Басты ақпаратЕлорда тынысы

Өзекті сұрақтар – нақты жауаптар

Негізгі баяндамадан соң қала әкімі Жеңіс Қасымбек журналистердің елордаға қатысты өзекті мәселелер бойынша қойған сұрақтарына жауап берді. Оның басым бөлігі қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету, жол жөндеу және салу, кептеліс мәселесін шешу және ЛРТ құрылысы жайында болды. 

Кептелістен қашан құтыламыз?

Қаладағы кептеліс мәселесі елордадағы халық санының жыл сайын жылдам өсуімен байланыстырылады. Астанаға әр жылда 100 мыңға жуық адам жан-жақтан көшіп келеді.

– Қаланың өзінде тіркелген автомобильдер саны – 450 мың. Одан бөлек күніне 100 мыңдай жеке көлік қала іргесіндегі өңірлерден келіп кетеді, транзитпен өтеді. Келесі жылы көліктер саны одан да көп болады. Күнде өсіп отыр. Сондықтан қаланың өсуімен байланысты мұндай мәселелер бірге туындай береді. Оны шешу үшін әрине, бірнеше маңызды шаралар қабылдануда. Соның ішінде жаңа көшелер салу, мысалы, былтыр Ш.Айтматов көшесін аштық, оны айналма жолға дейін Қосшыға қарай созамыз. Себебі Қосшыдан өте көп машина келеді. Пригородный тұрғын алабына дейін Тәуелсіздік көшесін сол жерге дейін созып апарамыз. Ол – Тұран, Мәңгілік ел, Қабанбай көшелерімен параллель өтетін жол. Бұл өзгеріс осы негізгі үш жолдағы кептелісті азайтады деген жоспар бар. Осындай жобалар аз емес. Баяндамада айтып өткендей биыл 60 шақырым жолды жөндеп, 14 км жолды жаңадан салдық, – деді әкім.

Кептеліс мәселесін шешуде ЛРТ желісінің де тиімділігін айта келе, әкім аталған көлік желісі алдағы 2 айда іске қосылып, бұл Нұра ауданындағы осы мәселенің түйінін шешуге септік ететінін атап өтті.

– Бұған қоса ЛРТ құрылысының екінші кезеңінде оны Қосшы қаласына дейін созамыз. Себебі күн сайын Астанаға Қосшыдан 50 мыңдай адам келіп, кетеді. Сондай-ақ 22 мыңдай автомобиль кіріп, шығады. Сонымен қатар Қосшыда тұратын азаматтардың көбі Сарыарқа мен Байқоңыр ауданындағы мекемелерде жұмыс істейді. Олар Есіл мен Нұра ауданын транзитпен кесіп өтеді де, таңертең және кешке қосымша кептеліс мәселесін күшейте түседі. Негізгі кептеліс осы аудандар мен көпірлерге баратын жолдарда болады. Мәңгілік ел көшесінде Министрліктер үйі тұсындағы екі жағында екі көпірге баратын жол, сондай-ақ Д.Қонаев, Сарайшық, Сығанақ және Тұран, Қабанбай батыр, осы 5-6 көшеде негізгі үлкен кептелістер болады. Алдағы уақытта тағы қосымша 2 көпір салуды жобалап жатырмыз, олардың құрылысы келесі жылдың аяғында басталады деп жоспарлануда. Соның бірі Хусейн бен Талал көшесінен әрі жалғасын тауып, Орталық мешіт жанынан өтіп, Есілге дейін барады. Екіншісі Ш.Айтматов пен Тұран көшелерінің ортасынан Кенесары көшесіне шығатын көпір болады. Бұл да кептелісті азайтуға септік етеді, – дей келе әкім осы ретте қоғамдық көліктер санын көбейту де осы мәселені шешуге ықпал ететінін жеткізді. Сондықтан елордалықтар қоғамдық көлікке көшіп, автобустар да халық үшін жайлы, сервисі жоғары деңгейде болса жеке автомобильдер санын азайту арқылы кептелісті болдырмауға әсер етеді.

