Елорда тынысы

Тұрғындарды не толғандырады?

Алматы ауданының әкімі Рүстем Тәуекелов Железнодорожный елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.

«Ашық микрофон» форматында өткен жүздесуде әрбір тұрғын өзін толғандырған келелі мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды. Іс-шараға Астана қаласы мәслихатының депутаты Азамат Айтхожин, сондай-ақ жауапты басқармалардың, құқық қорғау органдарының, коммуналдық және сервистік қызметтердің өкілдері қатысты. 2025 жылы тұрғын алапта қалалық ортаны жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Жолдағы шұңқырлар жөнделді, 11 көшеге фрезерлік материал төселіп, жылы аялдамалар жаңартылды, автобустарға арналған айналма алаң абаттандырылды. А1 көшесін реконструкциялау және жол инфрақұрылымын дамыту бойынша жобалық жұмыстар жалғасуда. Биыл Железнодорожный елді мекенінің тұрғындары үшін Керегетас және Т.Әубәкіров көшесінің қиылысында жаңа сквер пайда болды. Сондай-ақ Иманов көшесіндегі сквер жаңартылып, бұл жерге жаңа шағын архитектуралық сәулет туындылары орнатылды, жол жөнделді. 480-нен астам ағаш отырғызылды, ұзындығы 950 метр тротуар салынды.

– 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Алдағы жылы аудан аумағындағы Маяковский көшесіндегі скверді жаңарту, ауланы абаттандыру, Орбұлақ көшесіндегі жаңа балалар алаңын қайта қалпына келтіріп, қосымша ағаш отырғызу жоспарда бар, – деді Рүстем Тәуекелов.

Ауданның қоғамдық көлік қызметі жақсарды. Бүгінгі таңда елді мекенге №15, 15А, 22 және 22А маршруттары қатынайды. 2026 жылдың қаңтарында №76 жаңа бағытты іске қосу жоспарланған. Байланыс және интернет желілері жаңғыртылып, «Транстелеком» АҚ Маяковский көшесінің бойындағы 700-ден астам абонентті жоғары жылдамдықты ғаламторға қосты.

Тұрғын алапта азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында бейнебақылау камералары біртіндеп орнатылып жатыр. Биыл 75 камера орнату жоспарланса, оның 8-і жол бөлігінде, 21-і тұрғын үйлерде орнатылды. Жыл соңына дейін тағы 46 бейнекамера орнату көзделіп отыр. Железнодорожный елді мекені үшін биыл Жабаев көшесі 23/1 үйдің бойындағы газ блокты-модульді қазандықтың құрылысын аяқтау маңызды оқиға болды. Оған 13 тұрғын үй және алты әлеуметтік нысан, атап айтсақ, балабақша, медициналық амбулатория, Bilim Park және мешіт қосылды.

Газдандыру жұмыстары жалғасуда: 446 абонент QAZAQGAZ AIMAQ жүйесіне қосылды. Келесі кезекте дене шынықтыру-сауықтыру кешені 2026 жылы газдандырылады. Құрылысы ұзаққа созылған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жұмыстар қайта басталды, нысанның инженерлік жүйелерін қалыпқа келтіру қолға алынып, шатыр, желдету, ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ғимаратта полицияның тірек пункті, белсенді ұзақ өмір орталығы және халыққа қызмет көрсету орталығы орналасады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button