Табысымызды инфляция неге жеп қояды?

Ұлттық статистика бюросының ресми ақпаратына сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі инфляция 12,3 пайызды (2024 жылғы көрсеткіш – 8,6 пайыз) құрады. Өткен жылдың қазан айында сарапшылар инфляцияның күрт өсіп, екі жылдық 13 пайыздық межеге жеткенін ашық айтты. Экономистердің пайымдауынша, бағаның күрт өсуі қарапайым адамдардың табысын жеп қоюда. 1 қаңтардан бастап күшіне енген салық реформасы (ҚҚС-ның көтерілуі) ахуалды одан әрі қиындатары сөзсіз. Қазірдің өзінде біз азық-түлік тауарларының ғана емес, қызмет көрсету саласындағы бағалардың да тез өскенін көріп отырмыз. Осы мәселеге тереңірек үңілейік.
Инфляция бой бермей тұр
«Инфляцияның жылдық деңгейінің өсуіне негізінен алғанда азық-түлік өнімдері және алкогольдік емес сусындар (5,2 пайыздық тармақ), денсаулық сақтау (1,5 пайыздық тармақ) және тұрғын үй қызметтерінің қымбаттауы (1,2 пайыздық тармақ) ықпал еткен» делінген Ұлттық статистика бюросының ресми хабарламасында. Егер өңірлерге бөліп қарастырсақ, 2025 жылдың желтоқсан айында ең жоғарғы жылдық инфляция деңгейі Солтүстік Қазақстан (14,2 пайыз), Ақмола (13,6 пайыз) және Атырау (13,5 пайыз) облыстарында тіркелген. Ірі қалалардың арасында 12,2 пайыздық көрсеткішпен Астана көш бастап тұр. Ал жылдық инфляцияның ең төмен деңгейі Алматы қаласы мен Қостанай облысында 11,7 пайыз болса, Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында 11,8 пайыз деңгейінде тіркелді. Өткен жылы азық-түлік тауарларының құны 13,5 пайызға (2024 ж – 8,6 пайыз), ақылы қызмет түрлері – 12 пайызға (2024 ж – 13,3 пайыз), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың құны – 11,1 пайызға (2024 ж – 8,3 пайыз) өсіпті.

Енді инфляцияның динамикасына көз жүгіртейік. 2024 жылмен салыстыратын болсақ, сиыр етінің бағасы – 32,1 пайызға, қойдың еті – 28,8 пайызға, шұжық бұйымдары – 19,3 пайызға, алма – 18,4 пайызға, күнбағыс майы – 17,5 пайызға, балық және теңіз өнімдерінің бағасы – 16,5 пайызға, алкогольдік емес сусындар – 16,3 пайызға, сары май – 13,9 пайызға, сүт және ашытылған сүт өнімдері – 11,2 пайызға, құс еті 10,7 пайызға өскен. Халық көп тұтынатын баллондарға құйылған жанғыш газ – 23,2 пайызға, АИ-92 маркалы жанармай – 16,0 пайызға, АИ-95/96 маркалы жанармай 14,1 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ Дубайдағы демалыстың құны 47,5 пайызға дейін күрт өсіпті. Соған қарамастан, қазақстандықтардың дені жылдың қай мезгілінде болса да Дубайда демалып жүр.
Импорт пен тариф қалыптастырады
Еліміздің экономикасының ішкі құрылымына үңілсек, бағалардың банк ұйғарымы немесе нарықтағы сұраныстан емес, импортталатын тауарлар мен реттелетін тарифтерден құралатынын көреміз. Бұл жерде баға екі түрлі жағдайда өседі. Біріншісі – теңгенің бағамы әлсіреп, импорттық тауарлардың құны қымбаттаған кезде байқалады. Екіншісі – реттелетін тарифтердің көтеріліп, тауар мен қызмет түрлерінің құнына әсер ететін кезі.
Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі Нұрболат Мұқанов тарифтердің көтерілуі инфляцияға бәрінен күштірек ықпал ететінін айтады. «Мәселен, ұлттық ақшамыздың тұрақты бағамы инфляцияға импорттан келетін қысымды төмендетеді. Соның есебінен азық-түлік, киім-кешек, техниканың бағасы қалыптасады. Ал бағаның өсуіне қызмет түрлеріне тарифтердің көтерілуі айрықша әсер етеді. Бұл құбылыстың инфляцияның деңгейіне қаттырақ әсер ететіні соншалық, ол өндірістің барлық кезеңіне салынған. Мысалы, өнімді өсіретін фермерлік шаруашылықтар тарифті көтерсе, сол баға өндірілген өнімді тасымалдаушыларға да, бөлшек саудаға шығарушыларға да әсер етеді. Базалық коммуналдық шығындардың көлемі ұлғайса, ол барлық кезеңдерде бағаның тез өсуіне әкеледі. Бағалардың күрт өсуінің жүйелік факторы осы» деп түсіндіреді Н.Мұқанов.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан импортқа тәуелді елдердің қатарында қалып отыр. Азық-түлік тауарларының, киім-кешек пен аяқ киімнің, техника мен оның бөлшектерін шетелдерден, соның ішінде негізінен Қытай мен Ресейден тасымалдаймыз. Яғни, теңгенің бағамы әлсіреп, рубль мен юаньның бағамы нығайса тауарлардың бағалары өзгеріп шыға келеді. Мәселен, біз компьютерлерді 100 пайыз Қытайдан сатып аламыз. Әрі кеткенде тауық жұмыртқасын импорттауға ғана шектеу қоя аламыз. Жеміс-жидектердің де көпшілік бөлігін ҚХР-дан импорттайтын болдық. Мұның бәрі бағаның құбылуына әсер етеді.