– Сонымен қатар тағы бір ірі жоба – Қабанбай батыр көшесінде Қосшыдан бастап 2-3 қабаттан жолдар салу. Басқа елдерде осындай жобалар кептеліс мәселесін шешу үшін 10-15 жыл бұрын қолға алынды. Өсіп, дамып жатқан қалаларда бұдан басқа жолы жоқ. Жалпы транзитті, екінші деңгейде өтетін көшелерді 1-2 жылда салып іске қоссақ, кептелісті 2 есе азайту мүмкіндігі бар, – деді Ж.Қасымбек.

Әкім мемлекеттік органдар мен бірқатар ұлттық компания­лардың жаңа жұмыс кестесі қаладағы негізгі магистральдарға түсетін жүктемеге қалай әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, таңғы қарбалас уақытта сағат 8.00, 9.00 және 10.00 аралығында негізгі көшелердегі автокөлік саны 10-15%-ға азайған. Ал магистральдардағы жүктеме 5-10%-ға төмендеген.

– Мәселен, қыркүйек айының басында таңғы қарбалас уақытта Мәңгілік ел даңғылымен 4 152 автокөлік өтсе, жұмыс кестесі өзгергеннен кейін өткізу қабілеті 4 420 көлікке дейін артқан. Бұл шамамен 8-9%-ды құрайды. Осындай оң динамика басқа да негізгі көшелерде байқалады. Сонымен қатар бір жыл ішінде қоғамдық көлікпен қатынау үлесі 43%-ға артқан, ал тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 37%-ға ұлғайды, – деді әкім.

Елордалықтар саны 1,6 млн адамнан асты

Қараша айында елордадағы халық саны 1,6 миллион адамнан асқан. Халықтың жыл сайынғы өсімі қаланың коммуналдық қызметтеріне түсетін жүктемені арттырады. 

– Маятниктік миграция есебінен елордаға күніне 200 мыңнан астам адам келеді. Сондай-ақ 100 мыңға жуық тіркелмеген азамат бар. Тұрғындар санының артуы инфрақұрылымды алдын ала дамытуды талап етеді. Өздеріңіз білетіндей, екі жыл бұрын қала су мен жылу қуатының жетіспеушілігіне тап болды. №3 сорғы-сүзгі стансасы мен Астана су қоймасынан екінші су құбыры желісін аяқтау арқылы қосымша тәулігіне 60 мың текше метр ауыз су қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда, қаланың су тұтыну көлемі тәулігіне 350 мың текше метрді құрайды, – деді Ж.Қасымбек.

Биыл төртінші сорғы-сүзгі стансасының құрылысы басталды, ол қаланы алдағы ондаған жыл бойы тұрақты сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Бірінші кәріз-тазарту стансасының қуаты арттырылып, екінші стансаның құрылысы басталды. Индустриалды парк, Көктал және Өндіріс тұрғын алаптарында жергілікті кәріз-тазарту құрылғыларының жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жобалар 2027-2029 жылдар аралығында аяқталып, су бұру мәселелері толықтай шешіледі. Сонымен бірге жаңа жылу көздерін енгізу жылу жүйесінің қуатын 34 пайызға арттырды. Қазіргі жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр.

– Жылу қуатын сақтап қалу үшін жаңа «Тельман» газ жылыту стансасының құрылысы жүріп жатыр. Екінші жылу электр орталығын кеңейтуге дайындық және үшінші жылу орталығының келесі кезегін жоспарлау басталды. Президент тапсырмасына сәйкес, елорданы газдандыру жұмыстары аяқталуда. Қаланың 95 пайызы газбен қамтылып, газ 14 тұрғын алапқа жеткізілді. Келесі жылы 100 пайызға жетеміз, – деді Жеңіс Қасымбек.

Автобуспен жүретіндер көбейді

Әкім Астанада қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. Қазір елордада 1700 автобус жұмыс істейді. Бірақ әкім соның өзі қазіргі жағдайда жеткіліксіз екенін айтты.

