Басты ақпаратМәселе

Жол үстіндегі жауапкершілік

Жол ережесін неге сақтамайды?

Елорда тұрғындарының саны артқан сайын қала көшелерінде жүретін жеке көлік те көбейіп жатыр. Бүгінгі таңда Астанада 450 мыңнан астам көлік тіркелсе, күн сайын 100 мыңға жуық көлік сырттан келіп, транзитпен өтеді. Осынша көліктің қозғалысынан, өкінішке қарай, көптеген апатты жол-көлік оқиғалары да орын алып отыр.

Бүгінде еліміздегі жол-көлік оқиғалары қордаланған мәселеге айналды. Көлік қақтығысынан жыл сайын мыңдаған адам қаза болады. Бірақ біз бұл қасіретке дағдыланып, кәдуілгі үйреншікті жайт ретінде қабылдап алғандаймыз. Қаралы хабар естісек, бір сәт елең етеміз де, артынан «тағы бір апат екен» деп өте шығамыз. Міне, ең қауіптісі – осы бейқамдық.

оңғы 5 жылдағы сандық деректерге үңілейік: 2021 жылы елімізде 9722 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2022 жылы 10258-ге жетті. 2023 жылы 9869 апат орын алды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш бір-ақ жылда күрт өсіп, 19302-ні құрады. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының өзінде 26127 жол апаты тіркелген.

Өткен жылдың алғашқы 9 айының өзінде 1699 адам жол үстінде қаза тапты. Яғни күн сайын 5 адам үйіне аман оралмаған. Одан бөлек, қаншама адамның денсаулығына зақым келіп, мүгедек болып қалды. Тағы қанша отбасы өз мүшесін жоғалтып, қанша бала жетім қалуы керек? Бұл сұрақтарға біз сирек үңілеміз.

Жол апатының басты себебін іздегенде біз көбіне техниканы, табиғи факторларды, жол сапасын алға тартамыз. Алайда мұның ақиқаты біреу-­ақ. Апаттардың басым бөлігі – адам әрекетінің салдарынан. Жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, мас күйінде көлік жүргізу, телефонға алаңдау, жаяу жүргіншіге жол бермеу. Осының бәрі – жауапсыздықтың көрінісі. Болып жатқан қайғылы оқиғалар жол ережесін білмеудің емес, біле тұра сақтамаудың әсерінен.

Елімізде автокөлік саны соңғы жылдары бақылаусыз өсіп барады. Нарық кеңейді, көлік қолжетімді болды. Қытайдан, Кореядан, Еуропадан келетін автокөліктердің бағасы арзандап, халық жаппай көлік мінуге көшті. Бір үйде бір емес, екі-үш көлік тұруы қалыпты жағдайға айналды. Бірақ көлік көбейгенмен, жауапкершілік артқан жоқ.

Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде Қазақстанда 5,8 миллионнан астам автокөлік тіркеуде тұр. Ал тіркеусіз жүрген көліктерді есепке алсақ, нақты сан бұдан да көп. Жол инфрақұрылымы бұл жүктемеге дайын емес. Қалалардағы жолдар тар, тұрақтар жетіспейді, қозғалыс жүйесі ескірген. Ал аудандық, ауылдық жерлерде жол сапасы сын көтермейді. Осындай жағдайда апаттың көбеюі – заңдылық.

Бұл мәселе Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған емес. Президентіміз Қасым-­Жомарт Тоқаев «Turki­stan» газетіне берген сұхбатында елімізде соңғы 5 жылда автокөлік саны 1,7 миллионға артқанын атап өтті. Бұған қоса, жыл сайын шамамен 3 миллион транзиттік көлік Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл еліміздің жолдары тек ішкі емес, халықаралық жүктемені де көтеріп отырғанын білдіреді. Ал транзиттік көліктердің қозғалысы артқан сайын қауіп те көбейеді. Бірақ мәселенің ең түйінді тұсы – жол мәдениетінің әлсіздігі. Бізде рульге отырған адамда өзін заңнан жоғары қоятын әдет бар. «Үлгеру керек», «ештеңе болмайды», «бәрі солай жүріп жатыр» деген түсінік қалып­тасқан. Ал бұл ойдың соңы – апат. Жолда артықшылық сұрайтын ешкім жоқ. Жол бәріне ортақ. Бірақ осы қарапайым қағиданы түсіну бізге әлі қиын.

Кейде жолдағы қайғылы жағ­дайды «жазатайым оқиға» деп атауға тырысамыз. Бұл – өзімізді алдаудың бір түрі. Себебі жазатайымдық – алдын алуға болмайтын жағдай. Жол апаттарының басым бөлігі алдын алуға болатын қателіктерден туындайды. Демек, бұл дегеніміз – тағдырдың емес, адамның не дұрысты, не бұрысты таңдауында.

Ішкі істер министрлігі соңғы жылдары жол қауіпсіздігін күшейту бағытында нақты қадамдар жасады. Камералар орнатылды, автоматтандырыл­ған бақылау жүйелері енгізілді, айыппұл мөлшері артты. Бұл іс-шаралар қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Бірі «қалта қағу» десе, бірі «тәртіпке үйрету» дейді. Бірақ бір анықты аңғару керек: заң қатал болмаса, тәртіп те болмайды. Дегенмен айыппұлмен ғана мәселе шешілмейді. Өйткені заң – орындалуы керек қағидаттар мен нормалар. Ал тәртіп – үлкен жауапкершілік. Егер адам өз-өзін тоқтата алмаса, оны камера да, айыппұл да жөнге сала алмайды. Сондықтан жол қауіпсіздігі – тек полицияның емес, отбасының, мектептің, қоғамның мәселесі.

