Елорда тынысы
Астанада аумақтық қорғаныс мәселесі талқыланды

Астана қаласында аумақтық қорғаныс пен әскери инфрақұрылым жүйесіндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты өзекті мәселелерге арналған отырыс өтті. Оған Парламент Сенатының депутаттары Андрей Лукин, Сергей Ершов, Амангелді Нұғманов, Ғалиасқар Сарыбаев, Әлішер Сатыбалдиев және Геннадий Шиповских, қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Отырыста осы саладағы негізгі міндеттер мен өзекті сын-қатерлерді талқыладық. Аталған мәселелер бұған дейін мәслихат отырыстарында да бірнеше рет көтерілгенін атап өткім келеді. Талқылау барысында жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігін арттыру және ықтимал төтенше жағдайларға дайындық деңгейін күшейтуге бағытталған практикалық тәсілдерді айқындауға басымдық берілді.
Кездесу аясында жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әскери және күштік құрылымдармен өзара іс-қимылы, инфрақұрылымды сақтау және дамыту шаралары, сондай-ақ халықты хабардар ету жүйесін жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды, — дейді мәслихат төрағасы.
Сонымен қатар ол аталған жиында аумақтық қорғаныс шеңберінде азаматтарды даярлау және оқу-жаттығу іс-шараларын ұйымдастыруға ерекше назар аударылғанын жеткізді