– Біздің есебіміз бойынша дәл бүгінгі таңда тағы қосымша 1 мыңдай автобус керек. Алдағы 2-3 жылда автобустар саны 2500-3000-ға дейін барады. Былтыр күзде күніне қоғамдық көлікпен жүретін елордалықтар саны 850 мың адам еді. Ал биыл күніне 1 млн 150 мың адам автобуспен жүреді. Бұл көрсеткіш күн сайын өсіп отыр. Себебі қазір автобуспен бір жерге бару өте ыңғайлы. Алайда көлік қозғалысының қауырт уақытында автобуста адамдар қатты толып кетеді. Сондықтан олардың санын көбейтіп жатырмыз. Ол жағынан Үкімет бізге «Бәйтерек» холдингі арқылы көмегін беруде. Астанада қоғамдық көлік тасымалын ұйымдастыру бойынша 6-7 компания жұмыс істейді, оның біреуі – коммуналдық, қалғандары – жекеменшік. Бәрі бірлесіп биыл 422 автобус алды. Келесі жылға 500-дей автобус алуды жоспарлап отыр. Жыл сайын осы деңгейде жұмыс істесек, 2-3 жылда 2 мыңнан асып кетеміз. Еуропада қоғамдық көлікті пайдаланатын адамдар саны жалпы халқының 70-80 пайызын құрайды. Ал елордада 40 пайыздан аспайды, – деді әкім сұраққа жауабында.

Сонымен қатар busline тиімділігіне тоқталды. Автобуспен жүретін азаматтар үшін бұл жолақпен жүру өте қолайлы. Себебі ол жермен жүру жылдамдығы басқаша. Сондықтан әкімдік оның шақырымдарын жыл сайын көбейтіп келеді. Қазір қалада оның ұзындығы 140 км болса, келесі жылы қосымша 30 км қосылады. Әкім бұл жұмыстар жылда жалғаса беретінін айтты. Оның үстіне ол жұмыстар Астананың Бас жоспары сияқты негізгі құжаттарда қарастырылған.

Жылы аялдамалар көбейе ме?

Әкімнің айтуынша, қалада жылына 50-ден 100-ге дейін жылы аялдама іске қосылып жатыр. Бірақ қала аумағы өсіп, жаңа аудандар пайда болуда.

– Былтыр елордада алтыншы аудан пайда болды. Қаланың даму деңгейі осы қарқынмен жалғасса, алдағы жылдары тағы да жаңа аудандар қатары артуы мүмкін. Жалпы, бір жылы аялдама құны 10-15 млн теңге тұрады. Бұл, біріншіден, бюджетке байланысты. Екіншіден, жылы аялдамалар негізінен, адам көп тұратын аумақтарда қойылады. Жылына әр ауданда шамамен 15 жылы аялдама орнатылады. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады. Бюджет қаржысына байланысты салынады, – деді елорда әкімі.

Жылы аялдамалар – әкімдіктің бақылауында. Күнделікті тексеріледі.

– Оған әртүрлі адамдар кіреді. Олардың бәрі жанашырлықпен қарамай, сындыруы мүмкін. Дегенмен сынған жерлері болса, дереу жөнделеді. Яғни белсенді қала тұрғындары зақымданғанын байқаса, бірден смартфондарымен суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялайды. Сол бойынша қадағаланып, жөнделіп отырады, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қоқыс өңдейтін станса салынады

Әкім брифингте Астанада шығарылатын қоқыс қайда кететіні туралы сұраққа жауап берді. Ол қалада күніне 2250 тонна қоқыс өңдейтін және жағатын станса салынатынын айтты. 

– Қоқысты қай жаққа жібереміз? Біз шетелдік компаниямен бірлесіп, қоқысты өңдейтін және жандыратын станса салайық деп жатырмыз. Қазіргі таңда қаладан шамамен 1500 тонна қоқыс шығарылады. Оны салуға 3 жыл уақыт кетеді. 2028 жылы іске қосамыз, 2029 жылы толығымен жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Жалпы Қазақстан бойынша бұл бірінші зауыт, – деді қала әкімі.

Сондай-ақ ол қалада қоқыс күніне екі рет шығарылатынын айтты. Екі жыл бұрын қоқыс шығарумен тек Clean city компаниясы ғана айналысқан. Қазір 4-5 компания қоқыс шығарады, жалпы қоқыс күніне екі рет шығарылады. Бұрын әрбір ауданда күніне қоқысқа қатысты 60-70 наразылық фактісі болса, қазір қала бойынша күніне қоқысқа қатысты 5-6 мәселе тіркеліп, олар дереу шешіліп отыр.

Райхан РАХМЕТОВА 

фото: Сұлтан Сейіт

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button