Суырыпсалма суретші

Сурет өнерінде заттың шекараларын сызық қылып түсіретін, портрет-тұлғалардың көрінетін шеттерін сипаттайтын, оған пішін беретін «контур» дейтін бір әдіс бар. Композиция жасаудың көмекші құралы да бола біліп, дара тұрып-ақ суретке қойылатын барлық талаптарды жалғыз өзі көтере де алатын.
Форманы анықтап, көлем қосып және сезім де тудыратын. Сәуле де көлеңке де болмайтын, бояусыз құр сызықтан тұратын. Сонау Леонардо да Винчи, Эгон Шиле, Матисс пен Пикассо шығармаларында молынан көрініс тауып, мынау біздің халықтың қолөнері мен таңбалы тастарында да кеңінен қолданыла беретін. Зергерлердің сымсуырғышынан өткізе созып алған күміс сымдай, орала иіліп, шиыршықтала бүктеліп шебер шіркіннің кәдесіне жарай кететін. Нүкте де бола қалатын, «бітпес» оюға да айналып шыға келетін.
Қазақтың кәсіпқой өнер әлемінде, оның графика саласында да осы бір «контурлық» әдіс суретшілеріміздің сүйікті мәнеріне айналды. Өзіміз өткен заманның графиктері Қожықов, Қисамединов, Смағұловтардың суреттерімен өссек, енді жиырма бірінші ғасырдың алғашқы ширегінде «контурды» жүгірте жетектеп, зар шағына жеткере, өзінің шығармашылық жолында өркендете байытып, одан кең-мол нәтиже көргеннің бірегейі суретші Рәсілбек Естемесов деп білеміз.
***
Оның графикасы бір қараса қарапайым, қаламсапты ала салып, қағазға жүйткітіп, оп-оңай нобай сызып шыға салғандай көрінеді. Алайда Рәсілбек суретшінің әрбір сызғандары – шикі нобай-долбар емес, толыққанды сурет. Өн бойына игілік пен бақыт, үміт пен мінәжат, данышпан мен немере, балалық пен құштарлық, нәзіктік пен ғашықтықты кезек сыйғыза алған жөні бөлек шығарма. Бір демде сырғи сызыла-созыла салынып, болмысына даналықты, сүйкімділік пен мейірімді, балалардың тәтті қылығы мен қазақы юморды қоса сіңдіріп үлгерген ерекше картина. Олардың бойынан суретші қан тамырларының соққаны мен жүйкесінің майда дірілі сезіледі. Онда нәзіктік пен бұла күш қатар жатады. Дала бұлдырығының қауырсынындай жеңіл, әрі балбал тастарының салмағындай ауыр.
Рәсілбек графикасы тола адамдар десек, оны төңіректей біткен төрт түлік те, ою-өрнек те өз үйлесімін жазбай тауып, жаңағы адамдармен сәтте туысып кете барады. Әулие ағашы да, тоғымы мен тұмары да жарасты. Сыбызғысы ойнақы, қобызы сазды. Картинадан сырға үні естіледі, шолпы сыңғырлайды. Алып бір апорттың үстіне шығып алып Адам ата мен Хауа ана сырласады. Көктем туады, шие гүлдейді. Содан соң ай асты, жер үсті қамсыз тыныштық орнайды. Еміс-еміс бесік тербеле ме, балық шолп ете ме? Үкі дыбыссыз ұша ма, үнсіз жұлдыз аға ма?
Рәсілбек сызықтарының ұлылығы – оның соншалық қарапайым екендігінде. Сөйте тұрып суретші контурының өн бойында жататын ұлттық тамырдың кім көрінгенге таптырмайтындығында. Сонау Күлтегін тас тұғыры, Тасбақадан бастау алатын шығармашылық қуатын еш суретшінің қайталай алмайтындығында. Сол сызықтар әрі кескіндеме, әрі пішін, әрі мүсін жүгін көтеріп тұрған жоқ па, оны кім қайталай алыпты? Сол сызық қалпымен-ақ құпия жүк көтеріп, ішіне беймәлім сыр бүгіп, шешімін таптырмас жұмбаққа айналып тұрған жоқ па, оны кім шеше алыпты?
Рәсілбек суретші өз суреттерін қалай салды? Рас, оңай салды. Аса бір үлкен жылдамдықпен, ыждаһатпен, аса бір үлкен салмақпен, халқымыздың бүкіл рухын шығармаларына демдей дарыта салды. Қолынан шыққан бүкіл картинасын композиция дейтін, көрер көзге көрінбейтін қуатпен шебер көмкеріп, жеріне жете дәл қамтылады. Онда ақтың қараға деген, симметрияның ассиметрияға, қалыңның жұқаға, иректің түзуге, сызықтың даққа, топтың жалқыға, терінің талқыға деген қарама-қайшы қатынасы шебер өріледі. Шашырамайды, тұтастыққа еш нұқсан және келмейді. Картина біткен тас түйін, жұп-жұмыр қалпымен көруші назарынан өтіп, жан дүниесіне сіңіп кетеді. Жанына түсіп жай табады.
Ол өзінің сүйікті әдісін гобелен мен ыдыс-аяққа, үй қабырғалары мен мүсінге де апарып сынады. Негатив, позитив қылып, құбылтып та көрді. Контурының ту сыртын штрихтап, су бояу, гуашьпен де жазып көрді. Суретші құралдарының бойында бұғулы жатқан бар мүмкіндігін өз қолтаңбасын кемелдендіре беруге жұмсады. Бірақ бәрібір контур шіркін қашанда өзгеден бөлек қалпымен андағайлап, менмұндалап тұрады. Дегдар да дара тұрады.
***
Суретшінің қолынан шыққан жанды сызықтар көрген елді тәнті етіп, толқыта да білді. Шығармасын шын түсінгендер көрмесін шыр айналдырып, жалықпай көре беретін дауаға, шеберханасына сан мәрте бұрылып келіп соғатын жан рахатына айналдырды. Тілі тұшымды, көкірегі даңғылдар адамның аузына түсе бермес теңеулер айтып, құлаштап мақалалар жазды. Альбом-каталогы басылды. Шығармасынан докторлық диссертациялар қорғалды. Өнертанушылар да сырт қалмай, суретшінің сандаған көрмелерін өткізді. Өзі кәсіптестері мен суретшілерінің құрметіне бөленді…
Суретшінің қу жанына бұдан артық не керек десек те, Рәсілбек суретшінің ішін кеулеп жататын, жанын жай таптырмайтын бір ашқарақтық бар, ұзақты күн, айлап-жылдап сурет сала беру дейтін.
«Ашқан кен орныңыз» көзіңіз тіріде түгесілмегей дейміз. Кейіпкерлердің басында қонып, әмсе қонып құс отырады, сол құсыңыз ұшпағай дейміз. Бақыт құсындай болып.
Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші



