Елордада «Ұлттық код – ұрпаққа аманат» этнофорумы өтті

Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Ұлттық код – ұрпаққа аманат» этнофорумы өтті, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
Елордадан және еліміздің түкпір-түкпірінен келген 300-ге жуық қазақ қолөнерінің жанашырлары қатысқан форумның негізі мақсаты – ұлттық құндылығымызды насихаттау.
«Бұл іс-шараны Respublica партиясының жанындағы «Әйелдер қанаты» мен «Хас шебер» қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Қазіргі таңда «Хас шебер» қауымдастығы қанатының астында 100-ден астам қолөнерші топтасқан. Бізді толғандыратын мәселе – әлі күнге дейін қолөнершілер өнімін әрі қарай дамыту үшін кейбір тетіктердің жоқтығы. Соны біз Үкімет деңгейінде көтеріп, заңнама арқылы жүйелесек деп отырмыз. Қолөнершілеріміздің өз бұйымдарын насихаттайтын, сататын ортақ платформасы болса деген тілегіміз бар. Сондай-ақ осы уақытқа дейін қолөнершілердің арнаулы күні болмаған болса, соны біз келесі жылдың 7 шілдесінен бастап атап өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», — деді «Хас шебер» қауымдастығының президенті Зиуар Жұманова.
Форум қатысушылары бүгінгі ауқымды іс-шараның нәтижесінен қолөнершілерге қолдаулар көрсетудің нақты жолдарын табу күтілетінін айтты.
Форум аясында өтетін панельдік сессияда еліміздің қоғамдық, мәдени және креативті индустрия салаларындағы тұлғалар өз ой-пікірлері мен тәжірибелерімен бөлісті. Олар креативті индустрия, мәдениет, ұлттық құндылықтар, ұлт коды, сондай-ақ дәстүрлі және заманауи қолөнер тақырыптарын талқылады.