Несие табысты арттыра алмайды
Ұлттық банк биыл да 18 пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды. Мұндай ұстаным инфляциямен күресуге құрал бола ала ма? Әлбетте жоқ. Тұтынушылық сегментіндегі несиелік өнімдердің қымбаттауы, банктерге қатысты нормативтердің күшейтілуі халықтың несиелік белсенділігін төмендетті. Мұны ресми реттеушінің өкілдері де мойындайды. «Қазір банктер экономикаға қосымша сұраныс туғыза алмайды, керісінше олар қатаң инфляцияға қарсы Ұлттық банк саясатының аясында күнін көруде. Несие бағаның өсіміне ықпал етуі үшін, адамдардың еркін табыс көзі болуы шарт, яғни, ай сайынғы және күн сайынғы шығындарынан бөлек жұмсайтын ақша қоры қажет. Қазір ондай қор жоқ. Жалақы өспейді, оның көп бөлігі азық-түлік сатып алуға, міндетті төлемдерді төлеуге жұмсалады. Жинақ ақшалардың көлемі өте жай өседі. Халықтың табысы мұндай деңгейде болса, тұтынушылық сұраныс та әлсіз. Сол себептен, несие инфляцияны еңсеруге көмектесетін фактор дей алмаймын» деп түсіндіреді мәселенің мәнісін Нұрболат Мұқанов.
Жүйесіз жоспар еш пайда әкелмейді
Жуырда Halyk Finance сарапшысы Мұрат Темірханов Үкімет, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған ел экономикасын көтеруге және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бірлескен жоспарын сынға алып, қаржылық құжаттың қарапайым жұрттың хал-ахуалын жақсартуға ешқандай пайдасы тимейтінін мәлімдеді. Сарапшының пікірінше, Үкіметтің фискалдық саясаты мен Ұлттық банктің монетарлық саясатының арасында үйлесімсіздік бар. Бұл мәселе инфляцияны күшейтіп, экономиканың тұрақты өсіміне кері әсерін тигізеді. «Өсім дегенде негізгі назар бюджеттен 1 трлн теңге алатын «Бәйтерек» холдингіне аударылған, ол сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтардан 4 трлн теңге қаражат тартуы тиіс. Ақшаны жеңілдетілген несиеге және «өсім нүктелеріне» аудару көзделген. Бұл – нарықтық модельге көшу емес, мемлекеттің экономикаға қатысуын нығайту. Құжатта бұрынғы стратегиялық жоспарлардың сәтсіздікке әкелгеніне ешқандай талдау жасалмаған. Мемлекеттік мекемелерді жекешелендірудің орнына «оңтайландыру» туралы айтылады. Түптеп келгенде, жүйесіз жоспар ешқандай пайда әкелмейді» дейді ол.
Ақшаны үнемдейтін кез келді
Үкімет өткен жылдың қазан айында инфляцияны «ауыздықтау» мақсатымен коммуналдық тарифтерді көтеруге, жанар-жағармай бағасын өсіруге уақытша шектеу енгізгенін білеміз. Мораторийдің нәтижесінде жыл соңына қарай инфляция деңгейі төмендеді. Алайда Үкімет осы шектеулерді алып тастағаннан кейін, бағалар тағы «секіріп» кетті. Экономист Алмас Чукин Ұлттық банк биылғы жылдың бірінші тоқсанында базалық мөлшерлемені қайта қарау қажеттігін айтады. «18 пайыздық мөлшерлеме өз міндетін атқарды. Сол себептен ақпан айынан бастап экономикаға жәрдемдесуіміз керек. Ол үшін мөлшерлемені кемітейік. Нақты бір нәтижеге сонда ғана қол жеткіземіз» дейді сарапшы.
Өткен жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6 пайыздан астам өсті. Экономистер ЖІӨ-нің өсуі халықтың шынайы табысының көтерілгенін көрсетпейді деген пікірде. Мысалы, 2025 жылы еліміздегі жалақының орташа номиналдық өсімі 11,3 пайызды құрады. Бірақ сайып келгенде, қазақстандықтардың табысы 1,7 пайызға кеміді. Атап айтсақ, құрылыста, білім беру мен денсаулық сақтау, қоғамдық тамақтандыру салаларында жұмыс істейтін азаматтардың нақты табысы 2-ден 11 пайызға дейін төмендеген.
Halyk Finance сарапшыларының болжамына үңілсек, 2026 жылдың соңына қарай инфляция деңгейі 10,5-11,5 пайыз мөлшерінде болады. Экономикалық өсім 4,5 пайыздық деңгейді көрсетіп, жыл соңында АҚШ долларының бағамы 600-610 теңгені құрауы мүмкін. Экономист Меруерт Махмұтова әр отбасы кез келген жағдайға дайын болып, ақшаны үнемді жұмсау қажеттігін айтады. «Егер экономикалық ахуал ушығып кететін болса, егер жұмыс берушілер уақытында жалақы төлемейтін болса, әр отбасы қаржылық қиыншылықтардан алдын ала сақтанудың жолдарын қамдануы тиіс. Әр отбасы 3-6 айға дейін қажеттіліктерге жұмсайтын ақшаның қорын жасақтағаны жөн. Өйткені ҚҚС-тің өзгеруінен жұмыс орындары қысқарып, көптеген шағын және орта кәсіпорындар жабылып қалуы мүмкін. Сол себептен әр азамат «Мен басқа қандай мамандықты игеремін», «Қалай көбірек табыс табамын» деген сауалдарды алға тартып, ертерек қарекет жасаса ұтылмайды. Өйткені мынау құбылмалы әлемде алдағы уақытта бізді не күтіп тұрғанын ешкім тап басып, болжай алмайды» дейді сарапшы.
Төлен ТІЛЕУБАЙ