Тағы бір алаңдатарлық мәселе – жас жүргізушілер. Куәлікті формалды түрде алу, тәжірибенің аздығы, қуатты көлікке бірден отыру – қауіптің негізгі көзі. Бұған қоса, әлеуметтік желі үшін рульде отырып видео түсіру, тікелей эфирге шығу секілді қауіпті әдеттер пайда болды. Көңіл сергітуге бет бұрып, арты қайғымен аяқталмасын…

Жолдағы жауапкершілік тек жүргізушіге ғана артылмауы керек. Белгіленбеген жерден өту, құлаққап тағып, телефонға үңілу, түнде жарықсыз жүру жаяу жүргіншінің де өміріне қауіп төндіреді. Жол – ортақ кеңістік. Ал ортақ кеңістікте жауапкершілік те ортақ болуы тиіс.

Тағы бір өткір мәселе – қо­ғамдық көлік қауіпсіздігі. Соңғы жылдары автобустардың қатысуымен болатын жол апаттары жиілеп кетті. Жүргізушілердің шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуі, демалыс режимінің сақталмауы, техникалық тексерістердің формалды түрде өтуі – мұның бәрі қауіптің ұлғаюына әкеледі. Қоғамдық көлік – мыңдаған адамның тағдырына тікелей әсер ететін сала. Бірақ біз бұл мәселеге көбіне апаттан кейін болар іс болып, бояуы сіңген соң ғана назар аударамыз.

Елордадағы жағдай да ойландырмай қоймайды. Астанаға жыл сайын 100 мыңға жуық адам көшіп келеді. Бұл – көлік санының жыл сайын артуы деген сөз. Қалада 450 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Оған қоса, күн сайын қала маңынан келіп-кететін және транзитпен өтетін 100 мыңға жуық көлік бар. Осындай тығыз қозғалыс жағдайында күн сайын 100-ге жуық жол-көлік оқиғасының тіркелуі қалыпты құбылысқа айналып отыр.

Қоғамдық көлікке сұраныс та артып келеді. Автобус мәселесіне қатысты қала әкімі Жеңіс Қасымбек жыл соңындағы қорытындысында «Біздің есебіміз бойынша дәл бүгінгі таңда тағы қосымша 1 мыңдай автобус керек. Алдағы 2-3 жылда авто­бустар саны 2500-3000-ға дейін барады. Былтыр күзде күніне қоғамдық көлікпен жүретін елордалықтар саны 850 мың адам еді. Ал биыл күніне 1 млн 150 мың адам автобуспен жүреді» деп мәлім етті. Әрине, бұл – жақсы жаңалық. Бірақ қауіпсіздік мәселесі қатар шешілмесе, автобустар санының артуы апат санын азайтпайды.

«Көлік апаты оқиғалары көбіне күзден қысқа, қыстан көктемге ауысар шақта орын алады. Аталған бірінші кезеңде жүргізушілер көліктің дөңгелегін ауыстырмау салдарынан жол-көлік қақтығысы қар ­жауған күні-ақ күрт өседі. Бұл қамсыздықтың салдарынан. Ал екінші кезең – қыстан кейін қар еріп, жол жылпылдақ мұз болып жатқан шақ. Бұл кезеңде аса сақ болмаса өте қиын. Қыс мезгіліндегі жағдайды түсінуге болады. Бірақ жолда жауапкершілік жоғары болуы тиіс. Бір сәтке салғырттық танытуға болмайды. Алаң-елең етіп, әрнені ойлау жүргізушіге бір күні зиянын тигізері анық» дейді елордадағы техникалық байқау станциялары қызметкерінің бірі Жандос Айдарханұлы.

Бүгінгі таңда жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет. Ақылды бағдаршамдар, қауіпті аймақтарды алдын ала анықтайтын жүйелер, қозғалысты болжайтын цифрлық платформалар сынды. Мұның бәрі апат санын азайтуға көмектесе алады. Бірақ техника құрал екенін ұмытпау керек. Бұл мәселедегі түпкі шешім – адам санасында.

Біз жолдағы тәртіпті әлі күн­ге дейін уақытша науқан ретінде қабылдаймыз. Бір ай тексеру күшейеді, бір айдан соң бәрі ұмытылады. Ал өмір қауіпсіздігі науқанға тәуелді болмауы тиіс. Жолдағы тәртіп күнделікті жол-көлік мәдениетіне айналуы керек. Болып жатқан апаттар сандық дерекке ғана айналып қоймасын.

Тоқетері, жол-көлік апаты – белгілі бір саланың кемшілігі емес, тұтас қоғамның дерті. Заң бар, бақылау бар, техника бар. Бірақ ең маңыздысы – сана қай деңгейде екені. Әр жүргізуші рульге отырған сәтте тек өз өмірін ғана емес, өзгенің де тағдырын арқалап отырғанын сезінгенде ғана жағдай жақ­сарады. Әйтпесе жол үстіндегі жанайқай әлі талай рет құлағымызды тырнап, өкініш өзегімізді өртей берері анық.

Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button