Есірткімен күрестің кешенді іс-шаралары

Бас қалада есірткі қылмысының алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар ұдайы жүзеге асырылуда. Есірткі қылмысы – халықтың денсаулығына, әлеуметтік тұрақтылыққа және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіретін ұйымдасқан қылмыстың ең қауіпті түрі. Астанада есірткінің негізгі көздеріне жасырын есірткі зертханаларында өндірілетін, кейіннен интернет-ресурстар арқылы оңай таратылатын есірткінің синтетикалық түрі жатады.
Елордада құқық қорғау органдарындағы барлық күштер мен құралдар есірткі зертханаларын анықтауға бағытталған. Полиция департаментінің бүкіл бөлімшесінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызының айтуынша, осы жылы арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі бизнесі саласындағы 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Ұсталған адамдар интернет-ресурстар арқылы есірткі сатумен және синтетикалық есірткі жасау жөніндегі бір есірткі зертханасы қызметін жүргізумен айналысқан.
– Есепті кезеңде есірткінің синтетикалық түрлерімен байланысты 698 факт тіркелді. Жыл басынан бері 45 кг 931 грамм синтетика тәркіленді. Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың таралуы туралы ақпаратты қамтитын контентті анықтау үшін біз интернет-кеңістіктің мониторингін жүйелі түрде жүзеге асырамыз, нәтижесінде 1263 есірткі сайты бұғаттауға жіберілді, жалпы сомасы 55 млн 576 мың 147 теңгеге 2564 банк картасы бұғатталды. Жыл басынан бері ҚР ҚК 299-1-бабы бойынша есірткіні насихаттау және заңсыз жарнамалау туралы 13 қылмыстық іс қозғалды, – деді спикер.
Өткен 10 ай мен қарашаның 26-сына дейін Астана қаласының аумағында 1102 есірткі құқық бұзушылық фактісі тіркелсе, оның ішінде 420-сы – қылмыс. Заңсыз айналымнан 461 кг 870 гр тәркіленген. Түрлі есірткінің ішінде марихуана – 275 кг 337 гр, гашиш – 131 кг 299 гр, героин – 0,25 гр, кокаин – 656,05 гр, синтетика – 45 кг 931 гр, каннабис шайыры – 3 кг 906 гр, қарасора өсімдігінің 5 кг 267 гр анықталған.
Биыл 11 наурызда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы заңды күшіне енді, онда есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық мақсатта тұтынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Норма енгізілген сәттен бастап 683 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға қатысты есірткі заттарын пайдалану фактісі анықталды, оның 510-ы қамауға алынды.
– Тек бірлескен күш-жігермен ғана нашақорлық деңгейін төмендетуге және балаларымыз үшін қауіпсіз болашақты қамтамасыз етуге болады. Осыған байланысты Ішкі істер министрі 2025 жылды «Құқық бұзушылықтың алдын алу жылы» деп жариялады. Департамент бастығы бірінші орынбасарының төрағалығымен алдын алу кеңесі құрылды, кеңес құрамына Парламент Мәжілісі мен Астана қаласы мәслихатының депутаттары, медиа-тұлғалар, белгілі спортшылар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Кеңестің негізгі мақсаты – есірткі құқық бұзушылықтардың алдын алу және «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасын іске асыру үшін мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін шоғырландыру, – дейді полиция өкілі.
Шаһарымызда бұл қылмыстың алдын алу үшін «Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы іске асырылуда.
Райхан РАХМЕТОВА



