Қоғам

Ерекше балаларды буллингтен қорғау бойынша кеңес берілді

Астанада ерекше балалардың, әлеуметтік тұрғыда осал және көпбалалы отбасылардың ата-аналары үшін «Балаларыңызды қалай қорғауға болады: буллинг, мүгедектік, жарақаттар» тақырыбында шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры Астана қаласының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Шеберлік сағаты «Елорда тұрғындарының бастамашыл топтарын қолдау» жобасы аясында өткізілді.

Іс-шараға көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары, әлеуметтік осал санаттағы ата-аналар, педагогтар және әлеуметтік қызметкерлер қатысты.

Мамандар шеберлік сағаты барысында баланы буллингтен қалай қорғау керектігін, мүгедектігі бар балаларды отбасында және қоғамда қалай қолдауға болатынын түсіндіріп, жарақаттың алдын алу бойынша білім берді.
Аутизмі бар баланың анасы Ақмарал Қауымбекова ерекше балалардың ата-аналары үшін мұндай оқыту шараларының маңыздылығын атап өтті.

«Біз өзіміз тұратын тұрғын үй кешенінде-ақ буллингке ұшырадық. Кей адамдар шекараны білмей, балаңды немесе сені ренжітуі мүмкін. Қазір әлеуметтік желілерді қарап отырсаң, ерекше балаларға қатысты әділетсіздік көп. Біз балаларымыздың құқықтарын қорғауымыз керек. Буллинг – жай әзіл емес, онымен күресу қажет.

Сондықтан мұндай мастер-класстар ата-аналарға балаларын қорғауға, жарақаттың алдын алуға және өз баласын дұрыс қолдауға үйретуде өте маңызды», – дейді тренингке қатысушы.

Жиын соңында барлық қатысушыға сертификаттар табысталды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button