Еңбек – ердің мұраты

2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, жастарды нақты кәсіпке баулу мақсатында ұсынған еді. Расында, ел экономикасының тірегі – қолмен іс істейтін қарапайым еңбек адамдары.
Қазақта «Еңбек етсең – емерсің» деген қанатты сөз бар. Сол сөздің мәнін өмірімен дәлелдеп жүрген азаматтың бірі – Астана қаласында жиһаз жасап, адал еңбегімен отбасын асырап отырған Мұрат Еркінұлы.
Мұрат – шетелден атажұртқа қоныс аударған азамат. Туған жердің топырағын аңсап, 2006 жылы елге оралған ол бастапқыда тұрмыс қиындығын көп көргенін жасырмайды.
«Бастапқыда тұрақты жұмыс табу оңай болмады. Бірақ қолымнан іс келетініне сендім. Ағашпен жұмыс істеу бала кезден қызығатын үйреншікті кәсібім еді. Сөйтіп жиһаз жасау ісін қолға алдым» дейді ол.
Бүгінде Мұраттың шағын шеберханасы бар. Онда түрлі тапсырыспен үстел, орындық, шкаф, ас үй жиһазын жасайды. Оның қолынан шыққан бұйымдардың сапасы мен әдемілігі жұрттың көңілінен шығып, тұтынушылар тарапынан жақсы баға алып жүр.
«Бар мақсатым – адал еңбегіммен бала-шағамды асырау, елге сіңіп, өз үлесімді қосу. Жиһаз жасау маған тек табыс көзі емес, өнер секілді. Әр тақтайдың жаны бар, әр бұйымның өз әңгімесі бар» дейді шебер.
Мұраттың бұл кәсіппен айналысқанына он шақты жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде ол тек жұмыс тауып қана қойған жоқ, өз ісінің шеберіне айналды. Қазір шәкірт тәрбиелеп, жастарға қолөнердің қадірін түсіндіріп жүр.
– Қазірге дейін оншақты шәкірт тәрбиеледім, көбі өз шеберханасын ашып, тәп-тәуір табыс тауып жүр. Жастар көбіне жеңіл табыс іздейді. Ал қолмен еңбек ету – ең таза, ең қадірлі жол. Адам маңдай терімен тапқан нанының дәмін сезсе, сол ең үлкен бақыт! – дейді ол.
Мұрат сөз арасында қазіргі уақытта көмекші табудың өзі қиындап кеткенін айтады.
«Қит етсе «Қазақстанда жұмыс жоқ, жалақы төмен» деп жамандайды. Шын мәнінде, жұмыс жоқ емес, істегісі келген адамға іс көп. Жас жігіттерді жұмысқа алсаң, көбі 2-3 күн істеп, тайып тұрады. Ал шын ықыласпен, ұқыппен еңбек ететін жан болса, осы шағын шеберхананың өзінен-ақ айына аз дегенде 350-400 мың теңге табыс табар еді. Астананың өзінде жиһаз құрастыратындар тапшы, бұл тым ауыр жұмыс емес қой, жақсы істесең жақсы ақша табуға болады. Басқа ұлттың азаматтары істеген істі біздің жастар да істей алады» дейді ол.
Мұрат шебердің қарапайым өмірінен үлкен өнеге көруге болады. Ол – ешкімге салмақ салмай, өз күшімен биіктеген еңбек адамы.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



