Арба сүйреткендер кілті кімде?

Қала мен ауылды, ауыл мен қаланы жалғап пойызбен жолшылап жүрсең, әрбір стансада жүк тиейтін арбасын сүйреткендерді жиі көресің. Алыстан келген ағайынды вокзалдан күтіп алуға бара қалсаң алдыңнан озып шығып, жолаушының жүгіне телміре қарайтындардың қалтасына қаншалықты қаражат түсіп жатыр?
Осыдан бірер күн бұрын «Астана-1» теміржол вокзалынан туысымды күтіп алуға бардым. Оған дейін 3 пойыз тоқтады. Әр вагонның есігін аңдып, қол жүктерін көтеруге көмектесетін «қаһармандар» қаптап жүр. Олардың тұтынушылары да біршама екен. Жол ортасында жолаушы мен жүк тасушы еңбекақыға базардағыдай саудаласып тұр. Неге «абаласып» тұрғанын сұрасам, іркілместен «саудада береке бар» деп жауап қайтарды. Жүгін пойыздан көлігіне дейін жеткізіп беруге әрбір сөмкеге 5000 теңгеден сұрайды. «Кім болсаң ол бол, мына маңқайған бағаға көнесің» дегендей кіжінеді. Аздаған жүкке көп ақша сұрап жүр.
Теміржолдағы мәселе де осында. Кейбір адамдар еліміздің бір қиырынан екінші қиырына осы 5000 теңгеге билет алып келеді. Ал вокзалдан көлікке дейінгі 100 метр жол үшін дәл сондай ақша сұрау – бұл қызмет емес, жолаушыға жасалған ашық мазақ.
Қай уақытта барсаң да сол адамдар. Өзгермейді. Жаңалар кіре алмайды. Неге? Мұның көлеңкелі нарыққа ұқсастығы көп. Арба сүйреткендер тапқан ақша кімдерге бөлінеді? Мұндағы баға неге түспейді? Таңғаларлық жағдай. Теміржол қызметкерлері оларды көреді, бірақ ешкім қумайды, ешкім тоқтатпайды. Байланыс бар ма? Келісім бар ма? «Қарапайым» адамдардың кіре алмайтынына қарағанда, осы сұрақтардың жауабы өз-өзінен айқайлап тұрғандай. Егер осы салада бәсекелестік болса, егер әркім рұқсат алып, ресми түрде жүк тасымалдауға кіріссе баға түсіп, сапа өсіп, сенім де қатар қалыптасар еді. Бірақ біздің теміржолда ондай мүмкіндік жоқ. Бізде бақылау не қатаң тәртіп жоқ. Бізде тек жолаушыны көрсе, қалтасын «жұлып» қалуға дайын ашкөз топ тұр.
Қазақ – ағзам заманнан қонақжай халық. Қонақ күту әдебіміз әдепсіздікке айналып барады. Жерге табан тигізген жолаушыны алқымынан алып, жүгін жүгіре алып кететіндерге тоқтам салу керек-ау…
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



