарлы вакцинациядан өтпей қалған балалар мен жасөспірімдерге арналған вакцинация жүргізілуде. Сонымен қатар қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған адамдарға 72 сағат ішінде шұғыл иммундау ұсынылады. Бұл шаралар ауруды болдырмауға және инфекцияның одан әрі таралуын тежеуге бағытталған. Денсаулық сақтау саласының мамандары ата-аналарға вакцинация алдында баланың жалпы денсаулық жағдайын, созылмалы ауруларының бар-жоғын және бұрын болған вакцинация реакцияларын ескеру қажеттігін де еске салады.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ



