Ел тынысы

Қызылордада V Ұлттық құрылтай өтуде

Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен V Ұлттық құрылтай отырысы өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сөз сөйлеп, кеше биылғы құрылтайдың 4 секциясы өз отырыстарын өткізгенін жеткізді. Соның аясында құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 200-ден астам ұсыныс айтылған.

— Ғылым және білім, бала құқықтарын қорғау саласында маңызды бастамалар қолға алынды. Жақында ғылыми қалашықтар құру және дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Мектептердегі тәрбие бағдарламасы жетілдірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленді. Балалардың құқығын қорғау бағытындағы шараларының бәрі енді осы құжатқа біріктірілді.
Былтыр аймақтардың дамуы бойынша бірқатар бастама іске асты. Қазақстан Республикасының Өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды. Құжаттың басты міндеті – халықты негізгі инфрақұрылымдармен тең дәрежеде қамтамасыз ету. Өңірлердегі негізгі мәдени-туристік іс-шаралардың тізбесі жасалды. Мұның бәрі бір жылда атқарылған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Жалпы Бурабайда айтылған бастамалар мен ұсыныстар негізінде жүйелі жұмыстар жүргізілді. Оларды тиімді іске асыру үшін құрылтай мүшелері секцияларда, жұмыс кездесулерінде түрлі талқылау өткізді, — деді ол.

Одан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов баяндама жасады:

-Бүгінгі жиын арқылы ел ішіндегі бірқатар түйткілді мәселеге тоқталғым келеді. Бірінші, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы экономикада өсімді қалыптастыру. Қазір банктер кәсіпкерлікке несие беру кезінде 25 пайыздық мөлшерлеме қолданады. Бұл кәсіпкерлер үшін қолайсыз және бизнесті дамыту мүмкіндігін шектейді. Сол себепті кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдетілген несие жүйесін енгізу керек деп есептеймін. Мұны даму институттары мен банктердің қаражатын үйлестіру арқылы жүзеге асыруға болады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға бөлінетін қаражатқа, берілетін жеңілдіктерге цифрлық платформа арқылы жыл сайын оның тиімділігіне, экономикаға әсеріне талдау мен бақылау жүргізу қажет. Өйткені жаңа жұмыс орындарын ашу, өндірісті дамыту сияқты бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек, — деді ол.
Құрылтайда сонымен қатар саясаттанушы Марат Шибұтов, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің ректоры Лаура Қарабасова сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы сөзін бастап, Қызылорданың даму қарқынына жақсы баға берді.

— Бүгін Ұлттық құрылтай жиыны осымен бесінші рет шақырылып отыр. Бұл форумның алғашқы отырысы ұлт ұясы Ұлытауда өтті. Екінші жиын түбі бір түркі жұртының қара шаңырағы Түркістанда болды. Үшінші отырыс бірегей Атырау аумағында ұйымдастырылды. Ал былтыр тарихи бай Көкшетау төрінде жиналдық. Енді міне қастерлі Қызылорда жерінде бас қосып отырмыз. Бұл — халқымыз үшін орны ерекше аймақ. «Сыр алаштың анасы» деген аталы сөз бар, — деді Мемлекет басшысы.

Президент осы атыраптағы Шірік-Рабат, Жанкент, Алтынасар, Баршынкент қалаларының орны көне заманның өзінде қазақ жерінде дамыған қала өркениеті болғанын аңғартатынын айтты.

— Қызылорданы сол әйгілі қалалардың заңды жалғасы дей аламыз. Бұл шаһардың тарихи мән-маңызы айрықша. Оның осыдан 1 ғасыр бұрын Қазақстан астанасы болғаны баршаға мәлім. Бұл жерде еліміздің болашағына қатысты аса маңызды шешімдер қабылданды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар ол су мәселесіне де назар аудартты.

— Біз су мәселесімен жүйелі айналысуымыз керек. Мен былтыр БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсындым. БҰҰ-ны реформалау барысында осы мәселені алға қарай жылжытуымыз қажет. Алдағы сәуірде Астанада Халықаралық экология саммиті өтеді. Жиында Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшыларымен Арал мәселесін талқылаймыз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Мемлекет басшысы Кіші Аралдың қалпына келуі бүкіл Сыр өңірін одан әрі көркейтуге жол ашатынын айтты.

Еске салсақ, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы 2022 жылы Ұлытауда өтті. Мұнан соң 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда, 2025 жылы Бурабайда өткен болатын.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button