Сахна мен қалам

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының актері, жас драматург Қазыбек Аманжол Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2025» сыйлығының «Жыл драматургы» аталымында топ жарды.
Өнер иесі бастапқыда Ақтөбе қаласындағы Тарлан көпсалалы колледжінде «драма театры әртісі» мамандығын алды. Содан соң Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиевтің шеберханасында оқып, «музыкалық театр әртісі» мамандығын игерді. Студент кезінен түрлі байқауларға қатысып, талантымен танылды. Мәселен, Алматы қаласында өткен Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдығына арналған студенттер арасындағы халықаралық «All-art театр» фестивалінде «Этюд» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
Мәмбетов театрында Қазыбек Аманжол әлемдік классикада, шетелдік және отандық туындыларда, қазіргі замандағы шығармаларда да кейіпкерлерді сомдайды. Атап айтқанда, Шекспирдің «Ричард ІІІ» спектаклінде, Мольердің «Сараңында», Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекетінде» ойнайды. Редьярд Киплингтің «Мауглиінде» және Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзадасында» оның еншісіне бас кейіпкерлер, яғни Маугли мен Ханзада тиді.
Отандық туындыларға келсек, актер Мұхтар Әуезовтің «Жас Абайында», Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббатында», Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетшісі», «Әштен» шығармаларында, Оралхан Бөкейдің «Ауыл хикаяларында» көрінеді. Қанат Жүнісовтің «Алаш жолы» спектаклінде «күн көсем» Ленинді, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шағында» автор Ақбереннің өзін сомдайды.
Қазыбек Аманжол драматургияда жемісті еңбек етіп келе жатыр. Оның қаламынан туған «18 автобус» шығармасы жас драматургтер сайысында, DRAMA.KZ жобасында үздік деп танылды. «Ұрылар» комедиясы Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ-музыкалық драма театры сахнасында қойылды.
Мәмбетов театры репертуарында Қазыбек Аманжол жазған «Жалдамалы пәтер» спектаклі бар. Биыл осы өнер ошағында қазақтан шыққан тұңғыш бард-ақын Табылды Досымовтың өмірі мен өнеріне негізделген «Сәйгүлік» музыкалық драмасының премьерасы табысты өтті. Бұл қойылымды жуырда Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин тамашалап, оң бағасын берді. Сол кезде көрермендердің арасында болған, спектакльге атау берген Табылдының «Сәйгүлік» әні мәтіннің авторы, көрнекті ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Светқали Нұржан «Дәстүрден де тамыр үзбеген, жаңашылдықтан да қашпаған қойылымның көркемдік шешімдері де, актерлердің шеберліктері де тәнті етті» деп тебіренді.
Мұны айтып жатқанымыздың себебі, «Сәйгүлік» пьесасы дәл осы Қазыбек Аманжолдың қаламынан туды. «Еңлікгүл» сыйлығы да оған осы туынды, «№117 пәтер» және кеше ғана Түркістан қаласында сахналанған «МузАрт» шығармалары үшін берілді.
«МузАрт» музыкалық драмасы шынайы оқиға негізінде жазылды. Қазақ музыка өнерінің бір дәуірін айшықтап, халықтың сүйіспеншілігіне айналған топтың қалыптасу жолын сахнада көркем өрнектейтін туындыда орындалатын танымал әндер көрерменді сол жылдарға жетелеп, «МузАрт» феноменін ашуға жетелейді. Алдында аталған «Сәйгүлікті» және осы «МузАрт» спектакльдерін Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының бас режиссері Әли Бидахмет сахналады. Мұнымен қазақ театрына Қазыбек Аманжол- Әли Бидахмет секілді талантты тандем келгенін айтпақпыз. Бұл екеуінің бірлестігінен сахнаға әлі талай тамаша туындылар жол тартатынына сенімдіміз. Солай болғай!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



