Басты ақпаратҚұқық

Алаяқтыққа қарсы кибергигиена керек

Бас қалада жыл басынан бері 4 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Соның ішінде ең көп түрі – азаматтарға телефон соғу арқылы сеніміне кіріп, несие алдыру немесе ақшасын жымқыру әрекеттері. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек кеңінен ақпарат берді.

– Алаяқтардың қоңырау соғу арқылы, яғни өздерін мемлекеттік қызметкер, бас­қа да коммуналдық мекемелер, банктер қызметкері ретінде таныстыра отырып, адамдарды алдап, несие ресімдету фактілері жиі кездеседі. Екінші, әлеуметтік желілерде жалған интернет-дүкендер ашып, тауарлар сату, «акция болып жатыр» деп төмен баға қойып, алдын ала төлем жасату арқылы алдау. Үшінші, адамның танысының атынан WhatsApp-қа хабарлама жіберіп, қарызға ақша сұрау. Төртінші, фишинг-сайттар, жарнамалар жіберу, хабарлама сайттары бойынша ­курьер қызметі арқылы алдау. Ол жерде дубликат сайт жасап, әртүрлі акция арқылы анкета толтыр­тып, деректер қалдыртады. Технологиялар мен әлеу­меттік желілердің дамуына байланысты интернет-алаяқ­тықтың басым бөлігі әлеуметтік желілер, интернет ресурс­тар арқылы күшейе түсуде, – дейді полиция ­капитаны.

Әдетте, телефон соғу ар­қылы жасалатын алаяқтықта егде жастағылар, зейнеткерлер жиі түсіп қалады. Интернет-дүкендер арқылы алаяқ­тыққа барлық жастағылар түседі, жастар көбіне билет сатып алам деп, Telegram арқылы жеңіл ақша табу жолында ал­данып қалады.

– Жақында бір оқиға тіркелді, алаяқтар құрбаны бол­ған бір азаматқа 186 млн теңге шығын келтірілген. Оны инвестиция жобасына қатысу, акция сатып алу деген сөзбен сеніміне кіріп, алдап кеткен. Ол әлеуметтік желіде «Қазатом­пром» компаниясы акциясын таратып жатыр, тез сатып алсаңыз, ақшаңыз көбейеді» деген видеоны көріп, телефон қалдырған. Оған соққан алаяқтар сарапшы-талдаушылармыз, оның ақшасын екі есе көбейтеміз деп қаржысын криптовалютаға айналдыру арқылы алдаған, – дейді ­А.Қонысбек.

Астана қалалық Полиция департаментінде биыл Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылып, олар жыл басынан бері интернет-­алаяқтық қылмысымен күрес жүргізуде. Астананың әр ауданында басқарманың бөлімшелері де бар. Қызметкерлер үнемі оқып, білімін жетілдіріп отырады. Алматыда киберполигонда оқудан өтеді, бір апталық курстарға жіберіледі. Шетелдердегі мамандардың онлайн түрдегі 2 апталық дә­рістеріне қатысады.

Құқық қорғау өкілінің айтуынша, интернет-алаяқтық жасауға арнайы білімнің қажеті жоқ. Сондықтан ұсталған қылмыскерлердің көбі жұмыссыздар болып шығады. Арасында оны қалай жасауға болатынын әр жерден оқып үйреніп алған жасөспірімдер де кездеседі.

– Оның еш қиындығы жоқ. Интернетте хабарландыру салады, болмаса Instagram-да дүкен ашады. Сосын көбіне алдын ала төлем жасатқызады. Кейбір алданған адамдардың өзі сол қылмысқа барады. «Мен өзім алданғанмын, осылай менен 1 млн теңге сұрады, айтқан жеріне салдым. Кейін соны өзім де жасап көрдім, яғни мен де басқаларды алдай бастадым, ақша бір-екі рет оңай түскеннен кейін, сонымен айналысуды жалғастырдым» дейді. Ал call-орталықтар ашып алып, ірі алаяқтықпен айналысатын топтарда, әрине, интернет әлемін жетік білетін ІТ мамандар, білікті бағдарламашылар болады. Сондай бір call-орталық жақында ұсталды, олар шетелдік азаматтар болып шықты. Біздің азаматтардың көбі түскен ақпаратты тексеріп жатпайды, жиі сеніп қалады, асығыс шешім қабылдап, ақшасын жібере салады, сосын барып алданып, сан соғып қалады, қазіргі таңда кибергигие­наны сақтау өте қажет, – дейді капитан.

Полиция қызметкерлері белгісіз адамдардан, мейлі ол мемлекеттік мекеме өкілдерінен болсын, түскен ақпаратты тексеру керек екенін ескертеді. Дереу сол органдардың call-орталықтарына хабарласып, ақпаратты тексеру керек. Күмәнді сілтемелер келсе, дауыс бер десе де өтпеу, ашпау қажет. Сонымен қатар сала мамандары ЖИ-дің дамуына байланысты алдағы уақытта интернет-алаяқтықтың басқа да түрлері пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Райхан РАХМЕТОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button