Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты дрон-шоу өтпейді

19 желтоқсан күні Астананың алты ауданында жаңа жылдық шыршаларды жағу шарасы өтеді. Осыған дейін мерекелік бағдарлама аясында дрон-шоу ұйымдастыру жоспарланған еді, алайда ауа райының қолайсыздығына және мамандардың ұсынымына байланысты ол кейінге қалдырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Астанада қар жауып, бұрқасын болуы, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық құралдарды сақтау мақсатында дрондардың ұшуы уақытша тоқтатылды.
Айта кетерлігі, қалған мерекелік іс-шаралар жоспарға сәйкес өтеді. Биыл елордадағы жаңа жылдық бағдарлама «Ертегі Fest» атты бірыңғай ертегілік стильде ұйымдастырылып отыр.
Қаланың алты ауданында бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылады. Барлық алаңда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары және өзге де мерекелік орындар жұмыс істейді.
Негізгі алаңдардағы концерттік бағдарламалар сағат 17:30-да басталады.



