Елорда тынысы

Шырша мерекесінің шаттығы

Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында бүлдіршіндерге арналған дәстүрлі Президенттік жаңа жылдық шырша, одан кейін Астана қаласы әкімінің шыршасы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Мерекелік іс-шараларға елорда бойынша 600-ге жуық бала қатысты. Олардың қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ оқу озаттары болды.

Жаңажылдық бағдарлама аясында балалар мен ата-аналар ауқымды интерактивті спектакльді тамашалады. Қойылым барысында бүлдіршіндер басты кейіпкер Азаматпен бірге «Болашақта кім болу керек және қандай адам болу керек?» деген маңызды өмірлік сұрақтарға жауап іздеді.
Іс-шараның тәрбиелік маңызын атап өткен Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев мерекенің мазмұны «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында құрылғанын жеткізді.

— Аталған шырша мермекесі «Адал азамат» бағдарламасы негізінде өткізіліп жатыр. Бұл бағдарлама балалардың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне бағытталған. Қойылым жас ұрпақты адалдыққа, әділдікке, тазалыққа тәрбиелейді. Сонымен қатар оқиғалар желісі арқылы балалар түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауды, заң мен тәртіп қағидаларын ұстануды үйренеді. Театр сахнасында бүлдіршіндер өздері жақсы көретін ертегі және мультфильм кейіпкерлері — Таусоғар, Ер Төстік және басқа да образдармен жүздесті, — деді ол.

Мерекелік іс-шараның негізгі бағыттары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы және «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, жаңажылдық шыршада басты назар әрбір баланың мерекелік көңіл күйді сезінуіне аударылды. Спектакль барысында заманауи визуалды эффектілер, би қойылымдары және залмен белсенді интерактивті байланыс үйлесім тауып, нағыз жаңажылдық ғажайып атмосфера қалыптасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекеге келген әрбір бүлдіршіннің тілегі орындалып, шат-шадыман күй кешуі үшін барлық жағдай жасалған. Іс-шара соңында балаларға рюкзак, кітаптар және тәтті сыйлықтар табысталды.

Шапағат Әбдір 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button