Тетіктерді қайта қарау керек

Инклюзивті саясат көбіне әлеуметтік талап ретінде қарастырылады. Алайда халықаралық тәжірибе көрсеткендей, бұл, ең әуелі, экономикалық тиімділік. Экономикасы дамыған елдерде мүгедектігі бар адамдардың еңбекке, білімге және тұрғын үй нарығына толыққанды қатысуы жалпы ішкі өнімнің 3-7%-ға дейін өсуіне әкелетіні дәлелденген.
Мүгедектігі бар азаматтарға тиімді ипотекалық өнімдер мен қаржылық қолжетімділікті қамтамасыз ету – бұл әлеуметтік қолдау шарасынан бұрын, ел экономикасын ұлғайтуға, әлеуметтік шығындарды азайтуға, салық түсімдерін көбейтуге және жаңа нарық қалыптастыруға бағытталған инвестиция. Осыған орай, бұл санатты тұрғынжаймен қамтамасыз ету тетіктерін қайта қарау қажет.
Біріншіден, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мүгедектігі бар адамдар тұрғын үйді кезек тәртібімен өтеусіз алуға құқылы. 2023 жылы тұрғын үй кезегінде тұрғандардың ішінде I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар 56 мың адамды (8,6%) құрады, алайда бір жыл ішінде бар болғаны 605 пәтер ғана беріліп, бұл кезектегі қажеттіліктің 1,1%-ын жапты. 2024 жылы бұл санаттағы азаматтар берілген тұрғын үй 1537 пәтерді құрады, ал бүгінде үй кезегінде тұрған адам саны 61,4 мыңға жетті (6,2%). Яғни берілетін тұрғын үй көлемі артса да, кезек қысқармай, керісінше, ұлғайып отыр, бұл қолданыстағы тетіктердің жүйелі түрде мәселені шешуге жеткіліксіз екенін көрсетеді.
Екіншіден, қолданыстағы ипотекалық бағдарламалар мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін ескермейді. Мәселен: I және II топтағы азаматтар үшін 7% мөлшерлеме («Наурыз» бағдарламасы аясында) әлі де ауыр. «Бақытты отбасы» бойынша азаматтар төлем қабілеті болса да, өздері қалаған ауданнан, өздері қалаған құрылыс салушыдан тұрғын үй таңдау құқығынан айырылған, тек жергілікті атқарушы орган ұсынған нысандармен шектеледі және ұсынылатын тұрғын үйлердің басым бөлігі сапасы төмен, кедергісіз орта талаптарына сай емес.
Үшіншіден, соңғы жылдары банктердің мүгедектігі бар, ресми табысы жоғары, тұрақты жұмыс істейтін азаматтарға ипотека немесе автокредит беруден бас тартуы жиілеп отыр. Басты себеп: банктердің қарыз жүктемесі коэффициентін (КДН) зейнетақы аударымдары арқылы есептеуінде, ал мүгедектігі бар азаматтар заң бойынша міндетті зейнетақы жарналарынан босатылған. Бұл азаматтарды формалды түрде «төлем жасауға қабілетсіз» етіп көрсетеді, бірақ шын мәнінде бұл дискриминациялық тәжірибе ұлттық экономика үшін де шығын.
Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет қолжетімді тұрғын үйді жеделдетіп іске асыру жоспарын әзірледі, ол «Отбасы банктің» осы бағытқа 500 млрд теңге көлемінде қаражат бөлуді көздейді. Сонымен қатар 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында Amanat партиясы фракциясының бастамасымен 2 пайыздық әлеуметтік тұрғын үй бағдарламаларына қосымша 50 млрд теңге бөлу туралы түзету қолдау тапты. Бұл осы бағыттың өзектілігі жоғары екенін және әлеуметтік бағдарланған тұрғын үй саясатын нығайту қажеттігін дәлелдеді. Осы айтылғандарды ескере отырып, мынадай ұсыныстарымды құзырлы органға жеткізгім келеді:
1) Қолданыстағы тұрғын үймен қамтамасыз ету және жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй төлемдерін субсидиялау тетіктерінің тиімділігіне, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігіне кешенді талдау жүргізу.
2) Мүгедектігі бар I және II топтағы азаматтарға тұрғын үй бөлу кезінде арнайы квота белгілеу мүмкіндігін қарастыру, жыл сайын кезектегі үлестерін 10%-дан кеміту.
3) Мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған «Наурыз» инклюзия жылдық мөлшерлеме – 2%, бастапқы жарна – 10%, мерзімі 19 жылдық жаңа ипотекалық бағдарлама енгізу мүмкіндігін қарастыру.
4) Мүгедектігі бар азаматтар үшін қарыз жүктемесі коэффициентін есептеу тәртібіне өзгерістер енгізу.
Ерлан ӘБДИЕВ,
Мәжіліс депутаты



