Жаңа жыл қарсаңындағы қайырымдылық

Астанада №96 «Аяла» арнайы балабақшасында Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжінің ұйымдастыруымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Жаңа жыл ғажайыбының қонағында» атты мерекелік кеш өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Мерекелік кеш аясында балаларға жаңа жылдық сыйлықтар таратылып, ертегі кейіпкерлері, Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен театрландырылған көрініс, сондай-ақ интерактивті ойындар, музыкалық нөмірлер, көңілді би қойылымдары, шеңбер бойымен билеу, ән айту сынды қызықты бағдарламалар ұсынылды.
– Біздің балабақша 2021 жылы Астана күніне орай ашылып, содан бері тұрақты түрде қызмет атқарып келеді. Мекеме инклюзивті бағытта жұмыс істейді және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған. Балабақшада коррекциялық-дамыту жұмыстары үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, көру қабілеті төмен балалармен, сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балалармен, сондай-ақ психикалық дамуы тежелген балалармен жүйелі жұмыс атқарылады. Қазіргі таңда балабақшада алты топ жұмыс істейді. Мекеме 90 балаға арналған, бүгінгі күні 76 тәрбиеленуші қамтылған. Сондай-ақ, балабақшадағы педагогикалық ұжым толықтай арнайы даярлықтан өткен білікті мамандардан құралған. Мұнда тифлопедагог, олигофренопедагог, логопед, дефектолог сынды мамандар қызмет атқарады. Аталған мамандар бекітілген жеке және топтық бағдарламалар негізінде балалармен жүйелі түрде жұмыс жүргізеді. Сабақтар әр баланың жеке ерекшелігі мен даму деңгейін ескере отырып ұйымдастырылады. Сонымен қатар, балабақша Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжімен үш жыл бұрын өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған. Осы уақыт аралығында екі мекеме арасында тығыз әрі нәтижелі әріптестік байланыс орнады. Колледж тарапынан ұйымдастырылатын ғылыми-тәжірибелік конференциялар, педагогикалық үдерістерге арналған семинарлар мен түрлі іс-шараларға біздің педагогтар тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік береді. Ал, бүгінгі іс-шара арқылы біз балаларға қамқорлық көрсетіп, олардың жаңа жыл қарсаңындағы көңіл күйін көтеруге барынша мән беріп отырмыз, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлдархан Назымханқызы.
Айта кетейік, Мағжан Жұмабаев халықаралық жоғары колледжі үш жылдан астам уақыт бойы №96 «Аяла» арнайы балабақшасына қамқорлық көрсетіп келеді. Әлеуметтік жауапкершілік, тәрбиелік және қайырымдылық бағыттағы бұл қолдау жүйелі түрде жүзеге асырылып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа жылдық мерекелік іс-шараларды өткізу колледждің игі дәстүріне айналған.
Шапағат ӘБДІР



