Жайбарақаттық жалқаулыққа бастайды

Бүгінгі таңда 86 жастан ассам да, денсаулығымды бірқалыпты ұстау үшін күнде таңғы астан кейін екі-үш сағат жаяу жүріп келемін. Серуендеп жүріп, айналада болып жататын нәрселерге зейін қоямын. Сондағы бір байқайтыным, шамасы 15-18 жас аралығындағы жасөспірімдер көшеде жайбарақат жүреді. Көпшілігінің қолында бір-бір стакан, ішінде құны кемі бір мың теңгеден асатын сусын-сұйықтық бар екенін сеземін.
Меніңше, бұл сұйықтықтың тамақ болмайтыны секілді еш пайдасы жоқ. Ал осыған әлгі жасөспірімдер қаржыны қайдан алады деген ой да келеді. Әрине, ата-анасынан екені сөзсіз. Ал ата-аналар болса бұған мән бермейтін сияқты. Дегенмен кім болса да тиыннан теңге жиналатынын ескергені дұрыс болар еді деп ойлаймын. Жалпы кейбір ата-аналар баланың күнде немен айналысатынына мән бермейді. Жапондар «балаңды 5 жастан бастап құлша ұста» демей ме?! Бұл еңбекке тәрбиеле деген мағынада айтылған сөз ғой. Жас бала ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп үйреніп алса, жаман болады. Ұл балалар мейрамхана сияқты мекемелерге орналасуға тырысады. Жылы жер, табысы жақсы, артық күш жұмсап қажет емес. 2025 жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Статистика бойынша жұмысшы мамандықтарының жетіспейтіні айтылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің соңғы тамыз конференциясында баланы мектеп-ата-ана-қоғам тәрбиелеу қажеттігін баса айтты. Меніңше, осы қағида кейбір балалар мекемелерінде толық орындалмай жатыр. Бір төтенше жағдай болған жағдайда ғана еске аламыз. Мектептегі бір-екі психолог барлық баланы қамтып үлгере алмайды. Әр ұстаз психология курсынан өтіп, өз пәнінен бөлек, қосымша психологиялық қызмет атқаруы, қажет болса, сол еңбегіне қосымша ақы төлеп отырған жөн болар еді.
Қазір халықтың тұрмысы жақсарып келеді. Тіпті кейбір ата-аналар балаларына қымбат көлік мінгізіп қояды. Баласы сондай машина мінсе, өздерінде одан жақсы көлік бар ғой деген пікір туындайды.
Біраз уақыттан бері «Таза Қазақстан» акциясы аясында көп жерде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдары да бұл бағытта белгілі бір жұмыстар жүргізуде. Бірақ барлық тұрғындар, мекемелер осы іске жауапты қарап жатыр деп айта алмаймын. Өзім жаз бойы орталық саябақтың бір бұрышын қиып өтемін. Сол жерге жазда сыпырғыштың ұшы да тиген жоқ, ағаш бұтақтары, т. б. заттар шашылып жатты. Онда таза ауада демалушылар көп, көбі жастар. Бірде теледидардағы жүгіртпе жолда мынадай мәтін шықты: сауалнама кезінде жасөспірімдердің 80 пайыздан астамы өз өміріне қанағаттанарлық білдіріпті. Иә, көбіне ата-аналар баласын дұрыс тамақтандырып, жақсы киіндіріп, онымен қоса жайлы орында оқытып жатады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтпақшы, бала білімді, бай, күшті болуы керек қой. Ол тек қана қажырлы еңбектің арқасында ғана келеді. Әр жас осыны ұғынса жөн болар еді.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, зейнеткер



