Депутаттар жолаушы вагондарының өндірісімен танысты

Астанада «Штадлер Қазақстан» ЖШС өндірістік алаңында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің көшпелі кеңес өтті. Іс-шараға Сүйіндік Алдашевтің жетекшілігімен Сенат депутаттары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Тайжанов Жәнібек Жұмаұлы қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сапар барысында сенаторларға Ұлттық тасымалдаушыға арналған жолаушы вагондарын өндіру барысы, өндірістің локализация деңгейі және кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктері таныстырылды. Жылжымалы құрам Қазақстанның климаттық жағдайларын ескере отырып жобаланатыны, сондай-ақ тасымалдардың жайлылығын, қауіпсіздігін және қолжетімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Жаңа жолаушылар вагондары заманауи инженерлік шешімдермен жабдықталған, ұзақ мерзімді пайдалануға есептелген, сондай-ақ темір жолдардың электр жүргізілген және жүргізілмеген учаскелерінде қолдануға болады. Вагондар сыйымдылығының артықшылығы және эргономикалық интерьерімен ерекшеленеді.
Сондай-ақ биыл Stadler технологиясы бойынша өндірілген жолаушылар вагондарын Астана – Алматы бағыты бойынша іске қосу жоспарланып отырғаны хабарланды.
Жасалған келісімшарт аясында 2030 жылға дейін 557 жолаушылар вагонын кезең-кезеңімен жеткізу және кейінгі сервистік қызмет көрсету көзделген.



