Бағдары – инновациялық бағыт

Елордамыздың Сарыарқа ауданында орналасқан №106 жалпы орта білім беретін мектеп – заман талабына сай жаңғыртылған, білім мен болашақ тоғысатын жаңа форматтағы оқу орны. Бұл мектеп – тек білім беретін кеңістік емес, әр баланың жеке әлеуетін ашуға бағытталған үлкен даму орталығы. Мұнда оқушылар жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, өз қабілетін танып, шығармашылық және интеллектуалдық мүмкіндігін кеңейте алады. «Келешек мектебі» жобасы аясында ашылған №106 мектептің инфрақұрылымы жаңаша тұрпатта жасалған.
№106 мектептің білім беру процесіне инновациялық бағыт енгізіліп, оқушыларға заманауи талаптарға сай орта қалыптасқан. Мектеп 2024 жылы пайдалануға берілген. Жобалық қуаты – 2000 оқушы (екі ауысымда). Алайда қазіргі таңда мұнда 4604 бала білім алады. Бұл – аталған мектептің сұранысы жоғары әрі сапалы білім беретін оқу орнына айналғанының айқын дәлелі. Мектеп ғимараты 4 қабаттан тұрады және құрылымы үш негізгі блокқа бөлінген: мектепалды даярлық сыныптары, бастауыш сыныптар және орта-жоғары буынға арналған бөлек бөлімдер.

«Оқу орнында 102 оқу кабинеті бар. Олардың барлығы жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған. Химия, физика, биология, география, информатика кабинеттері соңғы үлгідегі жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, тәжірибе сабақтарын жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді. STEM және робототехника кабинеттері оқушылардың инженерлік, алгоритмдік және технологиялық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған. Лингвистикалық кабинеттерде тіл үйретудің интерактивті әдістері қолданылады. Технология (көркем еңбек) кабинеттері де ұлдар мен қыздарға бөлек арнайы құралдармен жабдықталған. Ал шығармашылық бағыттағы хореография залы, кең акт залы, үлкен кітапхана, 4 спорт залы оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашады» дейді мектеп директоры Гүлсан Кеңшілікқызы.
№106 мектепте инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінген. Мектепте 64 ерекше білімді қажет ететін бала оқиды. Оларға психолог, логопед, дефектолог мамандары күнделікті қолдау көрсетеді. Сенсорлық кабинет, арнайы оқу бөлмелері және арнайы техникалық құрылғылар балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасайды. Жас ерекшелігі мен мүмкіндігін ескеретін жеке бағдарламалар тұрақты түрде қолданылады.
Мектептің басты күші – мұғалімдер. Бүгінде оқу орнында 257 педагог еңбек етеді. Олар үнемі білімін жетілдіріп, жаңа әдістемелерді тәжірибеге енгізіп отырады. Цифрлық сауаттылық, жаңа технологияларды сабаққа енгізу, оқушының жеке оқу траекториясын қалыптастыру – педагогтардың негізгі жұмыс бағытының бірі. №106 мектепте сабақтар интерактивті форматта өтеді, электронды журналдар қолданылады, ал робототехника мен STEM бағытындағы жобалар оқушылардың шығармашылық ойлауын дамытады. Бұл мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Білім беру бағдарламасынан жасанды интеллект те тыс қалмаған. ЖИ элементтері барлық сабақта қолданылады, күнделікті сабақтардың тақырыптарына кіріктірілген.
2025-2026 оқу жылында мектеп 1-сыныпқа рекордтық 650 оқушы қабылдады. Ол 26 сыныпты құрайды. Оқушы санының қарқынды өсуі – мектепке деген сенімнің және көрсетілген білім сапасының жоғары болуының көрсеткіші.
№106 жалпы орта білім беретін мектеп – инфрақұрылымы заманауи, технологиялық мүмкіндігі жоғары, білім беру философиясы озық оқу орны. Мұнда әр бала ерекше, әр балаға жағдай бар. Жоба әзірлеу, ғылыми іздену, шығармашылықпен айналысу, тіл үйрену, спортпен шұғылдану – бәрі бір кеңістікте тоғысқан. Бұл мектептен сапалы білім алған бала ертеңгі күнге сеніммен қадам басады. Өйткені бұл – тек мектеп емес, болашақ азаматтардың қалыптасатын ортасы. №106 мектеп – келешекке бағытталған, жан-жақты дамитын тұлғалар даярлайтын білім ордасы.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



