Тәуелсіздік күніне орай әкелер мен балалары арасында жарыс өтті

Тәуелсіздік күні қарсаңында Астананың Koktal Junior Hall спорттық-шығармашылық орталығында «Әке мен бала – бір командада» атты отбасылық спорттық-әскери сайыс өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Әке мен бала – бір командада» сайысы Тәуелсіздік күніне орай және «Адал азамат» кешенді білім беру бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Жарысқа Koktal Junior Hall орталығының тәрбиеленушілері, олардың әкелері және ҚР ІІМ Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қатысты.
Әкелер мен балалар командалық спорттық-әскери тапсырмаларды бірге орындады. Сайыс көрсеткендей, жас айырмашылығына қарамастан, түрлі буын өкілдері бірлескен күш-жігермен мақсатқа жете алады.
Іс-шара барысында қатысушылар әскери қызметшілермен кездесіп, олардан практикалық тәжірибе алды. Соңында әскери-спорттық командалар сыйлықтар мен грамоталармен марапатталса, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері алғыс хаттарға ие болды.
Соңғы уақытта Астанада отбасылық саясатты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, оның ішінде физикалық, психологиялық, экономикалық және сексуалдық қиянатқа ұшырағандарды қолдау жүзеге асырылуда. Қоғамдағы тұрақтылықты сақтау үшін әр отбасының ішіндегі жағымды атмосфераның маңызы зор екені айқын.



