Авиахабты қалыптастыру – басым бағыт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Президент авиахабтарды дамыту көлік-тасымал саласындағы басым бағыттардың бірі саналатынына тоқталды.
– Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бәсекелестік күшейе түсті. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк, негізінен, автомобиль және теміржол арқылы тасымалданады. Бірақ сарапшылар жыл өткен сайын әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалы, яғни «air cargo»-ның үлесі арта түседі деген болжам жасауда. 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20 пайызы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болмақ. Еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальді логистика жүйесін қалыптастыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану қажет екенін айтты.
– Еліміз Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе жолдарының түйіскен тұсында орналасқан. Біз осы ерекшелігімізді барынша тиімді әрі ұтымды пайдалануымыз керек. Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ аймағында транзиттік жүк тасымалына байланысты бәсеке күшейіп барады. Сондай-ақ көлік-логистика саласына инвестиция тартуға қатысты талас қыза түсті. Біз де батыл әрі тиімді шешімдер қабылдауымыз керек. Әйтпесе қолда тұрған мүмкіндік пен артықшылықтан айырылып қалуымыз мүмкін, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі әуежайларда толыққанды авиахаб қалыптастыру – өте өзекті мәселе.
– Әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын айқындап, жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек. Қазір транзиттік карго-трафиктің қосымша құны төмен болып тұр. Жүк тасымалдаушылар көбіне жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Біздің әуежайлар жүкті тиеп-жөнелтуге, жинақтауға аса құлықты емес. Себебі елімізде инфрақұрылым дайын емес. Соның салдарынан транзиттік әлеуетімізді толық пайдалана алмай отырмыз. Осыған орай арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысын қамтамасыз етуіміз керек. Ұсынылатын жеңілдіктер әрбір хабтың ерекшелігіне қарай жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы бағыттағы қордаланған мәселелерді шешуді кейінге қалдырып, тиісті құжат қабылдамай отырған салалық министрліктің жұмысын сынға алды.
Мемлекет басшысы Үкіметке әуе хабтарын дамытудың нақты мәселелерін шұғыл түрде шешу жөнінде тапсырма берді.
– Әуежай қызметіндегі қазіргі тариф саясатын қайта қарауға баса мән беру керек. Соңғы 10 жылда баға бір-ақ рет, яғни биыл ғана өсті. Тарифтерді ұстап тұру инфрақұрылымның тозуына әкеледі. Мұны тәжірибе анық көрсетті. Бағаны қайта қарау қалыптасқан жағдайды өзгертуге кепіл болуға тиіс. Сонымен қатар бағаның күрт көтерілуін болдырмау үшін оңтайландырылған тәсіл қолдану қажет. «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізу алдағы жылдары саланы дамытудың негізгі шарты болуы керек. Қолайлы іскерлік орта құру – стратегиялық міндет. Инвесторларды мұқият тыңдаған жөн. Әуежайлардағы авиациялық емес қызметті шектен тыс реттеу көптеген түйткіл туындатып отыр. Конкурстар арқылы компанияларды іріктеу барысында бюрократиялық кедергі жасауды, келісімдердің мерзімін шектеуді тоқтату керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент авиаотын мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, саланы дамытуда негізгі екі проблема бар. Бұл – бағаның жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.
– Ең әуелі, алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндіріс көлемін арттыру, импортты әртараптандыру керек. Ақылға қонымды бәсекелестік сақталуға тиіс. Реттеу ісіндегі барлық өзгеріс кезең-кезеңімен әрі нақты, отынды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын құрған және отынды сертификаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірге аталған мәселелерді шешу бойынша тез арада кешенді шара қабылдауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда елімізде құрылатын Ұлттық жүк тасымалдаушы әуе компаниясының қызметіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды.
– Отандық жүк тасымалы компанияларын қолдаудың алдағы үш-бес жылға арналған нақты шаралар жиынтығын әзірлеу қажет. Басты мақсат – компанияларды қосылған құнды құруға ынталандыра отырып, мультимодальдық логистиканы дамыту. Әуе кемелері флотын өркендету транзиттік әуе желісін қалыптастырудың маңызды бөлігі саналады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде жүк тасымалдайтын ұшақтардың тапшылығына тоқталды.
– Үкімет құрастырылғанына 25 жылдан асқан жүк ұшақтарына қойылған шектеуді алып тастау мәселесін мұқият қарастыруы керек. АҚШ-тағы FedEx әуе компаниясы ұшақтарының шығарылғанына орта есеппен – 28 жыл. UPS компаниясында бұл көрсеткіш 30 жыл болса, Ұлыбританияның One Air әуе компаниясында 33 жылды құрайды. Мұндай мысалдар жеткілікті, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев авиация саласын цифрландыруға баса назар аударды.
– Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау нарығындағы өзара ықпалдастық «бірыңғай цифрлық терезе» қағидаты бойынша жүргізілуге тиіс. 2019 жылы әуе көлігімен жүк тасымалдау үдерісін жеңілдетуге бағытталған «E-freight» жүйесі іске қосылды. Бірақ бүгінге дейін бұл жүйенің қызметі шектеулі күйінде қалып отыр. Құжаттарды ресімдеуді кешіктіру фактілері бар, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзекті мәселенің бірі – авиация саласына қажетті кәсіби мамандар даярлау.
– Білікті кадрлар болмаса, реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл салада кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Жыл сайын жүздеген маман керек болуда. Осы мәселені шұғыл шешу қажет. Үкіметке кадр даярлау жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Халықаралық білім-ғылым мекемелерімен байланыс орнату қажет. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыратын құзырет орталықтарын құру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көлік және логистика саласын дамытудың стратегиялық мәні зор екенін айтып, бұл мәселені өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Кеңесте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының президенті Косе Гокер баяндама жасады. Сонымен қатар талқылауға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.



