Мәдениет

Әйел – әлемнің айнасы

Жуырда елорданың «Жастар» театрында әлем классигі Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хаты» шығармасы желісімен сахналанған спектакльдің премьерасы өтті. Қойылым режиссері – «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Нұрфат Вахитов.

Түпнұсқа туындының жазылғанына бір ғасыр болса да, айтар ойы өзектілігін жойған жоқ. Бала махаббаттан мәңгілікке ұласқан махаббат хикаясы, басқаша айтқанда, «басы көрге кіргенше» ма­хаббат осы күнге дейін бірнеше көркем фильмге, театр қойылымдарына арқау болды.

Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынованың әнші, композитор Гүлнәр Шәмшиева әнге айналдырған «Әйел монологы» атты елге белгілі өлеңі бар. Спектакльдің әлқиссасын сондағы «Сен жанымда жүрдің де / Жанарымды толтырдың жылылыққа, / (Жан жылуын балар ем ұлылыққа). / Тәтті­лігін сезіндім бұл өмірдің, / Әр күніне тоймадым құнығып та» деген шумақпен ашуға болар еді. Иә, көрші жазушы жігітке ғашық болатын қойы­лымның бас кейіпкері – қыз бала басында осындай сезімді басынан кешеді. Бірақ баян­сыз махаббатқа ұрынады. Фариза ақынның өлеңінде де махаббаттың тәттілігі мен ащы дәмі қатар суреттелген.

Бүгінгі қоғамда әйел құ­қы­ғы, оларға қарсы жасала­тын зорлық-зомбылық мәселесі туралы көп айтылып, көп талқыланады. «Бейтаныс әйелдің хаты» спектаклінің идеясы мен инсценировка авторы, актриса Айнұр Рахипованың айтуынша, ол бұл шығарманы ұсынғанда әйел жанының нәзіктігін, әйел болмысын көрсеткісі келді. Бас кейіпкер анасының бейнесін де Айнұр Асанқызының өзі сомдады. Ал қыз баланың бойжеткенге дейінгі, ересек өмірге араласқанға шейінгі кезеңін спектакльде 7 актриса ойнайды. Атап айтқанда, Әйгерім Түсіпбекова, Перизат Жәрдемова, Жамал Нұржаубекова, Айбибі Іскендірова, Қаламқас Мелисова, Ләззат Қуанышова, Наурыз Сабағатова әр кезеңде көрінеді. Айнұр Рахипованың айтуынша, әр актриса қазақ эпосындағы Жібектің, Баян сұлудың, басқа да белгілі кейіпкерлердің, тарихтағы танымал әйелдердің бейнесін сомдағысы келеді. «Бейтаныс әйелдің хаты» қойылымы арқылы актрисаларға психологиялық бейнені сахнаға алып шығуға, сол арқылы шығармашылығын шыңдауға, кәсіби тұрғыдан өсуге мүмкіндік берілді. Бұл дұрыс та болған сияқты. Себебі бір актрисаға әйелдің баянсыз махаббатын, сүйгенінің немқұрайдылығы кесірінен ішкі арпалысын көрсетуге ауыр болар еді. Қыз бала жазушы жігітке махаббатынан оның бүкіл шығармасын оқып шы­ғады. Бізге спектакльде ерекше ұнаған тұс – осы. Себебі мұнда қазір өзекті болып жатқан жастарға кітап оқытудың мәселесі жатыр. Ал жазушы бейнесін актер Асланбек Жан­ұзақов сомдайды.

Қойылым сезім мен үнсіздік, үміт пен қайғы, жан мен тән арасындағы мәңгілік тартысқа жетелейді, адам жүрегіндегі адалдық пен мейірімді, жан сұлулығын бәрінен жоғары қояды. Әйел тағдыры махаббат үшін құрбандыққа құрылған тағдыр екенін ұқтырады. Спектакльден әйел жүрегінің нәзік сырлары мен жан қасіретінің айнасы көрінеді.

Жалпы «Бейтаныс әйелдің хаты» – әйел адамның ішкі жан дүниесіне терең бойлауға шақыратын психологиялық драма. Махаббат – адамның жанын тазартып, өмірге мән беретін ұлы күш. Алайда оған немқұрайды қарағанда ол қасіретке айналады. Спектакльдің негізгі айтар ойы – осы. Перзентінен айырылып, өзі ауыр дертке шалдыққан әйелдің сүйгеніне жолдаған хаты – махаббаттың соңғы тынысы, жанның ең соңғы айқайы. Қойылымда көп дүние би, қимыл арқылы көрсетіледі. Бұл тұрғыдан алғанда, хореограф Гүлсая Тәуірханованың еңбегін атап өту керек.

…Қыздардың махаббатын

ұғу үшiн

Жаз болып жайнап,

Қыс болып суу керек;

Қыздардың махаббатын

ұғу үшiн

Қыз болып туу керек! – деп жырлайды көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулет. «Бейтаныс әйелдің хаты» драмасы соны ұғуға бір табан жақындатады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button