Әйгілі бокс жұлдызы Рой Джонс шеберлік дәрісін өткізді

Астанадағы әлемдік бокс жұлдызы, кәсіпқой бокста абсолютті әлем чемпионы Рой Джонс жас спортшыларға арналған шеберлік дәрісін өткізді, деп хабарлады astana-akshamy.kz.
SANA Sport спорт кешенінде өткен кездесуде 56 жастағы Рой Джонс жастарға жетістікке жету үшін еңбек пен табандылықтың маңызын түсіндірді. Ол әрбір спортшының жеке дайындық жоспарын құруы, техниканы жетілдіруі және ойын тактикасын меңгеруі қажет екенін айтты.
Сондай-ақ спортпен айналысқан адам бос уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ жүруі керек екенін атап өтті. Жас спортшылар мен бапкерлер әйгілі боксшыға сұрақтар қойды.
Бокстағы тәжірибесін бөліскен Рой Джонс өзінің карьерасында есте қалған сәттері, спорттағы қиындықтар мен жеңістер туралы айтты.
«Менің бокс карьерам 1974 жылы басталды. Әкем де көптеген боксшыны жаттықтыратын. Бір күні оның бөлмесінде Мұхаммед Әлидің жекпе-жегін көріп, бокс тек күшпен ұру емес, ақыл мен стратегияға негізделген өнер екенін түсіндім. Сол сәттен бастап бокс менің өміріме айналды», – деді Рой Джонс.
Жиында әлемге танымал даңқты спортшы тек кеңес беріп қоймай, рингте ашық жаттығу да өткізді. Ол қатысушыларға бокстың психологиялық және тактикалық қырларын көрсетті.
Айта кетейік, Рой Джонс карьерасын аяқтағаннан кейін де 2020 жылы әйгілі Майк Тайсонмен жұдырықтасып, көрерменге шоу тарту еткен болатын.
Сонымен қатар ол киноларға да түсіп, музыкалық шығармаларымен де танымал болды.
Кездесу соңында Рой Джонс жас спортшылармен естелік суретке түсіп, автограф берді.



