Мәдениет

Төл өнеріміздің ордасы ашылды

Елордада Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағы кеңсесінің ашылу салтанаты өтті. Астана қаласының әкімдігі мен Amanat партиясының қолдауымен төл өнеріміздің өкілдеріне берілген ғимараттың ашылуына Парламент депутаттары, қала әкімінің орынбасары Есет Байкен, Amanat партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, қоғам және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, жылы лебіздерін жеткізді.

Қызыл лентаны көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Негимов, даңғайыр жыршы-жырау, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов қиды. Айтыс ардагері Егеухан Мұқамәдиқызы қазақы дәстүрмен шашу шашты.

«Біздің одақтың бүкіл облыс орталықтарында филиалдары, өкілдіктері бар. Облыстағы ақындарымыз, жыр­шы-термешілеріміз Астанаға келгенде ең бірінші маңдай тіреп келетін қара шаңырақ болады деп ойлаймыз. Кеңсеміз Астанадағы рухани қара шаңырақтың бірі болсын дегім келеді. Бұл шаңыраққа зия­лы қауым, ақын-жазушыларымыз, ғалымдарымыз, тау тұлғаларымыздың барлығы келіп, кездесулер өткізетін, күнделікті одақтың жұмыстарының жүйесі қалыптасатын үлкен қара шаңырақ болады» деді Парламент Мәжілісінің депутаты, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағы төрағасының бірінші орынбасары Аманжол Әлтай.

Төл өнеріміз өкілдері бас қосатын ордаға айналатын кеңсе талантты жастарды тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді дамытуға қызмет етпек. Шығармашылық үйінде тек толымды ой-толғамдар туып қана қоймай, ұлттың мәдени жауһарлары мен рухани мұрасы дәріптелмек. Кеңседе шығармашылық кездесулер өткізіліп, тәжірибе алмасу, жас ақындарға шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Ғимаратта қазіргі заман сұранысына сай келетін мультимедиялық студия да орналасты. Кеңсенің ашылу салтанатына Астанадан ғана емес, ел өңірлерінен де арнайы келген айтыскер ақындар, жыршы-термешілер қуаныштарын жасырмады.

«Жыл сайын жоспарлы түрде айтыстар өтіп жатыр. Тек қана үлкен айтыскерлердің емес, мектеп оқушыларының айтысын да қолға алдық. «Алтын домбыра», «Күміс домбыра» және «Қола домбыра» деп атап, жылдың соңында 3 деңгейде қорытынды айтыстар өткізіп жатырмыз. Бұл өнерді біз ЮНЕСКО-ның Бекзат өнері деген номинациясы бойынша кіргіздік. Айтысты әрі қарай жетілдіріп, Еуропада, Америкада, керек болса Азияға насихаттауға дайындалуымыз керек» деді белгілі ақын, ғалым, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Amanat партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің төрағасы Серікзат Дүйсенғазы.

Биыл халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде 65 айтыс ұйымдастырылды. Соның ішінде Әйтеке бидің 380, Абай Құнанбайұлының 180, Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы және тағы басқа тарихи тұлғалар мерейтойлары мен жылдың басты оқиғаларына арналған айтыстар өтті. «Командалық айтыс» жобасы ұйымдастырылды. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардағы өнерпаздардан құралған 20 команда қатысты. Ақтық сында Түркістан облысы мен Қарағанды облысы тең өнер көрсетті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button