Елдің алғысын арқалаған мерейлі жыл болды – Бахаргүл Төлеген

Астана қаласы мәслихатының депутаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Әдемі-Ай» компаниясының директоры Бахаргүл Төлеген барша қазақстандықтарды келіп жеткен Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Барша қазақ еліне Жаңа жыл құтты, берекелі жыл болсын. Өткен жыл табысты жыл болды. Келе жатқан жыл одан да берекелі, несібелі жыл болсын. Алдағы Жылқы жылы да аттай шауып, бәйгеден оза берейік. Ел аман, жұрт тыныш болып, елордамыз көркейе берсін. Былтыр елордамызда барлық салада үлкен өзгерістер орын алды. Мәслихат депутаттары ретінде көп жұмыстар атқардық. Одан бөлек AMANAT партиясының апта сайынғы көптеген іс-шараларының бәріне белсенді қатыстық. Өзіміздің округтегі тұрғындардың талай мәселелерін шештік. Өмірде түрлі қиын жағдайға тап болған елордалықтардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, аз қамтылған бірқатар отбасыларға қол ұшын создық, — дейді депутат.
«Әдемі-Ай» компаниясының директоры ретінде ол өз компаниясының 2025 жылы ауқымы кеңейіп, жаңа тауарлар шығаруға басымдық берілгенін айтады.
-Былтырғы мақтанып айтарлық үлкен жетістігіміз — ол 3 бірдей қалада жаңа дүкен ашқанымыз. Киім топтамасын едәуір үлкейттік. Ерлер шапандарының 15 жаңа моделі, оның бесеуі тақияларымен шықты, Міржақып, Мағжан, Президент, Құрманғазы, Сұлтанмахмұт, Қасымхан, Сағадат, Алдияр, Ғазиз, Ақан, Сәкен, Ыбырайдың жаңа түрі, Президент шапанның қара түсі, жаңа принт шапандардың үлгілері шықты. Ал әйелдер топтамасы 30-дан аса жаңа модельдермен толықты, Домалақ ана, Гаухар ана, Бопай ана, Ұмай ана, Сырғалым, Алаша, Өрнек, Лаула, жақында 16 қыз топтамасы шықты. Сондай ақ свитшоттар топтамасын шығардық. Біздің киімдер басқа брендтерге қарағанда сапасымен, дизайнымен, бағасы жағынан да қолжетімдірек болып ерекшеленді, — дейді кәсіпкер.
Сондай-ақ ана, әйел ретінде де Бахаргүл Төлеген отбасындағы жағымды жаңалықтарымен бөлісті.
-Жеке басымда да көптеген жақсы жаңалықтар болды. Кіші қызым бірнеше рет олимпиадаларға қатысып, жеңімпаз атанды. Ұзатқан қызым екінші бөпесін дүниеге әкелді. Солардың қуанышы деп салт-дәстүрімізге сай жақындарымызға шағын дастархан жайдым. Сонымен қатар «Ұлт қайраткері» деген медальге ие болдым. «Аманат жанашыры» деген статуэтка алдым. Одан басқа да Алғыс хаттармен марапатталып, еңбегіміз еленді. Сондықтан өткен жылға өкпе жоқ. Ал келер жылдан бұдан да үлкен жақсылықтар күтеміз, — дейді Б. Төлеген.



