Ел тынысы

Мәди Мырзағараев соттың санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынды

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның бірінші отырысында сот санкциясынсыз ұстау мерзімін қысқарту және адвокатура институтының конституциялық мәртебесін бекіту қажеттігін айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикердің айтуынша, жеке бас бостандығы — барлық құқықтың негізі және бұл қағидат Конституцияда нақты тетіктермен бекітілуі тиіс. Қазіргі қылмыстық процесте уақытша ұстаудың ұзақтығы адам құқығына тікелей қатер төндіреді. Мәди Мырзағараев технологиялық мүмкіндіктерді алға тарта отырып, бұл тәжірибені түбегейлі қайта қарау қажеттігін атап өтті.

«Уақытша ұстау — бұл тергеудің алғашқы кезеңіндегі мәжбүрлі, айрықша шара. Бірақ осы уақытша шараның өзі мейлінше қысқа мерзімге ғана қолданылуы тиіс. Ең бастысы — сот қарауына тез арада жеткізу. Технологиялар дамыған бүгінгі заманда материалдарды сотқа ұсыну үшін ұзақ уақыттың қажеті жоқ. Негізгі тергеу әрекеттері алғашқы тәулікте-ақ атқарылады. Сот бақылауын ертерек іске қосу азаматқа ғана емес, мемлекетке де тиімді. Сот санкциясы — тергеу заңдылығының басты кепілі және қоғам сенімінің тірегі. Осы ретте, халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, Конституцияда сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқартуды ұсынамын»,- деді Мәди Мырзағараев.

Сонымен қатар, спикер халықаралық деңгейде мойындалған «Миранда қағидасы» — құқықтық мемлекеттің мызғымас өлшемі екенін баса айтты. Соған сәйкес, азамат өз құқығын тағдыры таразыға түскен алғашқы минуттан бастап білуге тиіс. Ал сол құқықтардың ішіндегі ең маңыздысы — кәсіби адвокаттың көмегіне жүгіну құқығы. Сондықтан Мырзағараев өз сөзінде адвокатура институтының қазіргі құқықтық жағдайына тоқталды. Ол Конституцияда білікті заң көмегіне құқық бекітілгенімен, сол көмекті қамтамасыз ететін негізгі институттың мәтінде нақты аталмағанын айтты. Мәди Мырзағараев Қазақстанда адвокатураның бұрын конституциялық мәртебесі болғанын еске салып, тарихи олқылықты қайта жасамауға шақырды.

«Адвокатура — тек кәсіби қауымдастық емес, құқықтық мемлекеттің ажырамас тірек институты. Дәл осы рөл оның мәртебесін жалпы заң деңгейінде ғана емес, Конституция деңгейінде танудың табиғи қисындылығын көрсетеді. Қазақстан аумағында адвокатураның конституциялық мәртебесі бұрын болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформалар барысында адвокатураның Ата Заң мәтінінен тыс қалуы — тарихи олқылық. Нәтижесінде, Конституцияда білікті заң көмегіне құқық бекітілгенімен, сол көмекті тарихи түрде көрсетіп келе жатқан негізгі институттың өзі Конституция мәтінінде аталмай қалды»,- деді Мәди Мырзағараев.

Сөз барысында Мәди Мырзағараев қазіргі конституциялық реформаны адвокатураның мәртебесін орнына келтіретін тарихи мүмкіндік деп атап өтті. Ол Конституцияда адвокатураның құқықтық мәртебесін бекіту мемлекеттің жариялаған бағытына, Президент айқындаған стратегиялық бағдарға және қоғамның сұранысына толық сәйкес келетінін баса айтты.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button